Қазақстан • 17 Мамыр, 2017

Алматыда жұқпалы емес дерттердің дендеуіне қатысты халықаралық конференция өтті

142 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда Австрия, Израиль, Ресейдің және отандық бетке ұстар ғалымдар мен сарапшылардың, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік емес ұйымдардың қатысуымен «Адам денсаулығы үшін тәуекел факторлары: уақыт сыны мен инновациялық шешімдер» – «Тәуекел факторлары 2017» II халықаралық конференциясы өтті.

Алматыда жұқпалы емес дерттердің дендеуіне қатысты халықаралық конференция өтті

Конференция жұмысына Қырғыз Республикасы мен ҚР Парламенті мен Үкімет адамдары, көрнекті қоғам қайраткерлері мүдделілік танытты. 

Мұндай келелі жиынды ұйымдастыруға қазіргі дүниежүзінде жұқпалы емес кеселдердің кесірінен туындап жатқан мәселелер түрткі болған.

Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, жұқпалы емес дерттерден ғана жыл сайын 38 миллион адам өлімге душар болады. Соның ішінде, жүрек-қан тамырлары ауруларының асқынуынан жыл сайын 17,5 миллион адам қаза болады. Одан кейін онкологиялық кеселдерден – 8,2 миллион, респираторлық аурулардан – 4 миллион және диабеттен – 1,5 миллион адам мезгілсіз қаза болуда.

Көкейкесті жағдайға байланысты «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық кеңесінің мүшесі Бақыт Түменова: «Қазақстанның тәуелсіздігі жылдары ішінде жалпы өлімнің 6 пайызға төмендеуіне қол жеткізді. Дегенмен, республикада, бүкіл дүние жүзіндегідей, жұқпалы емес аурулардың деңгейі артуда. Елімізде ең көп таралған созылмалы жұқпалы емес аурулардың туындауына 87,5% жағдайда науқастардың мінез-құлқына қатысты төрт түрлі әрекеті себепші. Бұл – зиянды тамақтар, дене қиымылының аздығы, шылым шегу мен алкогольді шектен тыс пайдалану. Ал әлемдік тәжірибе жұқпалы емес дерттердің санын алдын алу шаралары мен тәуекел факторларын басқарудың жүйелік тәсілдері арқылы әлдеқайда азайтуға болатынын көрсетіп отыр. Және бұл шаралар әрі қолжетімді әрі сынақтан өткен» дейді.

«Біз таяу болашақта ішімдік пен қантты көп пайдалану, сондай-ақ, шылым шегуден бас тартпау жағдайларын шарасыз нақтылық ретінде қабылдаймыз. Сәйкесінше, ендігі бар күш-жігерімізді осы құбылыстың жағымсыз әсерлерін азайтуға жұмсаймыз», дейді Вена медициналық университетінің Әлеуметтік медицина институтының Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының доценті және Никотинді зерттеу институтының директоры Эрнест Громан.

Конференцияға қатысушылардың ойынша, мұндай тығырықтан шығатын бір жол бар. Бұл тәуекел факторларын төмендетуге мүмкіндік беретін азық-түлік өнімдерінің толық индустриясы – қант алмастырушылар, алкогольсіз сыра-шарап, электронды темекілер және тағы басқасы.

«Мәселенің мәні мынада: мұндай өнімдердің екі түрі бар – сапалы әрі оны қолданған кезде оның қауіпсіздігін шын мәнісінде растайтын сертификатталған тауарлар. Екіншісі, зиянсыздығы арнайы тексерілмеген, белгісіз жерде және әлдекімдер жасаған өнімдер. Ал заңнамалық тұрғыда қант жеуге, ішімдік ішуге, шылым шегуге тыйым салу және азаматтарды көп қозғалуға мәжбүр ету арқылы зиянды факторларды жою айтарлықтай нәтиже бермейді. Сондықтан сертификатталған және сапалы әрі зиянды әсерлері аз өнімдер өндіретін кәсіпорындарға назар аудару дұрысырақ болар еді. Яғни, нарықта қауіп-қатері аз өнімдердің таралуына ықпал етіп, қандай өнімдердің денсаулық үшін зиянсыздығынан хабардар етіп отыру арқылы ұлт денсаулығын сақтауға болады. Одан кейін әрине түрлі салықтық преференциялар арқылы сапалы өнімдердің бағаларының бәсекеге қабілеттілігін реттеуге болады», дейді «Ұлттық тұтынушылар лигасы» РҚБ президенті Светлана Романовская.

Конференцияға қатысушылар көтеріліп отырған мәселелердің әлеуметтік маңыздылығы ескере отырып әрі Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметтің ұлт денсаулығына үлкен назар аударып отырғанына сүйене келе, ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жолдау үшін Қарар жобасын әзірледі.

Халықаралық жиынның жұмысын қорытындалай келе, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ тағамтану академиясының президенті Шарманов Төрегелді: «Бүгінгі конференцияда қозғалған мәселелер өте өзекті жағдайға айналды. Бұған мемлекет Президенті мен Үкімет тарапынан аса үлкен назар аударылып отырғаны орынды. Тәуекел факторларын төмендету саясатында ғылымның, қоғамның және заң шығарушылардың барлық күш-жігерін үйлестіретін күн жетті. Адам денсаулығы үшін тәуекел факторларын азайтуда ғылым мен қоғамның және заң шығарушылардың күш-жігерін біріктіріп, тиімді жұмыс істей алатын мемлекеттік емес ұйымдар толық үйлестіруші бола алады», деді.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»