Күрес • 18 Мамыр, 2017

«Күш атасын танымады...»

426 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Тарбағатай ауданының Екпін ауылында зама­нын­да балуандығымен аты алысқа кеткен Молдабай Төке­ұлы­ның құрметіне қазақ күресінен ашық біріншілік өтті.

«Күш атасын танымады...»

Әйгілі балуанның ұрпақ­та­рының ұйымдастыруы­мен қолға алынған жарысқа Тарбағатай, Зайсан аудандары мен Семей және Алматы қалаларынан ұзын саны 115 балуан қатысты. Оқушылар 8 салмақта шеберлік бай­қас­са, 16 жігіт «түйе балуан» сайысының көрігін қыз­дырды. Жиырма төрт жыл­дан кейін жаңғырған біріншілікте ауыл, аудан, облыс деңгейінде жүлде алып жүрген балуандардан бөлек екі бірдей Азия чем­пионы кілемге шықты. Бә­рі­нен де балп-балп басқан түйе балуандардың ақтық бәсекелері тартысты болды. Қазақ күресінен Азия чемпионы, салмағы 78 кило Бекзат Манаспаев финалда 130 кило тартатын Биха Қыдырмен белдесіп, айласын асырып, Тарбағатай ауданының тумасы Нұрлан Манақов осы тур­нирге арнайы тіктірген ауыс­палы белдікті тағынды.
Тарбағатай ауданындағы Марат Имашев атындағы спорт мектебі директорының орын­басары, жарыстың төре­шісі Хамит Ыдырышев бұл біріншіліктің алғаш рет ұйымдастырылса да, жоғары дәрежеде болғанын тілге т­иек етіп, алдағы жылдары об­лыстық деңгейде өткізуді жоспарлап отырғандарын жеткізді.
«1993 жылы Молдабай балуанның құрметіне турнир өткен болатын. Содан бері арада жылжып 24 жыл өтіпті. Молдабай балуанның даң­қы пен дақпыртын жұрт­шы­лыққа таныстырып жату артық болар. Дегенмен соңғы жылдары ерен күш иесінің есімі ұмытыла бастап еді. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Әрбір өлке­нің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар пер­зент­тері бар. Осының бә­рін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Бұл жарысқа қатысқан ауылдың қара до­ма­­лақ­тары арасынан ертең Оли­мпиада чемпиондары шы­ғып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!», - дейді аталған жа­рысты ұйымдастырушы, Мол­дабай балуанның ұрпағы Ардақ Қасенов.
Сайыс кезінде Екпін ауы­лында тұратын Молдабай балуанның немере інісі Болатхан Мұқышевты жо­лық­­тырдық. Ағамыз батыр тұлғалы атасын бала кезін­де көргенін айтып, анасынан естіген естеліктермен бөлісті.
«Молдабай атамыз қа­зақ балуандарымен ғана кү­рес­кен жоқ. 19 жасында шын­жырлы, ноқталы қытай ба­луанының қабырғасын қақыратып, тізесін бүктірген. Шет, Шиқу, Манас, Қызайға дейін барып, атақты балуан­дардың бәрін жықты. Өс­кемен, Семей өңірінде бұл кісі қарсылас шақ келтір­ме­ген. Әйгілі Боранқұл балуан албырт шағында Мол­дакеңмен күреспекші бол­ғанда, екі рет иығынан басып, тізесін бүктіріп, «үшін­ші рет баспайын, тауың шағылып, бағың қайтар» деп өзінің ақ батасын берген екен. 1924 жылы Молдабай балуан Зайсан қаласында Қажымұқанмен кездескен. Бірақ күреспеген. Қажекең Молдакеңнің жасын сыйлап, Тезек Қисықовтың өзіне сый­лаған шұбар атын сый­ға тартыпты. Осы ат балуан дүниеден өткенде жа­на­за­сына сойылды», – деді ба­луанның немере інісі.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, 

Тарбағатай ауданы