Аймақтар • 19 Мамыр, 2017

Кереку көрмеге келушілерді күтеді

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодар облысындағы «Саят Павлодар» және «Пять звезд» туристік компаниялары «Астана – ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясымен келісімшартқа отырып, көрмеге қызмет көрсететін ұйымдардың қатарына қосылды.

Кереку көрмеге келушілерді күтеді

Осы орайда облыста 5 туристік бағыт ашылмақшы. Шетелдіктер назарына «Павлодар – Ертіс жағасын­дағы қала», «Баянауыл аңыздары – 1», «Баянауыл аңыз­дары – 2», «Шалдай орманына саяхат» және «Ертіс-Баян өңірі» деген маршруттар ұсынылмақ. Бұл бағыттарда туристер Баянауылдың Жасыбай, Сабындыкөл көлдері, Мәшһүр Жүсіп кесенесі, Ғабдұлуахит хазірет кесе­несі, «Қаз қонақ» ескерткіштері бар. Негізгі маршрут­­тар өңірдің Баянауыл, Лебяжі, Шарбақты аудандары­ның және Павлодар мен Екібастұз қалаларының аумағына арналуы керек. Осы туристік маршруттарды, саяхаттау бағытына енген әр нысанды нақты тексеріп барып, көрменің арнайы комиссиясы рұқсат бермек. Өйткені, ерекше байлығы бар Баянауылдың Қызылтау мемлекеттік зоологиялық қорығын көздің қарашығындай қорғау – міндет. Туристер бармақшы болған келесі бағыт Ғабдулуахит хазірет кесенесі «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орман резерваты Шалдай филиалы аумағында қалың қарағайлы ағаштар арасында орналасқан. 
Қазір туристерге арнап Жасыбай демалыс аймағы, Қоңыр Әулие үңгірі, Кемпіртас, Торайғыр көлі, Сабындыкөл секілді 13 туристік бағыттар жасалынуда. Әсем табиғатпен таныстыру мақсатында биыл туристер тұңғыш рет атқа мініп аралайды. Айнала киіз үйлер толы этно-ауылдар құрылады. Аудан әкімдігі де туристерді қарсы аламыз деп Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр көлдерінің жағалауын жаңалап, аудан орталығы Баянауыл мен Торайғыр ауылында жөндеу, жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, туристер Астана – Қарағанды – Баянауыл бағытындағы әуе жолымен ұшып келу үшін Сабындыкөлдің жағалауына жақын жерден ұшақ қонуға ыңғайлы шағын аэродром салынуда. 
ЭКСПО-2017 көрмесі аясында туристерге қызмет көрсететін инспекторлар, орманшылар, инженерлер, экологтардан құралған 160 адам Баянауыл өңірі жайлы ақпаратпен қамтылып, білімін жетілдіруде. Баянауылдың табиғи ерекшелігі, батырлар мен би-шешендер, ғалымдар мен ақын-жазушылар туралы, туристік маршурттар баратын тарихи-мәдени ескерткіштер мен жер-су атауларының мән-мағыналары жайлы ақпан айынан бастап танымдық сабақ өтіп жатыр.

Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы