18 Мамыр, 2017

Руханиятқа үлес қосқан ғалым

508 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда экономиканың кәсіптік сипаты түбегейлі өзгеріске ұшырап, нано – био – ақпараттық технологиялар негізінде мүлдем жаңа конгитивтік экономика қа­лыптасуда. Бұл жағдайда кәсіби білгірлігі жоғары, шығармашылық әлеуеті жан-жақты, еліміздегі жаңғыру үрдісін ше­тел тәжіри­бе­сімен ұштастыратын ға­лым­дар күн тәртібіндегі қажеттілік. Сол са­натқа белсенді еңбегімен, жа­ңашыл кон­­цеп­цияға негізделген ұстанымдарымен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық аху­а­лын прогресс жолымен да­мы­ту­ға үлес қосып жүрген ғалым­да­­рымыздың қа­та­рында біздің әріп­тесіміз Оразалы Сәб­денұлын көруіміз заңдылық.

Руханиятқа үлес қосқан ғалым

Академик Сәбденнің ғылыми ең­бе­к­т­е­рі сан салалы, өтпелі дәуір сұра­ны­сына бағытталған. Ұлт­­тық экономиканы қайта құ­рып басқару, инновациялық эко­но­­ми­каны, шағын және орта бизнесті қа­лып­тас­тыру, ғылым, білім дамуының тиімді жол­­дарын анықтау, ХХІ ғасырдағы адамзат өміршеңдігінің тиімді бағыттарын сара­лау, Қазақстандағы парламентари­зм мен заңнама мәселелері − ғалым шы­ғар­ма­шылығының басым бағыттары. 
О. Сәбденнің профессор А.Ашировпен жазған «Адам­зат­тың ХХІ ғасырдағы өмір сүру стра­тегиясының тұжырымдамасы және азық-түлік қауіпсіздігі» деп аталған еңбегі 2016 жыл­ғы қара­шада Кембридж уни­верси­тетіндегі (Англия) халықаралық кітап көрмесі ауқымында ғылыми қауым­ның назарын аударып, ар­найы тұсау кесері сәтті өтті. Автор­­лар ХХІ ғасырда әлем жұ­рт­­шы­лығының лайықты өмір сүру бол­мысына назар аударып, азық-түлік қау­іпсіздігін қамта­масыз ету жолдарын ұсы­нады. Кітап баспа­дан ағылшын тілінде шы­ғып, шет­ел университеттері құлағдар болуда.
Заман талабына сай еліміздің киелі өңірлерін көтеріп, олардың рухани, өндіргіш байлықтарын қоғам игілігіне жарату ғалым ізденісінің биік нысаны. О.Сәб­деннің халықаралық мәні бар «Түркістан өңірін Жібек жолы үстіндегі рухани-технологиялық кластер ретінде қалыптастыру» атты ұсынысы қоғамдық дәрежеде қолдау тауып, атақты өлкені мәдениет, ғылым, білім, дамыған технология орталығына айналдырып, Еуразия интеграциясы идеясына сай дамыту мақсатын көздейді. Бұл маңызды шешім Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының құрамында қазақстандық қоғамды ізгі­лен­діру жолындағы халық қолдауымен қабылданған бағдарлама болары күмән туғызбаса керекті.
