18 Мамыр, 2017

Хас талантқа қамқорлық қажет

365 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жұмыс бабында бүгінгі спорты­мыз­дың жай-күйі туралы осы сала­ның отымен кіріп, күлімен шы­ғып жүрген азаматтармен жиі әң­гі­мелесуге тура келеді. Сала­ның сан-са­­лалы мәселесін бес саусағындай бі­­ліп қана қоймай, олардың шешу жол­­дарын да талмай іздестіріп жүр­ген осы жандардың спортқа де­ген жанашырлық пейілін көріп кө­ңілдің марқаятыны бар. Сондай аза­маттың бірі – Ұлттық штаттық ко­мандалар және спорт резерві ди­рек­­циясы директорының бірінші орын­басары Самат Ерғалиев.

Хас талантқа қамқорлық қажет

Таяуда Самат мырзамен арадағы әңгіме жасөспірімдер мен жастар арасында жарқырай көрінген кейбір дарынды спортшылардың ересектер спортына жетпей «жоғалып» кететіні жайлы өрбіді. 
«Бұл, – дейді Самат Ерғалиев, – спорты­мыздағы шетін мәселенің бірі. Бізде жастар мен ересектер спортының арасында «алтын көпір» рөлін атқаратын тетік болмайынша, іс алға жылжымайды. Неге десеңіз, сабақтас дәнекерліктің жоқтығынан жыл сайын ел спортының болашағына баланған небір дарынды спортшыларымыздан айырылып қалып жүрміз. Мәселен, жасөспірім немесе жастар арасында жарқыраған өреннің бәрі құрама командаға мүше болып қабылдана бермейді. Екі үздіктің біреуіне ғана мұндай бақтың бұйыруы мүмкін. Сон­да, таланты алдыңғысынан бір мысқал да кем емес екіншісі қайтпек? Рас, қа­зіргі таңда әр спорт түрі бойынша фе­дерацияларда екі ортада қалып қойған дарынды жастарға арналған тәжірибелік орталықтар ашыла бастады. Міне, таланттың ашылуына зор мүмкіндіктер беретін осы орталықтар мем­лекет тарапынан жан-жақты қам­қор­лыққа алынса, нұр үстіне нұр болар еді».
Иә, мемлекет бұл мәселеге мойын бұрмайынша, жас ерекшеліктері бойынша дүниежүзілік додаларда жүлдегер атанып жүрген өрендеріміз өгей баланың күйін кешері анық. Мысалы, жарыстарда үнемі екінші, үшінші болып жүрген жас дарынның ба­ғы өсе келе жануы әбден мүмкін ғой. Жоғарыда Самат мырза айтқан тә­жірибелік орталықтарда тұрып, ше­берлік ұштаған оғландар, біле-білсек спорты­мыздың сарқылмас қоры ғана емес, бәсекелестіктің қайнар көзі де емес пе? 
Осындайда еске түседі. Қараған­ды­­дағы Әлия Молдағұлова атын­да­ғы спортқа бейімді, дарынды ба­ла­ларға арналған облыстық маман­дан­­дырылған мектеп-интернат 1998 жыл­ға дейін «Олимпиялық резервтер учи­л­ищесі» деп аталып келді. Яғни, бо­лашақ чемпиондардың құтханасы сол кезде спортта ерекше көзге түс­кен тәрбиеленушілерін орта мектеп аттес­татын алған соң ұядан бірден ұшы­рып жібермей, екі жылдық учили­ще­ге алып қалатын. Солардың көбі кейін­нен ересектер арасында жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Қайсыбірі қолына училищенің дипломын алып, бапкерлік қызметтен бақытын тапты.
Міне, бүгінгі күнде мамандар осы тәжірибенің өміршеңдігін жиі айтып жүр. Расында да, бес жыл интернатта жатып, бес мезгіл тегін тамақ ішкені өз алдына, таңдаған спортының қыр-сы­рын меңгерген талай дарынды бала­ның интернаттан түлеп ұшқаннан кей­ін ұшты-күйлі «жоғалғанын» естігенде желге ұшқан есіл ақша-ай, далаға кеткен есіл еңбек-ай деп қынжыласың...
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­­дары 17-18 жасында «КСРО спорт ше­­бері» атағын алып, спортты тас­тап кеткен талай дарындыны көрдік. Әлбет­те, солардың көбі әлемдік, олим­пия­лық додаларда елдің атын шығарар си­рек талант иелері-тұғын. Рас, ол кезде заман басқа болды. Ал қазір ше? Ел есін жиып, еңсе тіктеген бүгінгі күнде бала­ғында биті бар балалардан көз жазып қалу – мамандар мен бапкерлер өз ал­дына, жалпы спортымыз үшін орны толмас өкініш емес пе? 
«Талантқа демеу керек, дарынсыз өзі-ақ жарып шығады» деген кім айтса да тауып айтқан нақыл бар. Жалғанда осы сөзде қате жоқтығына талай көз жет­кізіп жүрміз. Иә, таланттың мінезі қанша тарпаң болғанымен, қу тірліктің қитұрқысы алдында ол шіркіннің абдырап қалатыны бар. Өйткені, оларға Жаратқан ием дарынды үйіп-төгіп берген де, қарақан бастың қамын ғана күйттейтін жағымсыз мінез-құлыққа орын қалдырмаған ғой. 
Иә, ел спортының ертеңі жарқын бо­лу үшін жастар спортынан ере­сек­тер­ге өткен ерлерімізге жан-жақ­ты кө­мек мәселесі мемлекеттік деңгейде ке­шенді шешімін тапса дейсің. Да­рын­ға қанша баймыз десек те, хас та­лант­тың сұңқар құстың баласындай сыңар һәм сирек туатынын естен шығармағанымыз абзал.

Қайрат ӘБІЛДИНОВ,

«Егемен Қазақстан»