Белгілі түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлы 70 жастың белесіне шықты. Мерейтой иесін құттықтай отырып, оның шығармашылық жолы мен кісілік болмысы туралы жазылған мақаланы ұсынамыз.
Қаржаубаймен алғаш мені сырттай таныстырған досым Ақселеу Сейдімбек еді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта тұсы. Онда Ақселеу ғылыми-танымдық «Білім және еңбек» (кейін «Зерде») журналының бас редакторы болатын. Мен «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі едім. Әлі есімде, түскі үзіліс кезінде маған Ақселеу келді. Қолында орай бүктеген қомақты қағазы бар. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін қолындағысын маған ұсынып:
− Мә, мынаны оқып көрші, – деді.
«Бұл не?» деген сұраулы кейіппен оған таңдана қарадым да, қағазды алып, бүкпесін жаздым. Журналдың кезекті бір санына дайындалған материал екенін бірден сездім. «Тастар сөйлейді» деген тақырып қойылған 7-8 беттік мақала, соңына тастан қашалып жасалған бөрілер мен арқасына әлдебір жазуы бар биік тақтайша тас арқалаған тасбақалар әр қырынан түсірілген 5-6 фотосурет тіркелген. Мына қылығына іштей таңданғаныммен, ештеңе демей, әйтеуір тегін емес, бір сыры бар екенін аңғарып, үнсіз мақаланы зер қойып, оқуға кірістім. Оқып болдым да, сәл үнсіз отырып, сұраулы пішінмен Ақселеуге қарадым.
− Қалай екен? – деді ол біртүрлі тағатсыздана.
− Біздегілерге қарағанда, аяқ алысы басқашалау ма, қалай... Маған жаңалықты ойы басым, өзіндік ғылыми жаңа тұжырымы бар, соны дүние секілді көрінді, – дедім.
− Дәл солай, дұрыс айтасың, − деді Ақселеу балаша қуана жымиып. Шамасы менен осындай жауапты, өзін қолдауды күткен секілді. Шешіле сөйлеп кетті.– Авторы Қаржаубай Сартқожа деген моңғолиялық бауырымыз. Сонда туып, сонда өскен. Алматыға бір келгенінде танысып едім. Біраз болды, хат жазысып тұрамыз. Мен бірдеңе білсем, үлкен түркітанушы ғалым болғалы тұрған азамат. Көрдің ғой, мына шағын мақаласының өзінде қаншама жаңалықты ой айтылған. Түріктің көне жазуын зерттеген біз білетін ғалымдардың бәрі, сонау В. Томсеннен бастап, Орхон-Енесей бойындағы тасқа қашалып жазылған жазуларды көзімен көрмеген, қолымен ұстамаған, тек қағазға түсірілген көшірмесімен ғана жұмыс істегендер ғой. Ал мынаның артықшылығы сол, қаршадайынан аңыр тастарды аралап, қағандар құрметіне тұрғызылған кешендерді саралап, сондағы әр таңбаны қолымен сипап, көзімен көрген, өз қолымен көшіріп, қағазға түсірген. Байқадың ба, тас жазулар мен таңбалардың жайын етене білетіндігі әр сөзінен байқалып тұр емес пе. Қанша дегенмен, тарихын тасқа жазып, ұрпағына мұра еткен ұлы бабалардың Рухы сіңген топырақты жалаңаяқ басып, бойына сіңіріп өскендіктен бе, өзінде зерттеп отырған тақырыбына деген ерекше бір іңкәрлік құлшыныс бар, Рух бар. Тағы бір ерекшелігі өзі мейлінше ұлтжанды жігіт.
Көңілі құлағанның қадірін асырып, қасиеттей білетін әдетімен Ақселеу бұдан әрі бейтаныс жігіттің бағасын көтерер білім-білігіне, тындырған істеріне қатысты біраз жайларды аса бір сүйіспеншілікпен әңгімелеп берді. Әсіресе, оның айлап дала кезіп, тау-тасты аралап, экспедицияға шығып, одан қолы босаса, сирек жазбалар қорындағы көне мәтіндерге үңіліп, жұмысбасты болып жүргеніне қарамай, Баян-Өлгейдегі бауырлар атынан Моңғолияның Ұлы Құрылтайына депутат болып сайланып, қазақ тілін моңғол мемлекетінің екінші тілі ету үшін күрескенін сүйсіне, шабыттана айтқаны әлі есімде.
