Аймақтар • 19 Мамыр, 2017

Қалтафонды қалай ұрлайды?

120 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі өмірімізді ұялы телефонсыз елестетудің өзі қиын. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» қасиетінен бөлек, қа­зіргі смартфон дегеніңіз – бесас­пап көмекші, архив қоймасы: бү­кіл таныс-туыстың телефон нө­мірі сонда, құпия сөздер, пин-код­тар, құжат көшірмелері, фо­то мен бейнемұрағат... Ал ен­ді те­лефоныңыз ұрланса, көп уа­қыт­қа қолыңыз кесіліп, са­ны­ңызды соғып қаласыз...

Қалтафонды қалай ұрлайды?

Орал қаласы прокуратурасы 2017 жыл­дың 4 айына талдау жасап, «қа­ла­лық жерде ұрланатын әрбір үшін­ші зат – ұя­лы телефон екен» деген тұжырымға кел­ген. Оралда жыл басынан бері осын­дай 486 ұрлық тіркеліпті. «Өткен жыл­ғы­мен салыстырғанда мұндай ұрлық са­ны сәл азайғанымен, телефон мен ком­пьютерлік техника ұрлығы пропорци­о­налды түрде ұлғайып келеді», деп ха­барлады Батыс Қазақстан облыстық про­куратурасының баспасөз қызметі.
Бір өкініштісі, мұндай ұрлықтың кө­бі ашылмай қалады. Жоғарыда ай­тыл­ған ұрлық оқиғаларының 22%-ы ға­на ашылған. 
«Сақтансаң – сақтаймын» деген нақылды ескеріп, ұялы телефон көбі­не­се қай жерде, қай уақытта, қалай ұр­ла­натынынан хабардар болыңыз. Тө­мен­дегі цифрлар Орал қаласындағы би­ылғы 4 айдың деректері:
157 телефон – қоғамдық орында, 72 телефон – пәтер, үй-жай, жа­тақханаларда, 64 телефон – сауда-сат­тық орындарында, 32 телефон – түнгі клубтар мен мейрамханаларда; 17-сі – автокөлікте, 9-ы – оқу орын­да­рын­да, 5 телефон медициналық меке­ме­лерде ұрланған.
58 телефонды үйге келген қонақ ұр­лапты. Оралдағы пәтер ұрлығының әр­бір бесіншісі – дәл осы ұялы телефон ұр­лаумен байланысты.
Қалтафондардың 32,3%-ы қоғам­дық көлікте қолды болады екен. Ұр­лан­ған ұялы телефондардың 69%-ы жә­бірленушілердің қалтасынан ұр­лан­ған. 17 телефон автокөліктен ұр­лан­ған, оның 8-інде көліктің есігі кіл­т­тенбеген екен.
Қоғамдық көлікте ұялы телефон ұр­лы­ғы жұмыс күндері, автобус салонында адам көп кезде, яғни таңертеңгі 8.00 мен 10.00 аралығында, кешкі 16.00 мен 20.00 аралығында жасалған.
Ұрланған телефондардың 169-ының құ­ны 50 мың теңгеге дейін, 199-ы 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін, ал 100-і 100 мың теңгеден жоғары болып­ты.
Телефон ұрлатқандардың 66,6%-ы (324 оқиға) әйел адам екен. Одан кейінгі орын­да – мектеп оқушылары. Ұрылар теп­се темір үзетін ер адамнан айналып өте­тін сыңайлы.
Жоғарыдағы мәліметтерді ортаға сал­ған Орал қаласының прокуроры А.Рашидов жергілікті атқарушы және құ­қық қорғау органдары басшыларын, ұя­лы операторлар өкілдері мен телефон са­ту, айырбастаумен шұғылданатын сау­­да нүктелері иелерін қалтафон ұр­лы­ғын тоқтату, алдын алу үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырып отыр.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