Бұл мәселе жөнінде облыстық статистика департаментінің басшысы Марал Нұржауыпова хабарлама жасады. Облыс елімізде сауда мен инвестиция көлемі өсімінің қарқыны бойынша – екінші, өнеркәсіпте – төртінші, тұрғын үйлерді пайдалануға беруде бесінші орында. 70 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімдері шығарылып, төртінші орынға тұрақтаған.Тамақ өнімдерінің өндірісі 14,3 пайызға ұлғайған. Платформа-контейнер тасымалдаушылар мен арнайы автомобильдер шығару машина жасау саласы өсімі 3,4 есе қамтамасыз етілген.
Аппараттық кеңесте инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруға ерекше назар аударылды.
«Инвестиция мәселесімен бәріміз айналысуымыз керек. Бізге жеке инвестициялар қажет. Бұл істі аудандар да, басқарма басшылары мен орынбасарлары да мықтап қолға алғаны жөн. Шетел азаматтарын тарту арқылы алынған сыртқы инвестицияның үлесі 5 пайыз. Бұл өте төмен көрсеткіш», деп атап көрсетті Құмар Іргебайұлы.
Өңір басшысы селекторлық режімде қатысқан аудан әкімдеріне еңбекақыны көтеру үшін барлық шараларды қолға алуды қатаң тапсырды.
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»