Медицина • 18 Мамыр, 2017

Мұнайлы аймақтың мәдениетінде бетбұрыс бар

266 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл Атырау облысының мәдениет саласын қаржыландыруға 3,5 млрд теңге бөлінді. Бұл 1991 жылмен салыстырғанда 286%-ға көп. Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Әділ Жоламанов атқарылған жұмыстар мен болашақтағы жоспарлар туралы баян етті.

Мұнайлы аймақтың мәдениетінде бетбұрыс бар

Биыл 7 мәдениет үйі ашылады

Мәдениет мекемелерінің ма­териалдық-техникалық жағынан қамтылуына облыс басшы­лы­ғы үнемі назар аударып келеді. Би­­ыл осы мақсатқа 220,3 млн тең­ге қаралған. Шығармашы­лық ұжым­­дардың сахналық ки­імдері мен музыкалық аспаптары жа­ңар­тылды. Мәдени ұйым­дарға 32 автокөлік алынды. Тәуелсіздік жыл­дарында Жы­лыой, Мақат, Құр­манғазы, Ин­дер, Исатай аудандарында және Атырау қаласында жа­ңа­дан 8 мәдениет ғимараты бой кө­­терді. Өткен жылы Ин­дер, Иса­тай аудандарының орта­лық­­та­рында мәдениет үйлері пайда­лануға берілді. Атырау қа­л­асы Томарлы, Исатай ауданы Жан­бай, Қызылқоға ауданы Мұ­қыр, Махамбет ауданы Сары­то­ғай селоларында жаңа мәдени ошақтардың құрылысы басталды. 
Облыстық мәдениет, мұра­ғаттар және құжаттама басқар­масының басшысы Әбіл Жола­манов аймақтағы ірі кәсіп­орын­дардың әлеуметтік нысан­дар қатарының артуына үлес қосып отырғанын айтады. Мысалы, «ТШО», «НКОК» кәсіп­орын­дарының демеушілік қара­жаты есебінен 2,8 млрд теңгеге 7 жаңа нысанның құры­лысы бас­талған. Тағы 3 мәдениет үйін салу үшін қажетті құжаттар жасақталуда.
Мәдениет мекемелерінің күр­делі жөндеуден өтіп, жаңа­руы­­на Елбасы тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағ­дар­ламалар оң ықпалын тигізіп келеді. Бүгінге дейін күрделі жөн­деуден өткен 38 нысанның 27-сі «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында жасалды. 
– Енді 7 мәдениет мекемесіне жаңа ғимарат керек, – дейді Ә.Жо­ламанов. – Олар Исатай ауданы Қамысқала, Махамбет ауданы Алмалы, Қызылқоға ауданы Еспай, Құрманғазы ауданы Теңіз, Байда, Асан, Сүйіндік елді мекендері.

