Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің тарихы 1851 жылы Лондон қаласында өткізілген «Барлық халықтардың өнеркәсіптік еңбектерінің ұлы көрмесінен» бастау алған. Лондонда алғашқы дүниежүзілік көрмені өткізу үшін барлық көрме қойылымдары орналастырылатын бір ғимарат қажет болды. Осы мақсатпен сол кездегі құрылыс және сәулет өнерінің ең озық үлгісі болып табылатын – Хрусталь сарайы салынды. Хрусталь сарайы бүкіл әлем техника жетістіктері алдында бас иетін, жаңа қоғам құлшылық ететін жаңа сенім ордасы ретінде тұрғызылды. Лондонда басталған сол техникалық және технологиялық жаңалықтарға деген ұмтылыс үрдісі халықаралық көрме шежіресінде күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Иә, бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі өзінің 166 жылдық тарихында өркениет шежіресіне алтын әріптермен жазылған сәулет өнерінің небір жауһарларын қалдырды. ЭКСПО мұралары – Лондондағы Хрусталь сарайы, Париждегі Эйфель мұнарасы, Париждегі Александр ІІІ көпірі, Лион вокзалы, Венадағы Ротонда – әлемдегі ең үлкен күмбез астындағы павильон, Мельбурндегі патшалық көрме павильоны нақ осындай адамзаттың мәңгілік өнер ескерткіштері болып табылады. Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме қалашығында да әлем ғажайыптарының санатына қосылатын ЭКСПО мұрасы – көрме символына айналатын нысан бой көтерді. Ол ұлттық бас павильон ғимараты – Сфера.
Ұлттық бас павильон ғимараты –Сфера әлемдегі ең үлкен сфералық (барлық нүктелері орталықтағы нүктеден бірдей қашықтықта болатын тұйық шар) ғимарат болмақ. Оның диаметрі 80 метрді құраса, биіктігі 100 метрді құрайды. Сфера сегіз қабаттан тұрады. ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастырушылардың жобасы бойынша Сфераның әрбір қабаты балама электр қуатының бір түрін көрсететін болады. Атап айтар болсақ, бірінші қабатта гидроэнергетиканың, екінші қабатта күн энергетикасының, үшінші қабатта жел энергетикасының, төртінші қабатта биоэнергетиканың және басқа қуат көздерінің жетістіктері көрініс табады.
«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» акционерлік қоғамы мамандарының айтуынша, ғимараттың сыртқы қасбеттерін қаптаған шыны материалдары фотоэлектрлі қабыршықтармен әрленген. Сөйтіп, ғимараттың сыртқы қабаты күн энергиясын тұтынып, оны электр энергиясына айналдырады. Ал ғимараттың үстіңгі қабатында екі жел генераторлары орналастырылған. Ғимараттың сыртқы пішіні жан-жақтан соққан желді бір арнаға бағыттап, жел генераторларының жұмысын жүйелеп отыруға арналған. Сөйтіп, ЭКСПО-2017-нің «Болашақтың энергиясы» атты негізгі тақырыбына сай ұлттық бас павильон ғимараты толықтай күн және жел энергиясымен жұмыс істейтін болады. Түнге қарай Сфера ғимараты түрлі-түсті түрге еніп, сансыз сәулелермен құлпырады. ЭКСПО-2017 көрмесінің жалауы желбірейтін күндері Сфера ғимаратының айналасы қызылды-жасылды жарық шашатын шоуға айналады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»