Бүгінде елімізде саяси, эко­номи­калық реформалар табиғи үйлесім тауып, жаңа қарқын алу үшін бірден-бір басымдылық Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жарияланымында туған халқымыз өскелең ұлттық қасиеттерге ие болып, іскерлік қабілетін барынша дамыту негізінде ең дамыған елдердің санатынан көрінуі стратегиялық мақсат деп танылуда. Осы салада Оразалы Сәбденнің Абай та­ғылымына терең үңіліп, ХХІ ғасырға не лайық, келешекте қазақ қоғамын не күтіп тұр, байырғы грек мифологиясындағы Сцилла мен Харибда тосқауылынан қалай мүдірмей өту жолдарын таң­дау­ы­мыз керек деген сұрақтарға шарқ ұрып жауап іздегені орынды, бәріміздің көкей­іміздегі мазалы ойларымыздың қылауын бас­қандай. 2016 жылы «Абай Қазақ­­­станның болашағы және әлем­дік цивлизация» атты автор­дың еңбегі үш тілде жарық көр­ді. Жаңа дәуірде Абайдың «то­лық адам» концепциясы қа­лай қа­лыптасып, халқымыз ға­лам­­дық үдеріске ілесіп, қандай дең­гейі­нен көріну керек деген ұлы идея бүгінде аса қажеттілік та­­­нытуда. Осыған байланыс­ты ав­­тор қазақ­стандықтарды әлем өр­­­кениетіне, күн­­делікті тір­­шілігімізге басқаша, жаңа ба­ғыт­­­­қа көз тігіп, өз мүмкін­ші­лі­­гі­­­­міз­­ді то­­лық пайдалануды ұсы­нады. 
Әрине, бүгінде қазақ елінің тағ­дыры жаһандану процесімен тығыз байланыста. Біз бұрын Ресей империясының тәуелді отары бола тұра, сонау ақын-жыраулар, хәкім Абай, Алаш қайраткерлерінің мазасыз ізденістерінің өзегі болған ұлт, мемлекет тағдыры бүгінгі таңда ұлы мақсат төңірегінде мүлде жаңаша өріс алуда. Кезінде Абай қазақ қоғамының кемшін ахуалын сын көзбен жіті қарап, сынаушы ғана болмай, диалектика заңдылығын терең түсініп, аса ойшылдық танытқан еді. Өнер-білім, кәсіби іскерлігі асқан елдермен қалай теңесеміз, мешеуліктен арылу жолдары қандай деген сұраққа жауап іздеп шарқ ұрды.
Оразалы Сәбден мәселені ке­ңі­нен қой­ып, ұлт тағдырын әлем құбылысымен байланыстырады. Өктемді ХХІ ғасырда не боламыз, өркениет көшіне ілесе аламыз ба, ел байлығын, адами капиталдың болмысын халық игілігіне жаратуға мүмкіншілік бола ма деген сауалдарға жауап із­деп, оңынан шешу жолдарын жаңа тұр­ғы­­дан қарастырып, өзіндік болжам-ұсы­ныс­тарын алға тартады. Абайдың дү­ние­танымын ғылыми негізде ұсынып, дүние­жүзілік ой-өркениетімен ұштас­тыру – бүгінгі дәуір талабы деп тануымыз талас туғызбаса керек.
Бүгінгі таңда еліміздің жер бай­лы­ғын ұтымды пайдаланып, экономика мен технология сәй­кестігін қамтасыз ету, ұлттық генефонымызды сақтап, оны бі­лім, ғылым, денсаулық бағамымен өр­ке­ниет дәрежесінде дамыту – біздің ба­сым­ды­лықтарымыз деп таниды «Абай және қазақ бола­шағы» туындысының авторы.
Жер байлығы елімізде алдымен қазба кендерімен танылады. Осыған байланысты халқымыздың көкейіндегі бір арман-сауал осы кеніштің тиімділігін арттыру көздері. Алдымен ұлт иелігіне көшіріп, кезіндегі ұшқары, асығыс шешімдерді түзету жолдарын іздестіріп, О.Сәбденнің қуатты ұлттық компаниялар құру туралы ұсынысы жалпы қоғамдық пі­кір­мен үндесуде. Бұл бүгін-ер­тең шешіле қоятын мәселе деп қарау орынсыз пікір екені бел­гілі. Тамырын терең жайған акция бөлісі, шетелдік инвести­циялар көлемі – мұның бәрі шетел капиталының мүддесі де қуа­­ты. Бұл саладағы меншік мәсе­­лесін шешу проблемасы талай қиын­дықтармен байланысты екені айдан аян, жалғыз ғана жолы – ұлт­тық меншіктегі акциялар үле­­сін ұлғайту (әрине, біртіндеп сатып алу жо­лымен).
