ОТАНДЫҚ ҮЛЕСТІҢ ОРЫНЫ БӨЛЕК
Мұнайлы өңірдегі өзекті проблема - «Теңізшевройл» компаниясының келешектегі кеңейту жобасына отандық бизнестің қатысуы. Бизнес-қауымдастықпен кездесуге қатысқан «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев:
«Атырау облысында жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларының көлемі шамамен 170 млрд. теңге. Бұл «Самұрық-Қазына» АҚ желісіндегі сатып алулардан көп, мемлекеттік сатып алулар көлемінен үш есе жоғары. Сондықтан біздің кәсіпкерлер осы мүмкіндікті толық пайдаланулары керек», - деп атап өтті.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев ТШО мен Өңірлік кәсіпкерлер палатасы арасында өзара ынтымақтастық орнағанын айтады.
«Теңізшевройл» компаниясының Отандық нарықты дамыту департаменті жергілікті және басқа облыс компанияларын тарту үшін тендерге қатысты сауалдарын Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жолдайды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында шағын және орта бизнес бойынша еліміздің барлық өңірлерін қамтитын кеңейтілген деректер базасы бар. Өзара ынтымақтастық аясында материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімімен де қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Техникалық қызметтің 20 түрін көрсететін жеткізушілердің бірлескен форумы нәтижесінде республиканың 200-ден астам қатысушы компаниясы қамтылды. Сол компаниялардың біразы «Теңізшевройлмен» тығыз байланыс орнатып, оған өз қызметтері мен тауарларын ұсынып отыр», – деді ол.
Жалпы облыста өткен жылы мемлекеттік сатып алу көлемі 95 млрд теңге болған. Биылғы жылдың төрт айында 135 миллиард теңгеге тауар сатып алынған, оның 86 пайызы – қазақстандық өнім. Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Асылбек Жәкиев осы мәселеде түйткілді тұстардың бар екенін атап айтты. Мысалы, мемлекеттік сатып алуларда құрылыс саласында жергілікті қамту үлесі өте төмен.
Қазақстандық сервистік компаниялар Қытайлық үлесі бар жер қойнауын пайдаланушылардан жұмыс көлемін ала алмайды. Өнімдерді бөлу туралы келісімге сәйкес, барлық шетелдік мердігерлер мен қосалқы мердігерлер кедендік және салықтық баж салықтарынан босатылған. Сондықтан тауарды осы жақтан өндіргеннен көрі, шетелден сатып алған арзанырақ.
Бұл жағдай тендер өткізу кезінде отандық жеткізушілерге қиындық тудырып отыр. Техникалық сипаттама талаптары да қайта қарауды қажет етеді.
БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІНІҢ БАЗЫНАСЫ
Кәсіпкерлікті дамытудың тағы бір тетігі – шағын индустриалдық аймақ құру және дамыту мәселесі. Атырауда «Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы бар. Төралқа Төрағасы облыс орталығында шағын бизнеске арналған индустриалдық парк қарастыру керектігіне назар аударды.
«Мысалы, жұмыс істемейтін ескі кәсіпорын болуы мүмкін, мұнда инфрақұрылым жүргізілген орны бар, өз ісін енді бастаған кәсіпкер бизнесін дамыту үшін оны пайдалана алады. Оның үстіне мұндай жобаларға қомақты қаржы құю талап етілмейді», - деді Тимур Құлыбаев.
Егіс алқабын суару үшін берілетін субсидия көлемі де атыраулық шаруалардың көңілдерінен шықпайды. Бір текше метр судың мемлекет тарапынан субсидияланатын 50 пайыз мөлшері жеткіліксіз екеніне наразылық білдірушілер бар.
«Жасыратыны жоқ, суаруға жұмсалатын әр текше метр судың құны өзге өңірлерге қарағанда қымбат. Осы орайда Ауыл шаруашылығы министріне Атырау облысын субсидиялау шарттарын қайта қарауға ұсыныс жасадық. Министр бізді қолдап, келесі жылы ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілерге субсидиялау көлемін 85 пайызға дейін көтеруді жоспарлап отыр», — деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Биыл Атырау облысында егіс алқабын 8327 гектарға дейін арттыру көзделген. Оның ішінде 2300 гектарға тамшылатып суару әдісі қолданылады. Өсімдік шаруашылығын өркендету бағытында аймақта төрт бағдарлама бойынша субсидиямен қолдау жүзеге асырылады. Ол үшін жергілікті бюджеттен 208,2 млн. теңге қаралып отыр.
Бұған дейін Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында пилоттық жоба ретінде енгізілген «Бастау Бизнес» бағдарламасы Атырауда да жүзеге асады. 80 ауыл-аймақты қамтитын жобаға 15 мыңнан астам адам қатысады деп жоспарланған. Оны іске асыруға бюджеттен 1 млрд 200 млн теңге бөлінеді.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов өңірде кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасалып жатқанымен, кедергілер әлі де бар екенін жасырмады. Бизнес иелері жер телімін алу, аукциондар өткізу, рұқсат қағаздар алу, құжат рәсімдеу кезінде проблемаларға жолығады. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры монополист мекемелер тарапынан кәсіпкерлерге кедергі көбейгенін айтты. Өткен жылы облыстық кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдері тарапынан 198 өтініш түскен, оның 48 пайызы бизнес иелерінің пайдасына шешілді.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметі «Бір терезе» қағидасына негізделген. «Алаш» мәліметтер базасы жүйесінің операторы «Алгоритм КЗ» мәліметтер базасы жұмыс істейді. Бұл базаға тіркелген кәсіпкер бірден 3 оператордың әлеуетті жеткізушісі болады. Қазір базаға 19 компания тіркелген. «Болашақта бизнестің барлық субъектілеріне ортақ болатын «бір терезе» қағидасын орындау үшін «Теңізшевройл» компаниясы мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында келісімге қол қою міндеті тұр. Бұл құжат компанияның барлық жобаларында отандық қамту үлесін ұлғайтуға жол ашып, жер қойнауын пайдаланушы компанияға да, Қазақстан кәсіпкерлеріне де тиімді болмақ» деді А.Жәкиев.
Кеңейтілген кеңесте Атырауға кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының қажеттілігі де сөз болды. Сондай-ақ облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің жаңа басшысы сайланды. Енді аталған кеңесті Қазақстанға танымал іскер ханым және қоғам қайраткері Әлия Бекқожиева басқарады.
Биыл аймақтағы кәсіпкерлікті қолдауға 300 млн теңге бөлінген. Облыс әкімі «Даму» қоры арқылы тағы 250 миллион теңге қарастырылатынын айтты. Отандық бизнесті дамытуға бағытталған шаралар оң нәтиже берері анық.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ.