24 тамыз күні Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанындағы алаңқайға ескерткіш орнатылды. Кімнің дейсіз ғой? Лениннің! Иә, иә, шортандай шоршып түспеңіз. «Естімеген елде көп, есек мінген сартта көп» деген осы. Елбасымыз бастаған Қазақстан халқы мәртебемізді көтеріп, мерейімізді асыратын Тәуелсіздіктің 20 жылдығын еңселі істермен қарсы алу шараларына жұмыла кіріскенде, жергілікті биліктің бұл қылығын түсіне алмай далмыз.
Бізге мәлім болғанындай, Қазақстан Халықтық коммунистік партиясының облыстық филиалы бұрынғы ет комбинатында еш ескерусіз тұрған тас мүсінді көпшілік серуендейтін жерге қоюды Петропавл қалалық әкімдігінен өтініп, үшбу хат жолдаған. Көзқарасы мен ұстанымы әртүрлі саяси ұйымды қалалық ардагерлер кеңесі мен мәслихаттың қоштай жөнелуі түсініксіз. Мәселенің қала әкімі Нұржан Әшімбетов төрағалық еткен қала құрылысы кеңесінде қаралып, қолдау табуы да еш ақылға сыймайды. Әкімдіктің баспасөз қызметінің оқиғаға айрықша маңыз бергені соншалық, жергілікті басылымдар арқылы жар салып, жерден жеті қоян тапқандай мәз болды. Ерекше белсенділік танытқан ардагерлер ұйымы да, басқа қолдаушылар да тас мүсінді маңызы бар архитектуралық, мәдени ескерткішке жатқызу қисынсыздығын біле тұра «күн көсемін» қорғаштап әлек.
«Айтпасаң сөздің атасы өледі» демекші, реті келіп қалғаннан кейін көңілімізде жүрген мына жәйтті ортаға салғанды жөн көрдік. Былтыр облыс орталығының әр жерінде жан-жануарлар мен адамдар бейнеленген гүлзарлар мен саябақтар пайда болды. Солардың бірі Пушкин және Сүтішев көшелерінің қиылысына орналасқан. Қара жерді төсеніш етіп отырған қазақтың қара шалының мыжырайған малақай секілді жүдеу түріне, құр сүлдеріне көз жіберіп, бастапқыда ашаршылық құрбандарына қойылған белгіге балағанбыз. Тек қолындағы аспабына қарап (қобыз екенін әрең ажыраттық) қобызшы екен ғой деп топшыладық. Иә, Асанқайғы, иә Қорқыт баба дейін десең, ұсқынынан адам шошиды. Бір жерде көрген сияқтымыз. Есімізге түсті. Үйге келгесін немереміздің боқшантайын ақтара бастадық. «Алдардың шайтанды алдауы» суретті кітапшасы көзімізге оттай басылды. Анық сол. Көшіріндісі секілді, аумайды-ау! Жердің жыртығы болса кіріп кетуге барсың. Ал «Фрегат» сауда үйі жанында «жайылып жүрген» құлынды биеден әудем жерде малдас құрған қазақтың тағы бір мыжырайған шалы отыр. Қолында – кәрлен кесе. Алға қарай ұмсына түскен. Мүсіншінің дәру сусынды баппен ішкен жанның бейнесін бермек ойы сәтсіз шыққан. Оның қасынан әрлі-берлі өткен-кеткен кейбіреулердің қол жайған қайыршыға ұқсатып, кесеге тиын тастап кететінін сол маңайда тұратын талай адамның аузынан естідік. Өзімнің де куә болғаным бар. Олақ мүсіншілердің ұлттық намысқа тиетін осындай молақ дүниелерін түзету, қалпына келтіру жөнінде қанша айтылып келе жатса да, еш ескерілер емес. Осының алдында ғана орталық демалыс саябағында еліміздің танымал тұлғаларына арналған ескерткіштердің сиықсыздығынан біразы алып тасталған болатын.
Енді, міне, облыс әкімі Серік Біләловтің «20 игі іс» шарасын қолдап, Тәуелсіздігімізге қатысты жан жадыратар ауқымды жұмыстарды өрістетудің орнына архитектуралық, мәдени ескерткіштер мен тас мүсінді шатастырған «шала шекспирлер» мен «толыспаған толстойлардың» бұл әрекеті ел шежіресіндегі ерекше белеске деген «сыйы» болар, сірә?! Соншалықты әспеттейтіндей, қаланың қақ төріне қоятындай Ленин қазір кім еді?!
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.