Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» тұңғыш халықаралық форумына қатысушыларға құттықтау жолдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Онда былай делінген: «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» тұңғыш халықаралық форумына қатысушыларға сәлем жолдаймын. Алтай ежелден «өркениет бесігі» – Еуразия құрлығындағы көптеген түркі халықтарының атамекені саналады. Өзінің табиғатынан ғажайып өлке Еуразияның географиялық және саяси орталығы болып табылады».
Қазақстан басшысы өзінің құттықтауында сондай-ақ көне түркі жазбасы дәл осы жерде пайда болғанын, біздің ата-бабаларымыздың тарихы туралы айтатын көптеген ескерткіштердің де осы жерде жасалғанын атап көрсетеді. «Ұлы көші-қон» уақытында Таулы Алтай аумағы көне мәдени дәстүрлерді сақтаушылардың трансмиграциясы өткен «дәліз» болды», дейді өз құттықтауында Президент.
Алтайды қайта жаңғыртудың қазіргі кезеңі көптеген мемлекеттер мен халықтардың мүддесіне жауап береді. Өйткені, бұл үдеріс бүкіл Еуразия құрлығында мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету үшін іс-қимыл тұғырнамасы қызметін атқарады.
Мемлекет басшысы құттықтауының соңында форумға қатысушылар Шығыс пен Батыс халықтарын бірлікке үндейтін ғажайып өңірдің қайта жаңғыруы жолында одан арғы қадамдарын айқындайтынына сенім білдіреді және жемісті жұмыс тілейді.