Мұнда кезекші прокурорлар азаматтарды қабылдап, оларға кеңес беріп, өтініштерді жазу барысында көмек көрсетеді. Сондай-ақ, азаматтарға прокуратураның барлық деңгейдегі басшыларының қабылдауына жазылуға мүмкіндік туғызылған. Азаматтар өтініштерінің қаралу барысы жайлы ақпарат пен жауаптардың көшірмелерін де ала алады.
Бұл жаңа орталық күту орнымен және электронды кезекпен жабдықталыпты.
Орталық жұмысын қонақтарға таныстыру барысында осы орталық басшысы – Бас прокурордың аға көмекшісі Сағатбек Сүлеймен: «Бас прокурор Жақып Асановтың тапсырмасымен ағымдағы жылдың сәуірінен бастап тестілік режимде жұмыс жасай бастаған Азаматтарды қабылдау орталығы құрылды. Біз бүгін ресми түрде оның тұсауын кесіп отырмыз. Бұл халықпен жұмыс жасаудың сапасын жақсартудағы қадамдардың бірі және бірегейі болып табылады. Жылдың аяғына дейін өңірлерде де осыған ұқсас жағдай жасауды жоспарлап отырмыз», – деді. Ал АЕАжҚС ҚР Арнайы есепке алу және құқықтық статистика комитетінің төрағасы Бағдат Мусин орталық құру туралы ойдың жүзеге асқаны туралы кеңінен тарқата әңгімелеп берді.
«Біздің қызметкерлер осы кеңістікті, ең алдымен, өздері сезінуі тиіс. Халыққа қызмет көрсету орталықтары секілді біз халыққа қызмет етуіміз керек, бұл үшін сервистік ахуал қалыптастыруымыз қажет және прокурорлар да осыған бет бұрғаны жөн. Жақын арада іске қосылатын Құқық қорғау қызметінің орталығында да сервистік жетілдіруді ұсынатын боламыз», – деді Б.Мусин.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 115 сall-орталығы да өзгерістерден тыс қалмады, онда бизнес-процестер жетілдірілді. Бұл орайда Бас прокуратураның Арыз-шағымдарды қарау туралы заңдардың қолданылуына қадағалау және іс жүргізу басқармасының бастығы Жанболат Туғанбаев: «Біз қызметімізді белсенді түрде жетілдіріп келеміз. Өткен жылы 73 мыңнан аса қоңыраулар қабылданды, олардың әрқайсысы біз үшін өте маңызды және әрбір өтініш мұқият зерделенді», – деді.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»