Ақаңның бір кезде осылайша беріле мақтап, құрметтей таныстырған осы Қаржаубайымен арада он жылдан астам уақыт өткеннен кейін тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасында кездесіп, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бірге қызмет істейміз деп ол кезде кім ойлаған. Бәрі тәуелсіздіктің арқасы ғой.
Кейін білдім, Қаржаубайдың елге келуіне де, университетке қызметке орналасуына да Ақселеу септігін тигізіпті. Университет ректоры Мырзатай Жолдасбековке сырттай жете таныстырып, Моңғолиядан арнайы шақырттырып алдырыпты. Обалы нешік, Мырзекеңнің өзі де түркітанушы ғалым ғой, Қаржаубайдың қарым-қабілетін бірден байқап, қолдан келген бар жақсылығын аяған жоқ. Жеделдетіп үйін әперді, арнайы зертханасын ашып берді. Ақселеу екеуміз де сырттан келген азаматтың бөтенсімей, жаңа ортаға кірігіп, алаңсыз еңбек етуіне мүмкіндігімізше көмектесіп бақтық. Осыған орай Қаржаубайымыз да киімнің ішкі бауындай, адамға жақын, әріптестерімен тез тіл табысатын, оңқай асықтай ілкімді жігіт болып шықты. Бірден жұмысқа бел шеше кірісіп кетті. Өндірте еңбек етті.
Қаржаубаймен жиі кездесіп тұрамын. Сондай кезекті бір кездесуде сырласып отырғанымызда Қаржаубай «мені адам қылған анамның бір ауыз сөзі ғой» дегенді айтып қалды. Мен таңырқай жүзіне қарадым. Ол толқыған ішкі сезімін баса алмай біраз үнсіз отырып барып, маған беймәлім өзінің өмір жолын тарқатты.
− Мен әкемнен жастай айырылып, анамның тәрбиесінде, бір үйдің еркесі болып, қайыру көрмей өстім, – деп бастады ол әңгімесін. – Тентек болдым. Анамның ағайынға, туыс-туғанға сыйлы, ерекше қадірлі кісі болғандығынан шығар, ауылдастарым да менің тентектігімді көтеріп, бетімнен қаққан емес. Құдайдың берген бір абыройы, оқуды да жақсы оқыдым. Алға қойған нақты мақсатым болмаса да, мен де жоғары оқуға түсуге ертең жүремін деген күні анам қасына шақырды. «кел, балам, мында отыр», деп алдында жатқан көрпешені нұсқады.
Мен «бірдеңе боп қалды ма?» деген оймен анамның жүзіне қарап едім, біртүрлі мейірімді шуақ төгіліп тұр екен. Бірден жайылып сала бердім.
− Жолға дайындалып жатырсың ба? – деп сұрады. Мен басымды изедім. − Дұрыс, жолың болсын! − Анам толқи үн қатты. − Ертең жол жүрерде қарбалас болады ғой деп, оңашада аналық аманатымды айтайын деп әдейі шақыртып отырмын. Дұрыстап тыңда, әр сөзімді санаңа құйып ал, − деді. Үнінде жаңағы толқу жоқ, сабырлы да салмақты леп бар. − Үйден алғаш сыртқа шығып, қалың моңғолдың ортасына бара жатырсың. Алда тағдырыңның саған қандай сый тартатынын білмеймін, бірақ қайда, қандай жағдайда жүрсең де, өзіңнің қазақ екеніңді, текті халықтың ұрпағы екеніңді жадыңнан шығарма! Қазақ екеніңді мақтан тұт! Әрқашанда Ұлы бабаларыңның рухына сай тектілік мінез танытатын бол! Бұл – бірінші аманатым.
Артыңдағыны санама, алдыңа қара. Мақсатың зор болсын. Ер азаматтың өмірлік серігі – кәсібі. Кәсібіңді таңдай біл және оған өле-өлгенше адал бол! Сонда халқыңа пайдаң тиеді, қатарыңда қадірің артады. Бұл – екінші аманатым.
