Театр • 19 Мамыр, 2017

Жастар театрында Нұрқанат Жақыпбаевтың спектаклі қойылды

285 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы Жастар театрында режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың «Егер де мен...» атты спектаклі көрерменге жол тартты. Монолог пен әуезді әнге құрылған қойылым − адамның ішкі жан тебіренісін, жүрек түкпіріндегі ойын тап басып жеткізе білуімен құнды.

Жастар театрында Нұрқанат Жақыпбаевтың спектаклі қойылды

Қазіргі таңда жастар арасында шетелдің даңғара музыкасы сәнге айналған. Мән-мағынасы жоқ жаттанды жауыр әндер жаулап алғандай. Осы орайда автор Ақан Сері мен Біржан әндерін, композитор Ә.Бейсеуов пен Н.Тілендиев сынды біртуар тұлғалардың мәңгі өлмес шығармасынан жаңаша стильде түрленген туындыны паш етті. Тақырыптың да «Егер де мен...» деп аталуында бір сыр жатқандай. Егер де мен құс болсам көкте қалықтар едім, су болсам теңіз болып толқитын едім деп әр адам өзінің ішкі ойынан белгілі бір жауап іздейді. Сол сансыз сауалға жауап іздеу арқылы адам өзінің «менін» іздейді, көңіл түкпіріндегі ізгілікке толы жолын қарастырады. 
Декорация мен жарықтың берілуі, актерлардың халық аспаптары домбыра, сырнай, гитарамен шырқалта ән салуы сахнаның сәнін аша түскендей. 
«Бұл спектакль басқалардан өзгерек. Мұнда адамның ән арқылы бүкіл ғұмыры көз алдынан өтіп жатады. Бір ән бір шығарма ғой. Кішкентай ғана бір шумақта композитор мен ақын бүкіл өмірдің мәнін ұғындырады, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоюшы режиссер Н.Жақыпбай. – Осыдан төрт-бес жыл бұрын қырғыз драматургі Сұлтан Арайов маған өзінің «Меккеге қарай ұзақ жол» атты шығармасын берді. Бұл 2010 жылы әлемдік BBC арнасында үздік шығарма деп есептелген болатын. Мен оны тәржімалап, соның әр жерінен осы спектакльге кіргіздім. Бұл сөздер міндетті түрде көрерменге қайталанып тұру керек деп ойлаймын. Қай өнер саласы болсын, адамды таңғалдыра білу керек. Өнердің құндылығы да сонда. Адамның жанын тебірентетін эмоциялық қойылым ұсындық деген ойдамын». 
Айман МҰҚЫШЕВА, 
«Егемен Қазақстан».