Парламент • 19 Мамыр, 2017

Ізгілік жолындағы игілікті бастама

297 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Кеше елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XVI отырысы өтті. Шараға ислам, христиан, иудаизм, буддизм, даосизм, синтоизм, индуизмнің жоғары мәртебелі өкілдері, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымдардың басшылары, оның ішінде БҰҰ Өркениеттер Альянсының директоры Метью Ходс, Дүниежүзілік бейбітшілік хабаршысы кеңесінің бас хатшысы Пичаи Товивич, Бі­рік­кен Араб Әмірліктері толе­рант­тылық мәселелері жөніндегі министрінің кеңесшісі Рашид әл-Тунайджи қатысты.

Ізгілік жолындағы игілікті бастама

Ортақ күш-жігер текетіреске тосқауыл қояды
Отырысты Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, Съезд Хат­шы­лығының басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев ашып, дінаралық өзара түсіністікті нығайту ісіндегі Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларына қолдау көрсеткендері үшін шараға қатысушыларға ризашылығын білдірді.
«Құрметті Съезд Хатшылығының XVІ отырысына қатысушылар! Сіз­дермен Астанада кезекті Съезд Хат­шылығының дәстүрлі отырысында жүздескеніме қуаныштымын. Сіз­дер әрдайым дінаралық өзара түсі­ністікті нығайту жолындағы Қазақ­станның игі бастамаларына бел­сенді түрде қолдау көрсетіп келе­сіздер. Әлемдік және дәстүрлі дін­дер лидерлері съезінің жұмысына қосқан айтулы үлестеріңіз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Бұл ынтымақтастық әрі қарай да табыс­ты жалғасын табады деп сенемін. Барлық қатысушылардың атынан барша мұсылмандар қауымын келе жатқан қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер», деді өзінің сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы. 
 Сонымен қатар, ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру туралы қазақстандық бастама шеңберінде нығайып келе жатқан үнқатысу форумының айналасына мүдделі қатысушыларды көптеп тартып отырғанына тоқталды. Бұл ретте, Сенат Төрағасы: «Мемлекет басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, танымал саяси және қоғам қайраткерлері, ғылыми қоғамдастық пен азаматтық сектор өкілдері діни көшбасшылардың үнқатысудағы тікелей серіктестеріне айналды», деп атап өтті. 
 Жиын аясында діни және сая­си қайраткерлердің үнқатысуын ны­ғай­ту жөніндегі күш-жігер де ерек­ше атап өтілді. Қ.Тоқаев өткен жыл­ғы мамырда Астанада түрлі елдер­дің парламентшілері, Съезд Хат­шы­лығының мүшелері және сарап­шылардың қатысуымен «Діндер терроризмге қарсы» конференциясы өткенін еске салды.
 Сенат Төрағасы биылғы нау­рызда Санкт-Петербургте өткен Ха­лықаралық терроризм жөніндегі пар­ламенттік конференцияда ЕҚЫҰ және ТМД Парламенттік Ассам­блеяларының көптеген депутаттары кезекті VI Съезге қатысуға ықылас білдіргенін хабарлады. Сондай-ақ, әлемнің көптеген аймағындағы текетірестер мен ядролық қарудың таралу қаупіне байланысты жаһандық саяси дүрбелеңдер көріністері күшейіп келе жатқанына назар аударды. 
«Көптеген елдерде әлемдік тәртіпті құлдырату, ксенофобияны өршіту, этностық-діни белгілер бойынша кемсіту қаупіне ұшырататын популизмге ұмтылу үрдісі шегіне жетіп тұр. Жер бетіндегі өркениеттің барлық жетістігін жоқ қыла алатын жаһандық экономикалық, әлеуметтік және экологиялық проблемалар да планетамыздың болашағына қатер төндіруде», – деді бұл жөнінде ол. 
 Жиын барысында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы – Қазақстан Парламенті Сена­тының Төрағасы биылғы жылы Қазақстан Көшбасшысының бастамасымен конституциялық реформа жүргізілгенін, ол саяси жүйені одан әрі демократия­лан­дыруға, жергілікті мемлекеттік бас­қару және өзін өзі басқару органдары қызметінің құқықтық негіз­дерін жетілдіруге бағыттал­ғанын жеткізді. «Бұл ретте, ішкі тұрақтылықтың факторы ретінде ұлтаралық және конфессияаралық келісімге ерекше назар ауда­рыл­ған. Конституциялық рефор­ма­ның қорытындысында бұл норма еліміздің Ата Заңында бекітілді»,– деді ол. 
 Қ.Тоқаев өз сөзінде уақыт алдымызға қойып отырған көптеген сын-қатерлерге өткен жылғы Дүниежүзілік ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Президент Н.Назарбаев жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінен жауап табуға болатынын да айтты. Төрағаның пікірінше, VI Съезге қатысушы діни және саяси өкілдердің оны талқылауы қауіпсіз және әділетті әлем құру жолындағы мақсатқа жақындата түспек. «Бұл құжатта бейбітшілік тетіктері негізінде дағдарысқа және шиеленіске толы жағдайларды түбірімен жоюға болатын алгоритм көрініс тапқан. Сондай-ақ, бұл манифест соғыс өртіне әкелетін себептердің алдын алуға және қауіпсіздіктің шын мәнісінде жүзеге асатындай талап-ере­же­лерін әзірлеуге шақырады. Атал­ған манифест БҰҰ-ның рес­ми құжаты болып бекітілді. Сон­дықтан, оны Әлемдік және дәс­түрлі діндер лидерлерінің VI съезіне қатысатын діни және сая­си өкілдермен бірлесе талқылау бәрімізді қауіпсіз және әділетті әлем құрудағы мақсатымызға жақындата түседі деп ойлаймын», – деді Қ. Тоқаев.
 Әлемдік және дәсүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы – Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы өз сөзінде Хатшылық отырысы V Съездің шешімдерін тәжірибе жүзінде іске асыруға айтарлықтай деңгейде үлес қосатынына және жалпы, дүниежүзілік деңгейде кеңінен мойындалған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі аясындағы үнқатысу мен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ықпал ететініне сенім білдірді. 
 Қ.Тоқаев сөзінің соңында: «Қазіргі әлемде дін лидерлерінің рөлі аса маңызды. Халықаралық өткір мәселелерді шешуде сіз­дерге көп нәрсе байланысты. Біз ор­тақ күш-жігерімізбен діндер мен өркениеттердің шынайы текетірестеріне жол бермеуі­міз керек. Сіздерге, дін көшбас­шы­ларына бүкіл әлем зор үмітпен қарап отыр», – деп атап өтті. 