Қазақ деген қабырғалы ел едік, тағдырдың жазумен үшке бөліндік. Ең негізгі атажұртың орыстың боданында, басында темір ноқта. Құдайдың ерекше бір құдіреті болмаса, ол ноқтадан енді босау жоқ. Екінші мол бөлегі қытайдың бодандығында, басында кендір ноқта, замана суы тиген сайын ширыға қысып, тынысыңды тарылта береді. Одан да құтылу екіталай. Үшінші бөлегі моңғолдың бодандығында. Ол – біз. Басымызда жіп ноқта. Сәті келсе, бұл ноқтаны үзуге де болады, қайта жалғауға да болады. Орыстар мен қытайға қарағанда моңғолдар өзіміз сияқты көшпелі халық қой. Қалай дегенде де, мұнда күнелту жеңілірек. Бірақ «ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деген аталарың. Үмітсіз – сайтан. Үміт үзуге болмайды. Құдайдан құдай болып, темір ноқтаның талқаны шығып, қазақ елі азаттыққа жететін заман болса, мұнда жағдайым жақсы екен деп жүріп қалма, қанат байлап, Атажұртқа ұш. Ұрпағыңды ата-баба рухы сіңген қазақ даласына жеткіз. Бұл – менің үшінші аманатым. Менен туған ұл болсаң, осы айтқандарымды орындауға серт байла.
Қандай бір тентектік жасасам да ұрсып, жекіп көрмеген, айналайыннан басқа ақыл да айтпайтын кеңпейіл, мейірбан, момын анамның бұлайша түйдектеп ой тоғытып, түйіле сөйлеуі маған ерекше әсер еткені сондай, жан дүнием төңкеріліп түскендей болды. Осы сөздер мені ештеңе ойлатпайтын балалықтың базарынан жұлып алып, есейгендердің есігіне кіргізіп жібергендей болды. Анам алдынан әлдебір үлкен жауапкершіліктің салмағын сезініп, ой құшағында сыртқа шықтым. Сол күні іштей Ана аманатын қалай да орындауға серт байладым.
Міне, содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Талай жағдайды бастан кештік. Көрген бейнетім де, тартқан азабым да аз болмады. Бірақ қандай жағдайда да анамның аманаты жігерімді жанып, алға жетелеумен болды. Қатты қиналған сәттерімде анам алдымнан елес беріп, аманат сөздері сол қалпы құлағымда жаңғырады.
Қаржаубай да әуелде ауылдан мұғалім боламын деп атанып, Моңғолияның мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіпті. Жазушы болуға талпынып, шағын әңгімелер жазыпты. Сөйтіп жүргенде, ол бірде өзі жаздырып алдырып жүрген «Білім және еңбек» журналынан көне түркі жазуы туралы жазылған қазақ ғалымы Ғ.Айдаровтың мақаласын оқиды. Осындағы беймәлім жазулар қатты қызықтырады. Өзінің сонау бала кезден көріп-өскен тастағы жазулар бірінен кейін бірі көз алдына елестеп, өзін әлдебір белгісіз күш сиқырлап алғандай, сол жазулардың сырын білуге құмарлығы артады. Көне түркі әріптерін жаттап алып, қолына түскен ескі мәтіндерді тапжылмай, сағаттап отырып оқуға кіріседі. Бірақ бұл әрпін білсең, ежіктеп оқып кетуге көнетін жазулар емес екен. Оның ережелерін меңгеріп, сөздің дауысты дыбыстары жазылмайтынын, мысалы, «қаған» деген сөздің «қғн» ғана болып жазылатынын, қай дауыссыз дыбыстан кейін қандай дауысты дыбыс келетін заңдылықтарын танып-білудің өзі талай уақытын алады. Қатты қиналады. Бірақ мұқалмайды. Ұстазының көмегімен көне түрік жазуының тарихымен, ғалымдардың еңбектерін оқумен айналысады. Сөйтіп жүріп, көне түрік жазуының оқылу кілтін тауып, әлемге паш еткен дат ғалымы атақты В.Томсеннен бастап, орыс ғалымдары В.Радлов пен С.Маловтың, түрік ғалымдары Н.Оркун мен Т.Текиннің, қазақ ғалымдары Ғ.Айдаров пен А.Аманжоловтың және басқалардың еңбектерімен танысады. Олардың оқыған Орхон жазуларының мәтінін тікелей өзі көшірген мәтіндермен салыстыру арқылы кейбір таңбалардың қате көшірілгенін, сондай-ақ дұрыс көшірілгенмен, кейбір сөздердің тіпті аударылмай қалғанын, ал аударылғанының кейбірінің мағынасының дұрыс берілмегендігін көреді. Осындай бейнеті ауыр зерттеу жұмысын одан әрі жалғастыру барысында ол көне түрік жазуының толық құпиясын ашу үшін тек жазу тарихын оқу аздық ететінін, сонымен бірге осы жазба-мұраны өмірге әкелген түрік халықтарының төл тарихын, тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, дүниетанымын тұтас танып-білу қажеттігіне көз жеткізеді.
