Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы емханасында «Часэн» дәстүрлі шығыс медициналық орталығының жұмысын таныстыруға арналған кездесу болып өтті. 105-ші Корея медицина қызметінің Қазақстандағы күндері биыл тамыздың 23-25-іне белгіленгендіктен, аталмыш кездесу де осыған орайластырылған еді.
Кездесуге Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ли Бен Хва, Кореяның «Komsta» үкіметтік емес ұйымының басшысы Канг Донт Чоль және басқа да денсаулық сақтау мекемелерінің өкілдері қатысты.
«Часэн» дәстүрлі шығыс медициналық орталығының негізгі жұмыстары омыртқа сүйектерінің ауруларын емдік қасиеттері бар шөптермен емдеу, дәстүрлі шығыс медицинасы арқылы сауықтыру, мануалды терапия, ине шаншу және шығыс медицинасының негізінде құрылған дене шынықтыру қимылдары арқылы оңалту бағыттарында жүргізіледі.
Кездесуге келген Ли Бен Хва екі ел арасындағы ынтымақтастыққа кеңінен тоқталып, дипломатиялық байланыстағы медицинаның алатын орнын ерекше атады. Ол өз сөзінде: «Қазақстан мен Корея арасындағы өзара ықпалдастықтың терең тамыр жайғанына биыл 20 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде екі елдің болашағына қатысты көптеген келелі мәселелерді талқылап, дипломатиялық қарым-қатынаста салиқалы жұмыстар атқарып келеміз. Бұдан былай да барыс-келісі тек бейбіт әрі достық ниетте болатынына кәміл сенімдімін», деді.
Елімізде ашылып отырған «Часэн» дәстүрлі шығыс медициналық орталығының жұмысы жайлы Кореяның «Komsta» үкіметтік емес ұйымының басшысы Канг Донт Чоль да арнайы айтып өтті. «Орталықтандырылған ұйым 1993 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Ең басында өз жұмысымызды тек алғашқы медициналық көмек көрсету түрінде жүргізгенбіз. Алайда уақыт өте келе кәсіби мамандарды топтастыру арқылы халықаралық деңгейде өз медицинамызды насихаттайтын деңгейге жеттік. Қазақстан бойынша біздің орталық осыған дейін тек Алматыда жұмыс істеген. Халықтың сұранысына сай алдағы уақытта басқа да облыстарда орталығымызды ашсақ деген жоспарымыз бар», деді ол.
АҚШ-та, Египетте, Батыс Еуропаның біраз елінде өз бөлімшелерін ашып үлгерген бұл орталыққа көмекті қажетсінген қарапайым халық қана емес, әлемге танымал спорт және шоу-бизнестің өкілдері де жиі атбасын тірейді екен.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.