Рухани келісім – қауіпсіз әлемнің өзегі
 Хатшылық отырысы барысында әлемдік діндер өкілдері де сөз алып, өз көкейлерінде жүрген ой-пікірлерін ортаға салды. Мәселен, Папа кеңесінің Қасиетті Тақтағы дінаралық үнқатысу бойынша Исламмен байланыс бөлімінің меңгерушісі Халед Акаше қазіргі таңда қауіпсіздік дүние жүзі үшін ең өзекті мәселеге айналғанына тоқталды. Ол өз сөзінде: «Шын мәнісінде, біз қауіпсіз емес әлемде өмір сүріп келеміз. Әлемде ешкім өзін қауіпсіз сезінбейді. Осыдан шығатын қорытынды мынадай: Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VІ Съезін өткізу күн өткен сайын өзекті бола түсуде. Себебі, бір дін өкілінің өзге дін өкіліне деген қарым-қатынасы қашанда айрықша маңызға ие. Бұл ретте, біз діндер лидерлері, діни сенім өкілдері қауіпсіз әлем құруда үлкен рөл атқаратынын ұмытпауымыз керек. Өкінішке қарай, қазір әлемде түрлі зорлық-зомбылықтарды, қарама-қайшылықтарды, шие­ле­ністер мен текетерістерді ді­ни сипатпен байланыстыру үр­ді­сі орын алуда. Мәселен, біз қан­дай да бір экстремистік іс-әре­кет­тердің исламға еш қатысы жоғын түсінуіміз керек», – деді. 
 «Сомаия Бхаратия Санскрити Питам» үнді мәдениеті ор­та­лы­ғының директоры Калай Ача­рия, ең алдымен, Астананың ЭКСПО-2017 көрмесі өтетін орын ретінде таңдалғанына қуа­нышты екенін жеткізді. «Көрмеге 100-ден аса мемлекет, түрлі халық­аралық ұйымдар өкілдері бел­сенді түрде қатыспақ. ЭКСПО-2017-нің та­қы­рыбы «Бола­шақ­тың энергия­сы» деп аталады. Үндістан да бұл ау­қымды ша­раға қатысатын бола­ды», – деп бастады ол сөзін. Бұ­­дан кейін Қазақстан Прези­ден­ті қауіп­сіз әлем құру жолын­да маңыз­ды бастамалар көтеріп жүр­­генін, оған «Әлем. XXI ғасыр» манифесі дәлел бола ала­тынын жет­кізді. 
«Қазақстан Көшбасшысы ұсынған бастамалардың өзегі – ол ядролық қарудан азат әлем құру, террористік-экстремистік іс-әре­кеттерге тосқауыл қою. «Әлем. XXI ғасыр» – тек Қазақстан хал­қының ғана емес, бүкіл дүние жүзі елдерінің қауіпсіз бола­ша­ғын ойлауды мақсат тұтқан құ­жат. Демек, дүниенің түкпір-түк­пі­ріндегі барлық діндер өкілдері осынау мақсат-мүдде жолында күш біріктіргені жөн. Бұл – бә­рі­міз үшін маңызды», – деді К.Ачария. 
Франция метрополиті Эм­ма­нуил Адамакис те маңызды жиын – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездерінің өтуіне белсенді түрде қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдірді. «Біз діни экстремизм сынды кері құбылысқа қарсы тұрудың, оған тосқауыл қоюдың жолдарын іздестіре беруіміз керек. Себебі, дін атын жамылған террористер адамзатқа күн өткен сайын қауіп төндіруде. Мұны бәріміз жете ұғынғанымыз жөн. Ал шынайы дінаралық үнқатысу өзара сенімнің қалыптасуын және бейбітшілік пен келісімнің дамуын қамтамасыз етпек», – деді Э. Адамакис. 
 Жиын шеңберінде өз пайымдарымен бөліскен басқа діндер өкілдері де бұл ой-пікірлерді қуаттап, бейбіт, қауіпсіз әлем құру, соғыс өртін тұтатпау, теке­тірес пен шиеленіске толы оқи­ға­ларды болдырмау жолындағы жұмыс­тарды одан әрі де жалғастыра беру қажеттігін, бұл рухани келісімге негіз қалайтынын атап өтті. 