− Зерттеу жұмысы барысында қиындық көп болды. Ендігі жерде бұрынғыдай орыс және батыс ғалымдары салған сүрлеумен салпақтай беруге болмайтынын аңғардым. Өз жолымды іздеуім керек болды, – дейді ғалымның өзі сол бір кездерді еске алып. – Сөйтіп, ұзақ ізденіс нәтижесінде өзімнің зерттеу әдістемемді жасадым. Қазір тарих, лингвистика, этнография, археология, дүниетаным ғылымдарының басын қосып, осы заманда пайдаланып жүрген тарихи-типологиялық, диохронды-салыстырмалы, синхронды-салыстырмалы және этнолингвистика мен когнитивтік әдістемелердің өзегіне салып зерттеу жұмыстарын жүргізіп келемін.
Расында, кешенді зерттеу оған бұл салада өзіне дейін ешбір ғалым жетпеген небір тың нәтижелерге қол жеткізуіне жол ашыпты. Айтылғанға айғақ ретінде солардың кейбіреуіне тоқталсақ, мысалы, археологиямен айналысу арқылы Түрік қағанаты дәуірінің бұрын тарихқа белгісіз болып келген «Езгенті қадаз-балық», «Қатын-балық», «Өтүкен-балық», «Тоғул-балық» тәріздес жеті қаланың орнын анықтайды. Бұдан 1500-3000 жыл бұрын бабаларымыз жазып қалдырған жиырмаға жуық жазу мәтінін ашып, оларды ғылыми айналымға енгізеді. Сонымен бірге, бұған дейін мағынасы табылмай келген, мысалы, «барық» – ғибадатхана; «чыт» (шыт) – іргетас; «қара орын» – мола; «киелі орын» – пантеон және осы секілді ондаған атаулардың дәл баламасын табады. Сол секілді лингвистикалық және этнолингвистикалық зерттеулер арқылы бұрын қате оқылып, қате түсіндіріліп келген «оғушы» (бодандар, қарашалар), «аңыр» (мүсін), «төр» (билік, үкімет), «көкү» (қате айту), «қоуып» (көтеріліс), «бұлғақ» (қатер, қатерге ұрыну), «опылайу» (опыра шабуылдау), «егір» (иіру, жинау), «үлүг» (үлес) деген тәріздес жүздеген сөздердің жаңа оқылымын жасайды, жазба деректерге түспеген деректің тілде сақталып қалатынын дәлелдейді.
Қаржаубайдың осы кешенді зерттеу әдістемесінде тарихтың орны ерекше байқалады. Үнемі сабақтас ғылымдардың зерттеу тақырыбына қатысты нәтижелерін салыстыра зерделегенде, алдымен тарихи деректерге басымдық беріп отырады. Оның байырғы түріктер мен көне қытайлардың тарихи жазба деректеріне сүйене отырып, Орда-балық қаласының Бірінші Шығыс Түрік қағанаты тұсында салынғанын анықтауы осының бір дәлеліндей. Бұған дейін ғылымда бұл қаланың іргетасы Ұйғыр қағанаты дәуірінде қаланған делініп келген-ді. Сол секілді Қаржаубайға дейін Көк Түріктердің билеуші тайпасының кімдер екені ғылыми тұрғыда нақты анықталмаған еді. Көне қытай және байырғы түріктер дәуірінің тарихи деректеріне сараптама жасау нәтижесінде ол Көк Түріктердің билеуші тайпасы қыпшақтың тайпалық одағы екеніне көз жеткізеді. Сондай-ақ, Түрік қағанатының мемлекеттік тілінің де, Орхон мәтіндерінің тілінің де қыпшақ тілі болғанын дәлелдеп, осы тақырып бойынша диссертация қорғап, филология ғылымдарының докторы атағын иеленеді. Осылайша ол өзіне дейінгі «Көк Түріктер ескерткішінің тілі ұйғыр тілі» деген ғылымда орныққан тұжырымды теріске шығарады.
Астанаға келгелі республика баспаларынан жарыққа шығарған «Орхон мұралары» деп аталтын үш томдық Атласы мен 13 монографиясын және екі жүзден астам мақаласының қай-қайсысын оқыған, ғылымнан хабары бар кез келген оқушының ғалымның жаңалықтарына өздері-ақ көз жеткізе алады. Сондықтан, мен ондағы жаңалықтардың бәрін тізбелеп жатпай, Қаржаубай ізденісінің бір табысын айтумен шектелгенді жөн көрдім. Ол – негізін атақты Бумын қаған мен Істіми (Ысты би) қаған қалаған Бірінші Шығыс Түрік қағанатының еліне ел, жеріне жер қосып, даңқын одан әрі аспандатқан әйгілі Бумынұлы Мұхан қағанның реформасына қатысты жаңалықты дерегі.
