Алдыңғы бөлімде жергілікті Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театр әртістері ақынның «Он сегіз мың ғалам және ксенофобия дерті» атты өмірзая-толғауын «Үрей дерті» тақырыбында сомдап шықты. 2-ші бөлім ақын шығармашылығына арналды. Әртістер С.Адай шығармаларын оқып, әншілер ақын сөзіне жазылған әндерді орындады. Сондай-ақ, күйші Сабырдың шәкірттері күй төкпектетті.
– Бүгін шын мәнінде қазақтың қара өлеңінің төрге шыққан күні. Сөздің киесі құрметтелген мерейлі де мәртебелі, рухани кешке куә болып отырмыз. Қазақ үшін сөз – кие, жыр – намыс, өлең – өмірдің мәні. Данышпан Абай айтқандай: «Өлең – сөздің патшасы!» Осы қасиетті топырақта кіндік қаны тамған қазақтың көрнекті қаламгері, мемлекет және қоғам қайраткері, Әбіш аға Кекілбайұлы жиі айтатын бір сөз бар: «Қазақтың ақын болмауы мүмкін емес, өйткені әр сөзі бірін-бірі іздеп тауып, құшақтасып, ұйқасып тұрады» деген. Шынында да қазақтың жаны ақын, рухы ақын!
Ұлан байтақ даланың төсінде, еркін өскен елдің жанын қорғаған бір қаруы – білегінің күші, найзасының ұшы болса, арын қорғаған бір қаруы – Сөз болатын. Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған секілді жыраулардан басталатын Маңғыстау әдебиеті бүгін де тұлғасыз емес. Өзінің «Әр қазақ – менің жалғызым» деген бір ауыз сөзі ұлтының ұранына айналған ақын Сабыр Адай – сол тұлғаның бірі. Тәуелсіздіктің туын тіктеп, халқымыздың рухын асқақтатып, ұлттың бірлігін күшейту жолында Сабыр ақынның осы бір ұран-жырын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тіліне тиек еткен болатын. Біртұтас Қазақстан халқының ынтымағын жырлап, тыныштығын тілеу үшін де үлкен жүрек керек. Өз ұлтын шексіз сүйген, шынайы елшіл, отаншыл жүрек керек. Сондай жүректен туған жыр ғана халқының арманымен үндеседі:
...Қазақстан – жалғыз ұлы қазақтың,
Сол жалғыздың құрбандығы бар қазақ!
Меніңше ақынның бар ақиқаты осы екі жол жырмен айтылып тұр.
Тәуелсіздікті алу қандай маңызды болса, оны сақтап тұрудың жауапкершілігі одан да зор екендігі туралы Елбасы жиі айтады. Бір кездері Бұқар жыраудан бастап қаншама ата-бабамыз азаттықты аңсап жырласа, жаңа заман ақындарының қаламына елдің еркіндігін, қазақтың дербес мемлекеттігін жазу бұйырды. Бұл үлкен бақыт, зор жауапкершілік! Сіз осы жауапкершілікті арқалаған ақынсыз.
– Құрметті Сабыр ақын!
Өзіңіз жырлаған Махамбеттің сертіндей берік, семсеріндей өткір, өр рухты жырларыңыз ғұмырлы болуын тілеймін. Әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер, қоғамда елдік идеясы айқын қайраткер, алаштың арлы азаматы деген абыройыңыз аса берсін, жасай беріңіз! Шығармашылық кешіңіз құтты болсын! – деді Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов құттықтау сөзінде. Аймақ басшысы Сабыр Шеркешбайұлына облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасын тапсырды.
Құттықтаушылар легі аз болған жоқ – олар ақын шығармаларын жоғары бағалап, деніне саулық, отбасына амандық тіледі, әлі де тың туындылар күтетіндіктерін жеткізді.
Кеш «Нұр Плаза» мейрамханасында ақын мен оның қонақтарының құрметіне облыс әкімі жайған дастарханда жалғасты. Бас-аяғы 8 сағатқа созылған кеште азаматтар «халықтың шын мәнінде Сабыр сынды ақындарының өлеңдеріне шөліркеп жүргендігі аңғарылды» деп тарасты.
Гүлайым Шынтемірқызы,
«Егемен Қазақстан».
Фото: Серік Майемеров.
АҚТАУ.
Бүкілодақтық II Халық шығармашылық фестивалінің лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының иегері, ЮНЕСКО аясында өткен халықаралық Махамбет сыйлығының иегері, Бейнеу және Маңғыстау аудандарының «Құрметті азаматы», белгілі ақын Сабыр Адайдың «Алтынзер» атты жыр кеші 2 бөлімнен тұрды.
Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Бүгін, 16:25
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Бүгін, 15:47
Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен 19 жастағы қыздың мәйіті табылды
Қоғам • Бүгін, 15:17
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Бүгін, 14:42
Алаш қозғалысы: 12 том құжаттар мен материалдар жинағы толық жарық көрді
Руханият • Бүгін, 14:03
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Бүгін, 13:32