Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова жұмыс сапарымен Қарағанды облысында болды. Жұмыс сапарының басты мақсаты – «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асу жайымен танысу.
2011 жылдың 1 шілдесінен бастап, Қарағанды облысында тұрғындарды жұмыспен қамтудың 19 орталығы жұмысын бастады. Олардың міндеті бағдарламада көзделген мемлекеттік қолдау шаралары аясында азаматтарды сапалы қызметпен қамтамасыз ету болып табылады.
Премьер-Министрдің орынбасары мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жұмыс сапары барысында Осакаров ауданындағы жұмыспен қамту орталықтарының бірінде болды. Онда қонақтар жұмыс кабинеттерін көріп, компьютерлік жүйе жұмысымен танысты, келушілермен пікірлесті.
Жұмыс сапары одан соң Теміртау қаласында жалғасын тапты. Мұнда Ербол Орынбаев, Гүлшара Әбдіхалықова және Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов «NORD Пром НС» ЖШС-да болды. Ағымдағы жылдың мамыр айында осы зауытта Индустрияландыру картасына енгізілген бетоннан жасалған темір жол шпалдарын шығаратын инвестициялық жоба іске қосылған болатын.
Қарағандыда лауазымды меймандар «Гиппократ» МФ ЖШС мен Қарағанды политехникалық колледжіне барып, жұмыс жағдайымен танысты. Бұл мекемелер де жоғарыдағы «NORD Пром НС» ЖШС сияқты «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының белсенді қатысушылары болып табылады. 2010-2011 жж. «Гиппократ» ЖШС-нің «Қалпына келтіру, емдеу және медициналық реабилитация орталығын жаңғырту мен жабдықтау» жобасының несиесі субсидияланды. Бұл медициналық қызметкерлер үшін жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді. Ал, политехникалық колледж болса бүгінгі таңдағы сұранысқа ие мамандықтарға оқытатын оқу ордаларының бірі болып табылады.
Айта кету керек, ағымдағы жылы Қарағанды облысына жоғарыда аталған бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 6 млрд. 464 млн. теңге бөлініп отыр.
«Егемен-ақпарат».