Үкімет • 17 Мамыр, 2017

Міндеттерді жүзеге асыру жалғасады

178 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бірнеше мәселе талқыланды. Биылғы жылдың 4 айындағы еліміздің экономикалық өсу көрсеткіштері қорытындыланып, ветеринарлық қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ, Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны іске асыру жайы қаралды.

Міндеттерді жүзеге  асыру жалғасады

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов өз саласы бойынша 4 айдың қо­рытындысын баяндады. Министрдің мә­ліметінше, экономиканың басым салаларында біршама өсім бар.  Мәселен, қаңтар-сәуір айларында ІЖӨ өсімі 3,7%-ды құраған.

«ІЖӨ оң динамикасы кен және өңдеу, құрылыс және қызмет көрсету саласының нақты өсімімен айқындалады. Кен өнеркәсібі салаларында көмір мен қоңыр тас көмір, мұнай, табиғи газ алу көрсеткіштерінде оң динамика сезілді. Негізгі өңдеу сег­мент­терінде де, атап айтқанда, мұнай өңдеуде, фар­­мацевтикада, металл емес минерал өнді­рі­сінде, металлургиялық өнімдерде және машина жасау­да жандану байқалады», деді Т.Сүлейменов.

Сондай-ақ, ол агроөнер­кәсіп­тік кешенде ауылшаруашылық өнімінің жалпы өндіріс көлемі өзгерістерге ұшырамағанын және 2,9% көрсеткішінде сақталып қалғанын атап өтті. Сонымен қатар, құрылыс саласында да өндіріс көлемі 6,1%-ға артып, оң динами­ка сақталғанын жеткізіп, қазір Павлодар, Жам­был облыстарында және Астанада жұмыс қар­қынды жүргізіліп жатқанына тоқталды.

Ұлттық экономика министр­лігінің мәлі­меттерінше, 4 айда көрсетілетін қыз­меттер өндірісі 1,9% өсті. Сондай-ақ, секторлар бойынша сауда-саттықта және ақпарат пен байла­ныста өсім байқалады, көлік және қойма қызметі саласының даму көрсеткіштері  3,5%-ға артып, ал жүк айналымы 5,9%-ға, жолау­шылар айналымы 3,2%-ға өскен.

Бұл ретте Премьер-Министр әзірге «оң көрсеткіш бар екен» деп арқаны кеңге са­луға болмайтынын тағы бір еске салды. «Қо­ры­тындыдағы мәліметтер жалпы жаман емес, бірақ 4 айда болған жетістіктер бізді босаң­сытпауы керек. Негізгі жұмыс екінші жар­тыжылдықта басталады. Сондықтан барлы­­ғымыз­ға – орталық және жергілік­ті атқа­рушы органдарға Мемле­кет басшысы қой­ған міндет­терді жүзеге асыруды жалғас­тыру қажет. Осы орайда, Инвес­тициялар жә­не даму министрлігі өңдеуші өнеркәсіптегі қа­лыс қалып келе жатқан салалардағы жағ­дайды түзетуге көңіл аударуы тиіс», деді Үкі­мет басшысы. Аталған жұмыстарды үйлес­тіруді өзінің бірінші орынбасары А.Ма­минге тапсырды.

Үкімет отырысының күн тәртібіне бе­кі­тілген – Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның сақталуы мәселелеріне байланысты іс-шаралар жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Та­мара Дүйсенова баяндады. Айта кетсек, 2015 жылы Қазақстан «Мүгедектердің құ­қық­тары туралы» конвенцияны ратификациялап, мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты халықаралық стандарттарды енгізу бойынша міндеттемелерді қабылдаған болатын. Сонымен қатар, Конвенция норма­ларын жүзеге асыру мақсатында Қазақ­стан Республикасының «Мүгедектердің құқық­тарын қорғау бойынша Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.  Міне, осындағы нормаларды жүзеге асыру мақсатында елімізде қолға алынған жұмыстар жайы айтылды.

Министр алдымен мүгедек­тердің құ­қық­тарын әлеуметтік қорғау жүйесінің басты қағидаты мүгедектерді әлеуметке кірік­тіру болып табылатынын атап өтті. «Бұл тұста басымдық көлік және әлеуметтік инфра­құрылым нысандарында қолжетімді ортаны құру болып табылады, онда бас­ты тетікпен мүгедектер үшін аса жоғары маңызға ие 36 мың нысанға паспорттау жүргізу мен оларды бейімдеу айқындалған», деді министр.

Т.Дүйсенованың айтуынша, осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдар жоспарлаған 31,1 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының ішінде 28,9 мың (80,3%) нысанда пас­порт­тау жүргізілген. Паспорттаудың мақ­саты толыққанды әрі сенімді ақпаратты анық­тау, сонымен қатар мүгедектер үшін әлеу­меттік инфрақұрылым нысандарының қол­жетімділік деңгейін бағалау болып табылады. Мүгедектердің қажеттіліктері үшін сәу­леттік ортаны қалыптастыру қолже­тім­ділік, қауіпсіздік, ақпараттылық және жайылылық критерийлері бойынша іске асырылады.

