26 Тамыз, 2011

Бағдарламадағы басым бағыт

417 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Өткен сәрсенбі күні Денсаулық сақтау министрлігінде Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаевтың төрағалық етуімен Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінің 15-ші отыры­сы болып өтті. Кеңес отырысында со­зылмалы инфекциялық емес ау­ру­лардың алдын алу және темекі шегуді, алкогольді ішімдіктер ішуді азайту, дене шынықтыру және дұрыс тамақтану бойынша сектор­ара­лық ынтымақтастық рөлін арт­тыру сынды мәселелер тал­қыланды. Ербол Орынбаев ең алдымен кеңес отырысында көтеріліп жат­қан мәсе­лелердің аса жауапты екеніне тоқ­тал­ды. Оның ай­туын­ша, Қазақстан хал­қы­ның денсау­лығына байланысты мәсе­ле­лер­дің көбі азаматтардың өзде­ріне атүсті қарайтындығынан туын­дап отырған көрінеді Үкі­мет басшысының орынбасары өз сөзінде: «Инфекциялық емес аурулар мә­селесі қазіргі уақытта бү­кіл әлем үшін аса өзекті бо­лып отыр. Алдағы қыркүйек айының 19-20 күндері Нью-Йорк­те жоғары деңгейде инфек­ция­лық емес аурулар жөніндегі ға­лам­дық саммит өтпекші. Бұл бас­қосуда да инфек­циялық емес аурудың негізгі төрт түрі, атап айтқанда, жүрек-қан тамырлары, қатерлі ісік, созылмалы өкпе және қант диабеті  міндетті түр­де сөз болуы тиіс», деді. Ол сондай-ақ министр­ліктер мен ве­домстволардың және жергілікті атқарушы органдардың ты­ғыз байланыста болуы қажеттігін на­зарға салып, «Саламатты Қа­зақ­стан» бағдарламасының сәтті жүзеге асырылып жатқандығын да тілге тиек етті. Соңғы жылдары Мемлекет бас­­шы­сы Қазақстан халқының денсаулығына мейлінше көп кө­ңіл бөліп отыр­ған­дығы белгілі. Соның нәтижесі оң өзге­ріс­тер әкелуде. Бұған нақты мы­­сал келтірер болсақ,  биыл елі­міз бойынша бала туу көр­сеткіші 25 пайызға өсіп, өлім 11 пайызға азайған. Ал өмір сүру көр­сет­кіші 2 жылға артқан екен. Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова  өз баян­дамасында Қа­зақстанда қант диа­бетінен қайтыс бол­ғандар саны 24,7 пайызға азай­ға­нын, ал бұл дерт елімізде 100 мың адам­ға шаққанда 6,7 пайыздан келетіндігін айтып, жұқпалы емес ауру­лар­дың 60 пайызының бетін қайтаруға болады.  Темекі шегу, алкогольді ішімдікті пайдалану, қандағы холестериннің шектен тыс көп болуы, семіздік, жеміс-жидектер мен көкөністерді аз пай­далану және дене шынық­ты­ру­мен айна­лыс­пау сынды жағ­дайларда жоғарыда аталған дерт­ке адам тез шалдығады деді министр өз сөзінде жұқпалы емес аурулардың кең таралмауына және олардың алдын алу жө­нін­дегі сақ­тық әрекеттерге арнайы көңіл бөлді. Барлық мәселенің түйіні «Са­ламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырумен байланысты екендігіне тоқтал­ды. Саламатты өмір салтын қа­лыптастырған кез келген жан ауруға шалдықпайды. Сол себепті де ауырып ем іздегеннен, ауырмайтын жол іздеген әлде­қайда тиімді деді. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.