Әлем • 16 Мамыр, 2017

Украина бірқатар ресейлік сайттарды бұғаттады

126 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Украина билігі ресейлік компанияларға, соның ішінде «ВКонтакте» мен «Одноклассники» әлеуметтік желілеріне, Mail.Ru Group холдингі мен «Яндекс» компаниясына қарсы санкция қабылдады. Аталған жарлық Украина президентінің сайтында жарияланды, деп хабарлайды BBC-дің ресейлік қызметі.

Украина бірқатар ресейлік сайттарды бұғаттады

Провайдерлерге жоғарыда аталған интернет ресурстарды, сондай-ақ ABBYY электронды сөздік баспасының, «Лаборатория Касперского» және DrWeb антивирустық компанияларының сайттарын бұғаттауға тапсырма берілді. 
Бұдан бөлек, РБК, «ТВ Центр», ВГТРК, «НТВ Плюс», ТНТ және «Звезда» телеарналарының көрсетіліміне тыйым салу мен активтерін бұғаттауды қарастыратын санкциялар қабылданды. 
Сондай-ақ Украина президентінің жарлығымен санкцияға ілінген жеке тұлғалар тізімі кеңейтілді. Осылайша, Украинаның «қара тізіміне» барлығы 1228 адам мен 468 компания кірді. 
Атап айтқанда, санкцияға «Единая Россия» партиясының депутаты Алексей Журавлев, КПРФ депутаттары Владимир Родин, Владимир Бессонов, Александр Куликов, ЛДПР депутаты Алексей Диденко, «Справедливая Россия» партиясының депутаттары Михаил Брячак пен Олег Пахалков ілінді. 
Айта кетейік, бұған дейін ақпан айының ортасында Украинаның ішкі істер министрлігі «ВКонтакте» мен «Одноклассники» ресейлік әлеуметтік желілеріне тыйым салуға шақырған болатын. 
Ведомство басшысының кеңесшісі Зорян Шкиряктың айтуынша, бұл ресурстар Ресей арнайы қызметінің толық бақылауында. 
Gemius сараптама компаниясының мәліметі бойынша, Украинада «ВКонтакте» әлеуметтік желісін 5,4 млн адам қолданса, 3 млн адам – «Одноклассники» және 2,1 млн адам «Фейсбук» қолданушылары болып табылады. Бұлар Украина интернет кеңістігіндегі пайдаланушылары ең көп он сайттың қатарына кіреді.