Онымен қатар қазба байлы­ғының тағы бір дұрыс игерілмей жатқан жүйесі – тау-кен көздерінің ренталық түсімі, яғни кенбайлығы құнының мол мөлшері есепке алынбай, шикізат құрамында тікелей экспортқа шығарылып, шетел компанияларының пайдасына ілігуі. Бұл проблема әрбір кен орынының өзіндік құнын ғылыми негізде толық дәлелдеп, абсолютті, дифференциалды рен­та түрінде дұрыс бөліске тү­суінде. Жал­пы рента көлемі қаз­ба байлығы құ­ны­ның 60-70% құрайды (жеке кен орнынан жа­салған түйіндер бойынша). Кен байлығымыздың таза мөлшерін алсақ, рента түсімі мемлекеттік бюджеттің денін құрауға тиісті. Рента мәселесін экономист-ға­лымдар бұрын-соңды көтеріп те жүр, бірақ мәселе шешімін табудан әлі де алшақ жатқан үрдіс. Бұл жағдай Ресей экономикасына да тән проблема.
Әр тәуелсіз елдің болмысын құрайтын зияткерлік әлеуетін анықтап, мемлекеттің халық­ара­лық рухани бәсекеде мүмкін­дігін ашатын ғылым деңгейі еке­ні аксиома, талас тудырмаса керек. Осыған байланысты Абай арманы – халық зияткерлігі тұр­ғысынан О.Сәбден еңбегінде кеңінен толғанады. Оның ұсы­ныстары, әсіресе бұл уақытта ша­шыранды ғылым ошақтарын жүйелеу, мемлекеттік басқару пәр­менін кеңейту мәселелері кө­ңілге қонымды. Ғылымды ұйым­­дастыру, тиімділігін арттыру, шоғырландыру мәселесімен авто­рымыз көп уақыттан бері түбе­гейлі айналысып үкімет дең­гейіне құнды ұсыныстар жасағанына өзіміз куәгерміз. Ғылым­ды бас­қару, қар­жыландыру жөнінде пікір алысу, қоғамдық дәрежеде шын тиім­ділік тұрғысынан тал­қыға салу толғағы жеткендігі анық.
О.Сәбден қоғам қайраткері ретінде жанашырлықпен ауыл жағдайын тол­ғай­ды. Ұлтымыздың болмысын құрған хал­қымыздың 42-44% ауыл тұрғыны деп таны­сақ, ұлы Абай қамыға мүсіркеп «Қайран елім, қазағым, қайран жұртым» деген толғанысы әрбір ұлт азаматын бей-жай қалдырмаса керек. Шын мәнінде ауыл мәсе­лесін шешудегі бірден-бір талас тудыратын жайт – ауыл тұр­ғындарын жұмыспен, оның ішінде жұмыстың ұйымдасқан коо­перация негізінде қам­та­масыз ету. Ауылда өндірістік, тұты­ну коопе­ративтер, акционерлік ұжымдар, ко­­мандиттік серіктестіктер т.б. ұжым­­шар­лық ұйымдар арқы­лы жергілікті тұр­ғын­дарды жұмыс­қа тарту мәселесі кезек күт­тір­­­мей­тін мәселе екені айдан анық. Бұл жағдайда елді мекенді қар­жылан­дыру, еңбек өнімділігін арт­­тыру, ұжымшар тиімділігі деген жүйелер өз саласы бойынша ше­ші­мін тауып, толғағы жеткен үрдіс.