«Қазір елімізде 35 мүгедек жан облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттығына сайланған. 37 мүгедек облыс, аудан және қала әкімдерінің кеңесшісі болып қызмет атқарып жүр. Үкімет және облыстық әкімдік жанынан қоғамдық бірлестіктерге мүшелік ететін мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласы бойынша үйлестіру кеңестері құрылып, жұмыс істеп жатыр», деді министр. Сондай-ақ, ол Статистика комитеті жүргізген зерттеу бойынша, мүгедектігі бар азаматтардың 46,3 пайызы Қазақстан халқының мүгедектік проблемасына деген көзқарасын оң бағалағанын айтып өтті.

Мәселені талқылау қорытындысында Үкімет басшысы елімізде мүмкіндігі шек­теу­лі жандардың қолайлы өмір сүруіне бар­­лық жағдай жасалу керектігіне баса назар ау­дарып, оған қатысты барлық шара­лар шеші­мін табуы тиістігін жеткізді, соған орай, құзырлы мекемелерге тапсырма жүк­теді.

Үкімет отырысында қаралған тағы бір мә­селе – ветеринарлық қауіпсіздікті қамта­масыз ету жұмыстары жөнінде Ауыл шаруа­шы­лығы бірінші вице-министрі Қайрат Айту­ғанов баяндады. Ол 2017 жылдың басынан қой шешегі, лейкоз, вирустық диарея мен эпизоотиялық лимфангит секілді аурулар бойынша эпизоотиялық жағдайларда тұрақтылық байқалатынын мәлімдеді. Қ.Ай­туғановтың айтуынша, биыл мал ау­ру­ларының 36 пайызға төмендеу динамикасы байқалған. 2016 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша мал ауруының жалпы 36 ошағы тіркелсе, биыл 23 болып отыр.

«2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ті дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында ветеринарлық заңнаманы өзгерту жобасы әзірленуде», деді Қ.Айтуғанов. Сондай-ақ, ол 2017 жылы малдарға 17 аса қауіпті ауруларға қарсы 149,3 млн екпе жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын атап өтті. Қазіргі таңда 37,5 млн екпе жұмыстары жүргізілген, бұл өткен жылдағы деңгеймен салыстырғанда 34%-ға жоғары көрсеткіш. 2017 жылы 70 млн диагностикалық зерттеулер жүргізу жоспарланған, бүгінде олардың 15 млн зерттеуі жүргізілген.

Елімізде барлығы 2,6 млн-нан астам ІҚМ, 3,8 млн бас ҰҚМ, 150 мың шошқа, 18 мың жылқы және 31 мың түйеге диагностикалық зерттеулер жүргізілген.

Қ.Айтуғанов отандық мал шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару бойынша жұмыс жайын да баяндады. Ол арнайы әзірленген Экспорт бойынша жол карталары шеңберінде импорттаушы елдер – ҚХР, Иран, Израиль, Сауд Арабиясы, БАӘ және Кувейт талаптарына сәйкес отандық регламенттер мен сертификаттарды үйлестіру бойынша шаралар қабылданғанын баяндады.

«2017 жылдың сәуірінде қытай­лық сарапшылар ветеринар­лық қызмет аудиті мен Қазақ­стан кәсіпорындарына тексеру жүр­гізді, оның негізінде Қытайға асыл тұқымды жыл­қылар мен омарта шаруашылығы өнім­дерін экспорттауға рұқсат алынды. Жыл соңына дейін қытайлық нарыққа мұзда­ты­л­ған қой етін жеткізу бойынша талаптарды келісу жоспарланған. Сондай-ақ, салқын­да­тылған қой етін экспорттау бойынша жұмыс жалғасуда», деді бірінші вице-министр.

Қ.Айтуғановтың мәлі­метін­ше, қазіргі таңда Иранға қой еті мен тірі қойларды экспорт­тауға ветеринарлық талаптарды келі­­су аяқталып қалды. БАӘ-мен ірі және ұсақ қара мал, тауық жұ­мыртқасын экспорт­тау үшін ветеринарлық сертификаттар ке­лісілген. Сондай-ақ, ол бұған дейін Халық­аралық эпизоотикалық бюро (ХЭБ) еліміздің 9 облысын, айталық, Ақмола, Ақтөбе, Аты­рау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай облыстарын аусыл бойынша қолайлы аумақ деп танығанын, ал қалған 5 облыс бойынша өткен аптада ХЭБ сарапшылары тексеру жүргізгенін жеткізді. Тексеру қорытындысы 2017 жылғы 25 мамырда ХЭБ Бас ассамблея­сында қаралмақ.

Премьер-Министр Б.Сағынтаев ветери­нарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы тыңдаған соң, Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне өңірлердің әкім­дерімен бірлесіп ветеринарлық алдын алу шараларын, соның ішінде екпе жұмыс­тары мен диагностика жасау шараларын уақ­тылы жүргізуді, ел өңірлерін қажетті ветери­нарлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алуды тапсырды.

Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»