Ескерткіштер – ел мұрасы

Тәуелсіздік жылдарының та­ғы бір жемісі – тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау, зерттеу бағытында жүйелі жұмыстар жүр­гізілді. Қазір облыста 317 рес­публикалық және жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер мемлекет қорғауына алынған. «Одан басқа соңғы жылдары анықталып, тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала есепке алу тізіміне енгізілген 511 ескерткіш бар, – дейді Әбіл Тауфихұлы. – Тәуел­­сіздіктің алғашқы жылдары тарихи-мәдени мұраны қор­ғау жұ­мысындағы қордаланып қалған мәселелер шешімін таба бастады. Ескерткіштер тізімінде тұрған үйлер мен ғимараттар, басқа да құрылыстар мекеменің рұқсатынсыз бұзылып, жойыла бастаған еді. Бірқатары жеке­ше­лендіріліп кеткен-ді. Бұл жағ­­дайлар негізінен Атырау қала­сының ескі бөлігіндегі үйлер мен ғимараттарда орын алды. Кейінгі кезеңдерде ескерткіштерді жаңарту мен ғылыми зерттеу ісіне көңіл бөліне бастады. 15 тарихи-мәдени кешендер мен ескерткіштер бой көтерді. Атырау облысынан Ұлы Отан соғысынан қайтпай қалған 27 мыңнан астам боздақтарымыздың есімі қашалып жазылған ме­мо­риалдық қабырға, Ауған соғы­сына қатысушыларға арналған ескерткіш, ел ардақ тұтатын белгілі тұлғалар Иса­тай-Махамбет, Сұлтан Бей­барыс, Құрманғазы, Дина, Жұ­ме­кен Нәжімеденов және т.б.арнап ескерткіштер мен ме­мо­риалдық-сәулеттік кешендер тұрғызылды.2016 жылдың өзінде қоғам қайраткері, ақын Фариза Оңғарсыноваға арналған ескерткіш Атырау қаласынан бой көтерді. Қазір белгілі тұлғалар Хамит Ерғалиев, Әбу Сәрсенбаев, Қаршыға Ахмедияровқа облыс орталығынан, ал Махамбет Өтемісұлына Махамбет ауданынан ескерткіш тұрғызу жұмыстары қолға алынып жатыр».
Бүгінге дейін қалпына келті­рілген ескерткіштер саны 22-ге жеткен. 140 ескерткішке қор­ғау тақтасы орнатылды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қол­дауымен Атырау өңіріндегі ірі ар­­хеологиялық ескерткіш, қа­зақ хандығының алғашқы астанасы болған ортағасырлық Сарайшық қалашығын Жайық өзенінің арнасының шайып ке­туінен сақтап қалуға 1,6 млрд. теңге қаралып, жағаны бекіту жұмыстары жүргізілуде. Осы мәселеге орай биыл ақпан айында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысумен комиссия отырысы өткізіліп, онда Сарайшық қалашығына қатысты мәселелер талқыланды. Сәуір айында Астана қаласында «Сарайшық: Ұлы қаланың тарихы» тақырыбында халықаралық тә­жірибелік-конференция ұйым­­дастырылды. Бұдан біз Са­­райшық қалашығының сақ­­талуына Үкімет тарапынан да үлкен көңіл бөлініп жатқанын көреміз. Сарайшық қалашығының қорғау аймағы анықталып, Мәдениет және спорт министрлігімен келісілуде.
Басқарма басшысының айтуынша, 2007 жылдан бастап археологиялық ескерткіштерге зерттеу жұмыстарын жүйелі жүр­­гізу ісі қолға алынған. Қызыл­қоға ауданында орналасқан Қа­ра­бау обасына, ортағасырлық «Қор­ғанша» қаласына және Жылы­ой ауданындағы «Қызыл­қорған» қалашығы мен Ин­дер ауданындағы «Тасоба» меке­­ніне, Қызылқабақ, Бор­сық қорған­дарына, Мақат ауда­нын­дағы «Тас­­кешу» керуен сарайы­ның орнына археоло­гия­лық қаз­б­а жұмыстары жүр­гізіл­ді. Та­­рихи-мәдени мұра­ны қор­ғау сала­сындағы құжаттар­ды элек­трон­дық жүйеге қосу мақса­тында «Тарих және мәдениет ескерт­кіш­терінің мәлімет базасы» жасалды. Атырау облысы­ның тарих және мәдениет ескерт­кіш­тері­нің жиынтығының 4 том­дығы шы­ғарылды. Ресейдің Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларының ар­хив­тері мен кітапханаларына ар­хео­логиялық экспедиция ұйым­дас­тырылып, «История и культура Аты­рау в русских источниках (ХVІІІ-ХХ вв.)» атты деректер жина­ғы­ның 5 томд­ығы, «Сарайшық бабалар мұ­расы» кітаптары жарыққа шықты.

Ел іші – өнер кеніші

Қазір облыстағы мәдениет саласында 2347 қызметкер еңбек етеді. Тәуелсіздік жылдарында оннан астам шығармашылық ұжым құрылды. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан 24 мәдениет қызметкері баспаналы болды. «Өнер иелеріне көрсетілген қол­дау оң нәтижесін беріп келеді. «Мұрагер» фольклорлық ансам­блі биыл Үндістанда өткен халық­аралық музыка фестиваліне қатыс­ты. Белгілі қолөнер шебер­лері Халифа Мусина мен Қайрат Шапабаевтың жұмыстары Баш­құрт­станда бол­ған көрмеде жоғары бағаланды. Айта­лық, Ресейде өткен ІІІ-ші Халықаралық «Розы Рос­сии-2017» хореографиялық ансам­бл­дер­дің фестиваль-конкурсына филар­монияның «Інжу-Маржан» және «Махамбет» би ансамблдері қатысып, бірнеше жүлделі орынға ие болды. Мәскеу қаласындағы Гнесиндер атындағы Ресей музыка акедемиясының үлкен залында өткен әлемдік ұлттық оркестрлердің IV Халықаралық фестиваліне «Нарын» халықтық ұлт аспаптар оркестрі қатысты. Махам­бет атындағы қазақ драма театры ұжымы Ресей Феде­рациясының Мәскеу қаласында Г.Пряхиннің «Тергеу» спектаклі­мен гастролдік сапарда болды. Сон­дай-ақ, театр ұжымына Ресей Федерациясының Керьч қала­сындағы «Боспорский агоны» халықаралық фестиваліне, АҚШ-тың Вашингтон, Нью-Йорк қалаларынан және Македония мемлекетінен шақыртулар түсті. Өткен жылы «Мұрагер» фоль­клорлық ансамблі Мысыр елінің Каир қаласында өткен фоль­клорлық фестивальге қатысты. Тәуелсіздік жылдары ішінде шы­ғармашылық ұжымдар 20-ға тарта шет елдерде өнер сапарларымен болды. Саладағы ілкімді істердің бастау алуында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы зор маңызға ие. Алдағы атқарар жұмыс­тарымыздың алтын қазығы да – осы», – дейді Әбіл Жоламанов.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