Белгілі ғалым-экономист, қо­­­ғам қай­рат­кері О.Сәбденнің «Абай және қазақ болашағы» деген еңбегі ғылымға не­гізделген пуб­ли­цистика ретінде таны­луда. Кітапта көтерілген проблемалар оқырмандардың ой-өрісін кеңей­тіп, күр­делі мақсаттарды меңзейді.
Жалпы көлемі 680 ғылыми еңбегі бар, соның ішінде 81 монографиясы мен кітаптары жарық көрді. Жас ғалым ретінде ғылыми еңбектеріне 1980 жылы ғылым және техника жөнінде Ленин комсомолы сыйлығы берілді. 2003 жылы «Қазақстанда нарық экономикасының дамуының концептуалды негіздері» атты 11 мо­нографиялық ғылыми еңбек­теріне Мемлекеттік сыйлық бе­рілді.
О.Сәбденнің негізгі ғылыми ізде­ніс­тері оның таяуда жарық көрген 25 томдық «Экономика: таңдамалы ең­бек­терінде» баяндал­ған. Олар мына мәсе­ле­лерге ар­налған: ұлттық экономиканы бас­қару; бәсекелестік экономика; инно­ва­циялық және интеллектуалды экономи­ка; өнеркәсіптің тиімділігін арттыру; на­рық эко­но­микасының теориясы мен әдіс­темесі; логистика; шағын және орта би­з­несті дамыту; ғылым, білім және инфра­құ­рылымдық мәселелер; XXI ғасыр және одан кейінгі ғасырдағы адамзаттың өмір сүру жолы; жер шарындағы өмірді жүйе­ге салу; қоғамның рухани даму және жа­һандану мә­селесі; мемлекетті «төрттік спи­­раль» негізінде басқарудың жаңа пара­дигмасы; Қазақстанда парламентаризмді дамыту және оны жаңа заңдармен қам­тамасыз ету және т.б.
Автордың іргелі және қолдан­балы ғылыми ізденістері Үкіметтің 1973-2017 жыл­­дардағы ғылыми грант­тық бағ­дар­ла­маларда көр­сетілген. Автор ғылыми ізде­ніс­­­­терінің нәтижесі бойынша Елбасы және Үкімет атына бағыт­талған 30-дан астам кон­цептуал­ды ғылыми ұсыныстар берді. Олардың көпшілігі іске асты, қал­ған бөлігі өз уақытын күтуде. 
Республикамызда үдемелі ин­дус­три­аландыру кезеңінде ше­шіл­мей жатқан мәселелер бар­шылық. Автордың айтуынша, елі­міз технология дағдарысы ал­дында тұр. Жаңа кезеңде қар­қынды ең­бек өніміне жетудің шешуші кілті – инновациялық технология. Дамыған елдер экономика дағ­дарысының өзінде 35% инвестициясын жаңа технологияға жұмылдырып, келешектегі даму қарқынын үдертіп, бәсекелес­тікте жеңіске жету жолдарын қам­тамасыз ету қамында. Орта тапты осының негізінде қалыптастырып, ха­лық­тың әл-аухатын бекіндіру мақсатын көз­д­еуде. Бұл әлеуметтік келісім ты­ныш­тықтың кепілі ретінде қабыл­да­ну­да. Кеңінен, жоғары деңгейдегі замана­уи технологиямен қаруланған қоғам құ­рып, ІЖӨ-нің (ішкі жалпы өнім) озық елдер­дегідей 50-60 пайызын қамтитын өнеркәсіп арқылы Қазақстанның алдың­ғы қатарлы 30 елдің құрамына кіруі − алдағы стратегиялық меже. Осы айту­лы бағдар шеңберінде еліміздің зия-
лы қауымының белсенді өкілі О.Сәб­ден­нің алдағы уақытта Қазақ­стан рес­пуб­ли­ка­сының «Мәң­­гілік ел» санатында өсіп-өр­кен­деуіне қосатын ғылым сала­сындағы үлесі молыға бермек.

Аманжол Қошанов,

академик

АЛМАТЫ