Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, «Нұр Отан» ХДП депутаттық фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджанов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Көкшетау қаласының тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Бірінші кезек «Мирас-Көкше» қайырымдылық қорының президенті Нығмет Ерханұлына тиді. Оның айтуынша, жалғызбасты жас аналарды әлеуметтік қорғау және оңалту мәселелерімен айналысатын қордың жұмысын дамыту, оның республикамыздың өзге өңірлеріндегі өкілдіктеріне ұйымдастыру тұрғысында көмек көрсету қажеттілігі туындап отыр.
Орал Байғонысұлы мұндай қордың экономикалық мақсатта ғана емес, әлеуметтік-психологиялық бағытта да пайдалы екендігін атап өтті. Қоғамда осы сипаттағы проблема жиі көрініс беруде, перзентханалардағы тастанды сәбилер саны өсіп отырғандығы жасырын емес. Осынау өзекті іспен қоғамдық негізде айналысушы кең жүректі азаматтардың бастамасы қолдауға тұрарлық. Парламент Мәжілісінің Төрағасы облыстық ішкі саясат басқармасына «Мирас-Көкшеге» қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.
Әйгерім Сағындықова биыл өзі армандаған Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеттің «Қолданбалы өнер және сызу» факультетіне түскенімен, грантқа ілінбей қалыпты. Әйгерім тұрмыс жағдайының ауырлығын айта келіп, қаржылай көмектің қандай мүмкіндіктері барлығын сұрады.
– Үміткерлердің барлығы грант үшін күресуі қажет, – деді Мәжіліс спикері. Ол сапалы білім жолындағы бәсекелестікті күшейтеді. Әйткенмен, мемлекет дарынды немесе әлеуметтік қолдауға мұқтаж мектеп бітірушілерін назардан тыс қалдырмайды. Сіздің өтінішіңіз осында қатысып отырған университет басшысының қарауына беріледі. Мәселе оң шешімін табады деген ойдамын.
Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Найман Қалабаев оқу орнының қорынан Ә.Сағындықоваға бір жылдық грант тағайындалатынын хабарлады. Сондай-ақ, ол студент жақсы үлгірген жағдайда грант мерзімі ұзартылатынын айтты.
ІІМ ардагері Виталий Мамедбаков құқық қорғау органдарындағы қызметін 1998 жылдан кейін бастаған кісілерге зейнетақы тағайындау тәртібін қайта қарау туралы мәселе көтерді. Азаматтардың бұл санаты 45 жаста зейнет демалысына шыққанымен, зейнетақыны 63-ке толған күннен бастап алатыны түсініксіз. Осы екі аралықта олар зейнетақы жинақтау қорындағы қаржыны нәпақа қылатын көрінеді.
Орал Мұхамеджанов сұрақтың туындауы негізсіз еместігін көлденең тартып, ол мұқият зерттеліп, талдануға тиістігін атады. Жазбаша түрдегі арыз республикалық деңгейдегі тиісті орындарға тапсырылып, арнайы бақылауға алынатын болды.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Бойко Бурабайдағы «Адреналин бағы» жобасына қолдау көрсету мәселесін ортаға салды. Қабылдау жүргізуші туристік кластерді дамыту, саламатты өмір салтын қалыптастыру, азаматтардың белсенді демалысын ұйымдастыру Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары қатарында екендігін еске салды. Бұл орайда Щучье-Бурабай курортты аймағына ерекше маңыз артылады. Мұндай бақ баршамызға қажет. Оның үстіне А.Бойконың қолында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жан-жақты зерттелген бизнес-жоспар да бар. Ақмола облысының әкімдігі, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мұндай жобаларды қолдап, қозғалысқа түсіруі тиіс. Спорт ардагерінің хаты тиісті орталық органдарға, оның ішінде Туризм және спорт министрлігіне табыс етілетін болды.
«Атамекен» одағы ұлттық экономикалық палатасы өкілдігінің директоры Нартай Ысқақов ауылдық елді мекендерді дамыту тақырыбын алға тартты.
Парламент Мәжілісінің Төрағасы О.Мұхамеджанов ауыл – алтын бесік екендігін ел болашағымен байланыстырды. Ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға қосымша қаржы бөлу, мал шаруашылығын дамытудың «Сыбаға» бағдарламасын жалғастыру жөніндегі ұсыныс қолдауға тұрарлық. Мұнымен құзырлы органдар айналысады.
«Нұр Отан» партиясының белсендісі Зере Қиықованың «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңға өзгертулер мен қосымшалар енгізу туралы ұсынысына қатысты Парламент депутаттары бұл бағытта жұмыс істеп жатқандығы жөнінде жауап қайтарылды.
Мәжіліс спикеріне өтініш-тілекпен келген өзге де азаматтар толғанысты сұрақтарына тыңғылықты жауап алып, Орал Байғонысұлына алғыс сезімдерін жеткізді.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.