Театр • 17 Мамыр, 2017

Астанада «Ұйқым келмейді» моноспектаклі сахналанды

539 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы Жастар театрында режиссер Дәурен Серғазиннің  «Ұйқым келмейді» атты моноспектаклі сахналанды. Жазушы Оралхан Бөкейдің шығармасы негізінде қойылған туынды қоғамның өзекті проблемасын қозғайды.

Астанада «Ұйқым келмейді» моноспектаклі сахналанды

Қазіргі таңда жастардың албырттықпен, өткінші сезімнің жетегінде жүріп, от басып қалатын жағдайлар аз емес. Қоғамда тастанды балалар, әкесіз өскен жетімдер, көз жасын жуған аналар тағдыры бізді бей-жай қалдыра алмайды. Қойылымның алтын арқауы да осы. Автор ішкі монолог арқылы жастарға ой салады.

«Оралхан ағамыздың барлық шығармасы жақсы жазылған. Өкінішке қарай, өмірде жастар махаббаттың буымен дұрыс қадам баспай, сүрініп жататыны, түрлі кедергілерге шыдамай, шырт сынып жататын кездері жиі болып жатады. Қазіргі жеткіншектер бұрынғы жастардан өзгерек. Өздеріңіз көріп отырғандай, ол кезде мектепте қыз бен жігіттің кездесіп жүруі қоғамда үлкен резонанс тудырып, қылмыс жасағанмен тең еді. Ұлттық тәрбиені жаңғыртуда, өткен ғасырдың еншісінде қалған қазақи тәрбиені қолға алсақ, қазіргі жастар содан үлгі алса екен дейміз.

Қазір моноспектакль елімізде кенже дамып келе жатқан, көп қойыла бермейтін жанрдың бір түрі. Сондықтан монологқа құрылған жаңаша стильде арасына қазіргі заманның әуендерін қосып, атап айтсақ, Көксерек Хамза, Амангелді Сейтақ, Қанат Иманбеков, сынды бірнеше ақындардың сөзіне ән жазып, көрерменге ұсынып отырмыз», дейді режиссер, әрі актер Дәурен Серғазин.

Басты кейіпкер Жеңісханды – Дәурен Серғазин, Бақытты − Іңкәр Нәсиева ойнаса, Айсұлтан Жәлиев, Ақжан Орынбасарова, Мейірғат Амангелдин сынды актерлар ән салып, музыкалық аспаппен сүйемелдеп тағы бір жаңа қырынан көрінді. Сахна декорациясы да заман талабына сай әдемі үйлесім тапқан. Қаланың қарбалас тіршілігінен шаршағанда өзің туып-өскен ауылды, алыстағы анаңды, өткен бозбала шағыңды сағынасың. Ауыл атты алтын бесіктің санаңда қалған сәулелі сәттеріне бір сәт оралғандай күй кешесің.

Айман МҰҚЫШЕВА