Қаржаубай өз еңбегінде Мұхан қаған жасаған үш реформаға тоқталады. Олар: дін, салық және жазу реформасы. Біз қолда бар тарихтан Тәңірге сенген ортағасырлық түріктерінің мерекелі күндері киелі тауға барып, ондағы үңгірге кіріп, мінәжат ететінін білетінбіз. Қаржаубай өз зерттеулерінің нәтижесінде бұл дәстүрдің тек Мұхан қаған жасаған діни реформаға дейін ғана солай болғанын, ал реформадан кейін діни рәсімдердің бәрі Ұлыстың ұлы перзенттеріне арналып салынған кешендердегі ғибадатханаларда өтетін болғанын анықтайды. Тарихқа белгілі Күлтегін, Білге қаған, Күли-шор, Тоныкөк (Қаржаубай оқуында «Тұй-ұқық»), Қара Бұғыты, Ышбара-тархан – кешендері осындай ғибадатханалар, Тәңірлік дінге табынушы діндарлардың тәу ететін киелі орындары екенін дәлелдеп, бұған дейінгі бұларды тек «мола», «қорған» деп келген танымды теріске шығарады. Сондай-ақ, өзі тіл маманы болғандықтан болар, Қаржаубай Мұхан қағанның дін реформасымен бірге жазу реформасын да үңіле зерделеп, ерекше мән бере талдайды.
− Мұхан қаған дәуірінен бастап, түрік тілінің заңдылығына сай байырғы түрік бітіг әріптеріне арнап дұрыс жазу ережесі жасалған, – дейді бұл ретте зерттеушінің өзі. – Соның нәтижесінде «и» тілді және «ж» тілді түрік тайпалары бір ғана жазуды қолданып, ұлтты ұйыстыратын билік идеологиясы түзілді. Осы идеологияның ықпалының қуатты болғаны сондай, тегеурінді жаңа түрік этносы қалыптасты. Шығысы Хинган тау жоталарынан басталып, батысы Еділ мен Темір-қапыққа дейінгі, оңтүстігі Тәңіртау мен Памирден басталып, терістігі Лена дариясына дейінгі алып аймақты иеленген, оннан астам диалектіде сөйлейтін Еуразияның жалғыз қожасы түріктер осыдан кейін бір тудың астына жиылып, өз биліктерін үш ғасырға ұластырды.
Талмай талпынып, тынбай ізденіс барысында зор жетістіктерге жеткен ғалым өзінің бастамашылығымен, университет басшыларының қолдауымен Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында Жазу тарихы мұражайын ашты. Бұл Түрік әлеміндегі алғашқы және жалғыз мұражай еді. Бұл да Қаржаубайдың өз мамандығына адалдығының, бар болмысымен берілгендігінің бір белгісі болса керек. Берілгендік дегеннен шығады, оның, тіпті жұбайы Жәләймен келісе отырып, өмірлерінің жалғасы, бауырына басқан балапандарының есімдерінің өзін көне түркілік дәстүрмен: Елтегін, Жантегін, Есілтегін, Толқын-бегім, Бүбу-бегім қоюының өзі де айтқанымыздың шындық екенін айғақтап тұрғандай.
Анасы Әлия Әлімжанқызының аманатына адалдық танытқан абзал ұл қандай қиындықтар көрсе де ғылымдағы ізденіс жолынан ауытқыған емес. Ежелгі замандардан жеткен ескі жазулардың мәтіндеріне шұқшия үңіліп, індетте зерттеп келеді.
Біздің кейіпкеріміз сынақтардан сүрінбей өтіп, бұл күнде «Жетпіс» атты белестің биігіне көтерілді. Ой көзімен өткенін шолады. Шүкір, еңбегі жанды, есімі елге танылып, атағы шет ел асты. Ол бұл күнде Кемал Ататүрік атындағы Түрік тарихы құрымының (академиясының) толық мүшесі, филология ғылымдарының докторы, Түркітану және Алтайтану ғылыми-зерттеу орталығының директоры, «Күлтегін» сыйлығының лауреаты.
Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