Бір жағынан бьюти индустрия жаһанның көзқарасын теңестіретін бір тетік. Тіпті, бизнестің бұл саласы сол ғаламдасудың бүлкілдеп тұрған күретамыры десек те болады. Мысалы, соңғы он жылда арық қыздар трендке айналды. Соның арқасында диетологтарға, фитнес залдарға, арықтауға арналған дәрі-дәрмек өндірушілерге толассыз нәсіп табылды. Сол сән бикештерше бояну мен киіну, соңғы трендтен қалмау, брендтерді түгендеу – осы кәсіпті үлкен индустрия деңгейіне дейін өсіріп жіберген.
Психологтар жарнаманың ерлерге қарағанда әйелдерге өтімді екенін баяғыда дәлелдеген. Ал қырағы көзді масс-маркет бұл мүмкіндікті жібере қоймайды. Соның арқасында бүгінгі әйелдер дүниені дағдарыс түгілі аждаһа жұтқалы тұрса да, боянуын тоқтатпайтын дәрежеге жетті. Бояумен бірге тумақ жоқ, бірақ жанын беруге дейін баратын нәзік жандылар бар. Нәзік жанды демекші, индустрия жасаушылар нәзік психиканың осал тұстарын баяғыда-ақ торға түсіріп қойған. Бірақ бұл да бір құмар ойын секілді адам психикасына әсер ету арқылы ақша жасау екендігін тіс жарып ешкім айтқысы келмейді. Несі бар? Сұлу болған жаман ба? Бірінен бірі өтіп тұрған сұлулық жер деген ғаламшардың маңдайына тар келеді дейсің бе? Бұл beauty индустрияға қысқаша ғана шолу болсын. Енді осы саланың бүгінгі тынысына тоқталайық.
Бьюти тренд
Әлемдік деңгейдегі визажистер биыл бикештерге боянғанда әлпеттегі табиғи реңкті сақтауға мән беруге кеңес береді. Және кәсіби макияж – қиын деген қағиданы ұмытатын кез келді. Қолжетімді бояулармен-ақ бет мүшелерін айқындап шығуға болады. Қазір ерінде ұзақ сақталатын қарындаш пен су құрамды сұйық хайлайтерлер трендке айналған. Егер тональды кремді су құрамды хайлайтерге араластырып жақса, жоғарыда айтқан табиғи қабат түзілген болар еді. Бұл тәжірибе визажистер тарапынан тексерілген. Ал қызғылт түсті далаптардың сәнді екенін айтудың өзі артық шығар. Неге десеңіз, баяғы табиғилықтың сәнге кіргенін көлденең тартамыз. Содан соң бір талдап жабыстыратын кірпіктер, ленталы кірпіктерге орнын берді. Ленталы кірпіктер адамның өз кірпігіне зиянын тигізбейді. Сосын визажистің көмегінсіз, өзіңіз жабыстырып, алып тастауыңызға болады.
Сол сияқты сояудай тырнақтар да сәннен қалды. Енді тырнақты өсірмей, оны ашық қызғылт, сары, яки көгілдір түске бояған дұрыс.
Жазда қалай бояну керек?
Жаздық макияжда ерінді қанық түстермен бояудан қорықпау қажет. Ерін бояғы ұзақ күнге сақталу үшін тинттерді пайдаланса болады. Тинт корейлер ойлап тапқан тренд. Құрамындағы бояушы пигмент теріге тез сіңіп, 10 сағат бойы ерін боялғандай алқызыл түске енеді. Кейінгі кезде визажистер қауымы тинтті өңлік (румяна) ретінде бетке де жағып жүр. Әлемдік бьюти блогерлер тинтке анықтама бергенде далап және өңлік қызметін атқаратын косметикалық төңкеріс дегенді жиі жазуда.
Ал теріні күннен қорғау үшін SPF кремдерін пайдаланған дұрыс. SPF кремдерін ультракүлгін сәулелерден қорғайды. Олардың құрамына қарай, қорғау қуаты да әртүрлі болады.
Ұзын көйлекпен кроссовка киген ерсі емес
Ұзын көйлектер мен белдемшелер бикештерді сұлу әрі тартымды етіп көрсетеді. Ал осы киімдерді кедамен немесе кроссовкамен киюге болатынын білесіз бе? Әрине, фитнеске барғанда немесе марафонға киетін кроссовканы ұзын белдемшемен киюге келмейді. Көйлекпен киетін аяқкиімнің бұл түрі сүйкімді әрі сүйірлеу келеді.
Кэжуал деген не?
Кэжуал (Casual ағылшын сөзі) ыңғайлылық пен еркін қозғалып тұруға негізделіп тігілген киім. Бұл стиль түрі ХХ ғасырда Еуропада пайда болған. Классика мен спорттық стильдің үйлескен түрін кезіктірсеңіз кэжуал деп ұққайсыз. Кроссовка мен көйлек кию де осы стилдің белең ала бастағанын байқатады.
Қазақстандағы бьюти индустрия нарығы соңғы 5 жылда 15,8 пайыз өсіпті (Forbes журналының мәліметі). Демек бұл бизнестің болашағы әлі алда деген сөз. Дағдарысқа дес бермейтін экономиканың бұл саласын дұрыстап қолға алса, пайдаға кенелуге болады. Оның үстіне, бетмайлар мен бояуларды жасау барысында азиялық, шығыстық болмыс деген түсінік бар. Осы тұрғыдан алғанда өзіміздің табиғи өнімдерден алынған косметкалық өнім, біздің табиғатымызға жақын болмақ.
Сән әлеміне саяхат жасаған Айнұр ТӨЛЕУ