Адам жанының арашашысы – ақ халатты абзал жандарға деген көзқарас бөлек. Соған сәйкес, қамқорлықтың да өзгеше болуы заңды. Өйткені, олар адамды ажалдан арашалайды. Денінің саулығын қамтамасыз етеді. Дерттен айықтырады. Өмірмен қайта қауыштырады.
Сыр бойының экологиялық аймаққа жататыны баршаға аян. Экологиялық аймақ болған соң ауру-сырақаудың да аз болмайтыны белгілі. Осы ретте қызылордалық дәрігерлердің мойнына артылар жүктің де салмағы ауырлай бермек. Басы ауырып, балтыры сыздаған қаншама жан күн сайын облыстың медициналық орталықтың есігін қағады. Олар қабақ шытпай көмек береді. Бұрнағы күні облыс басшысы Болатбек Қуандықов облыстық ауруханаға арнайы барып, оның тыныс-тіршілігімен танысып, қызметкерлерімен жолықты. Осы кездесудегі ең басты жаңалық – дәрігерлерге арналып салынатын 50 пәтерлік тұрғын-үй еді. Аймақ басшылығы дәрігерлердің қамсыз жұмыс істеуі үшін оларға арнайы қызметтік пәтер салып беріп жатыр. Әкім тұрғын үйдің алғашқы кірпішін қалау рәсіміне қатысты.
Дәрігерлерге арналып салынып жатқан бұл тұрғын үйдің құрылысы мен жобалау жұмыстарына бюджеттен 365,0 миллион теңге жұмсалады. Оның құрылысын «Жез киік» компаниясы жүргізіп жатыр.
Шалғайда жатқан ауылдағы науқасты облыс орталығына жеткізу оңай шаруа емес. Жедел жәрдеммен діттеген жерге жеткенше, жаның үзіліп кетуі де мүмкін. Сондықтан мемлекеттік саясат науқастарды тікұшақ арқылы жеткізуге басымдық беріп отыр. Сол күні Болатбек Қуандықов МИ-17 тікұшағының жұмысымен танысты. Денсаулық сақтау саласын одан әрі жетілдіруге бағытталған 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында осы бағыт айқын көрсетілген. Одан бөлек Елбасының биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында да денсаулық саласына басымдық берілген. Осыған орай «Кезек күттірмейтін медициналық жәрдем республикалық ғылыми-орталығы» мен «Қазавиақұтқару» АҚ арасында келісім-шарт жасалды. Соған сәйкес Қызылорда облысында «Қазавиақұтқару» АҚ-ның филиалы ашылып, оған бір тікұшақ берілді. Биылғы жылғы республикалық бюджеттен аталған тікұшақты пайдалануға 100 миллион теңге бөлінді. Бұл тікұшақтың басқалардан өзіндік айырмашылығы бар. Тікұшақ күндіз-түні ұша береді. Бұл, науқастарға үздіксіз көмек көрсетіледі деген сөз.
Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.