Меморандум бойынша Қазақстанда ислам қаржыландыру жүйесін дамыту жолындағы жалпы міндеттерді шешу үшін Қауымдастық жанында өзара диалог алаңын құру арқылы нарықтағы өкілдермен бірлескен бағдарламалар мен түрлі шаралар дайындау, елде ислам қаржы жүйесін насихаттау, дамыту мақсатында форум, конференциялар ұйымдастыру көзделген. Сондай-ақ Қор бағдарламаларын жүзеге асыруға бағытталған біріккен шаралар кешенін жүзеге асыру, «Даму» Қорының қызметкерлерін, кәсіпкерлерді оқыту да жоспарда бар, деп хаюарлайды "Даму" қорының ресми сайты.
«Өткен жылы «Даму» Қоры ислам қаржыландыруы бойынша жұмысшы тобын құрдық. Оның құрамына Ислам қаржы дамыту қауымдастығы мен осы салада жұмыс істеп жүрген бірқатар қаржы ұйымдары кірді. Сөйтіп бірлесе отырып Ислам қаржыландыруын дамыту жөнінде ішкі бағдарламамызды жасадық. Ол бағдарлама құжат ретінде дайын. Енді тек қаржыландыру тетіктерін тақылап, бір мәмілеге келу қалды. Менің ойымша ол шешілетін мәселе. Ислам қаржы шарттары бойынша әлем елдерінің 60 пайызы жұмыс істейтінін ескерсек, біздің де бұл көштен қалуға қақымыз жоқ. Елбасы Ислам қаржыландыруын дамыту жайлы тапсырма бергенін де өздерінің білесіздер. Сондықтан да біз өз тарапымыздан «Даму» қорымен жұмыс істейтін кәсіпкерлерге Ислам шарттары бойынша қаржыландыру талаптары жөнінде ақпараттандыру жүргіземіз. Әрі Қазақстанда осы шартпен жұмыс істейтін «Әль-Хилал» банкі мен «Заман» банкінің ішкі құжатары дайын болып, жұмыстарын шариғат кеңесі мақұлдаған жағдайда біз шағын және орта кәсіпкерлерді қаржыландыруды бастамақпыз»,-деді «Даму» Қоры Басқарма төрағасының орынбасары Дәулет Әбілқайыров.
Ислам шарттарымен қаржы алу үшін кәсіпкерлерге Ислам қаржыландыруының не екенін білу маңызды. Меморандум аясында ұйымдастырылған «Бизнесті дамытуға арналған ислам қаржыландыруына қалай қол жеткізуге болады?» атты үш сағаттық семинар осы сұрақтарға жауап берді.
Шара барысында «Аль Сакр Финанс», «Kazakhstan Ijara Company», Ислам қаржы дамыту қауымдастығының және «Садақа» қайырымдылық қорының өкілдері ислам қаржы институты бағдарламаларының таныстырылымын өткізді. Таныстырылым барысында жиынға келген кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Атап айтқанда Ислам шарттары бойынша жұмыс істейтін банктер елдегі басқа да екінші деңгейлі банктерге бәсекелес бола ма? Ислам банктері қандай талаптар бойынша жұмыс істейді? Тек Ислам дінін ұстанушыларға ғана қызмет көрсетіле ме? Ислам шарттары бойынша қаржы алмақ болған кәсіпкерге қандай талаптар қойылады,-деген сияқты көптеген сұрақтарға жауап тапты.