Діндер өкілдері марапатталды
Отырыс аясында Қасым-Жомарт Кемелұлы бірқатар дін басшыларын «Шапағат» медалімен марапаттады. Сондай-ақ, кейбір дін өкілдеріне Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік медальды табыстады. Бұл марапаттар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің мақсат-міндеттерін жүзеге асырып, халықтар арасындағы достық пен бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін берілді. 
Сонымен, «Шапағат» пен 25 жыл­дық мерейтойлық ме­да­лі­мен Бэдфорд епископы Ри­чард Аткинсон мен «Сомаия Бха­ратия Санскрити Питам» үнді мәдениеті орталығының директоры Калай Ачария марапатталса, Әл-Азһар Жоғарғы имамының сыртқы байланыстар жөніндегі кеңесшісі Әбделрахман Мұса, Сауд Арабиясы Корольдігі Ис­лам, вакуфтер және үндеу істері жөніндегі министрінің кеңесшісі Абдулла ибн Фахд әл-Лхидан, Иран Ислам Республикасының мә­дениет және исламдық байланыс­тар жөніндегі ұйым прези­дентінің орынбасары Гах­раман Солеймани, Исла­ма­бад халықаралық ислам универ­ситеті Исламды зерттеу инс­титутының бас директоры Мұхаммад Зия Уль-Хак, «Нұр-Мүбәрак» Мысыр Ислам университетінің ректоры Гоуда Басиуни, Франция митрополиті Эммануил Адамакис, Армян Апостол шіркеуінің украиндық епархиясының жетекшісі Маргос Оганесян, Папа кеңесінің Қасиетті Тақтағы дінаралық үнқатысу бойынша Исламмен байланыс бөлімінің меңгерушісі Халед Акаше, Ресей Федерациясының Дінаралық кеңесінің атқарушы хатшысы Дмитрий Сафонов, Израильдің Бас ашкеназий раввинінің өкілі Элияху Хавлин, Қытай буддистері қауымдастығы төрағасының орынбасары Ху Сюэфэн, Дүниежүзілік буддистік университеттің ректоры Анил Ман Сакья, Моңғолияның буддистік орталығының Гандан Тэгчэнлин монастырінің далай ламасы Хунхур Бямбажав, Орталық Азиядағы «Чогечон» ко­рей буддистік ұйымының өкі­лі Янг Ки Хун, «Джинджя Хон­че» халықаралық байланыс­тар дерпартаментінің директоры Катсуджи Ивахаши, Дүние­жүзі­лік бейбітшілік елші­сі кеңесінің Бас хатшысы Пи­чаи Товивич, БҰҰ Өрке­ниет­тер Альянсының дирек­торы Мэтью Ходс пен Қазақ­­стан мұсыл­мандары діни басқар­­ма­сы­ның төрағасы, Бас мүф­ти Ержан Маямеров Қазақ­стан Тәуел­сіз­дігінің 25 жыл­дығына арналған мерекелік ме­да­льға ие болды. 
Жиын аясында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев шараға қатысушыларға Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі басымдықтарын таныстырса, Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын алдағы уақытта «Астана» халықаралық сыйлығымен бірге, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің Құрмет медалі тағайын­да­латынын, аталған марапаттар дін­аралық үнқатысуға қосқан үлесі үшін табысталатынын атап өтті. «Атап айтқанда, үміткер­лердің дінаралық және өрке­ниеттер арасындағы үнқатысуға өз үлестерін қосуы тиіс. Олардың рухани үндестікті нығайту жолында белсенді жұмыстары да ес­ке­ріледі. Үміткер Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­ларының кем дегенде үш съезіне, сондай-ақ, Съезд Хатшылығының отырыстарына қатысуы қажет», – деді Б.Арын бұл жөнінде.
Бұл күні Хатшылық отырысына қатысушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VІ съезін 2018 жылғы 10-11 қа­занда өткізу туралы шешім қа­былдады. «Мәселен, мен қазан айында өткізуді қолдайтын едім. Өйткені, тамыз бұл демалыс мау­сымы болғандықтан, қыркүйек айының басында съезді өткізуге дайындық шараларына уақыт тым аз қалады. Сондықтан, егер сіздер қарсылық танытпасаңыздар, Съезд өтетін мезгілді біз 10-11 қазан деп белгілер едік», – деді Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшылары съезі Хатшы­лы­ғының басшысы – Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.
 Бұл ұсынысты отырысқа қа­тысушылар бірауыздан қол­дады. 

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
Суреттерді түсірген 
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»