Ақмола облысының диқандары биыл 4,5 миллион гектар егіннен мол өнім алуға үмітті. Ауыл шаруашылығы құрылымдары үстіміздегі жылы дәнді дақылдар алқабын былтырғыға қарағанда 124,6 мың, майлы дақылдар аумағын 61,8 мың гектарға ұлғайтты. Науқан сынына 9 мыңнан астам комбайн жұмылдырылса, мұның 923-і шетелдік қуатты техникалар. Жаңа егіннің астығын қабылдауға 544 механикалық қырман, 612 автотаразы, 167 дана дән кептіргіш дайындалды. Мұның өзі бітік егінді қысқа мерзімде әрі ысырапсыз жинап алуға мүмкіндік береді.
Кеше алғашқы болып ораққа кіріскен Жарқайың ауданы 508222 гектарға дәнді және бұршақ дақылдарын еккен еді. Әсіресе, «Интернационал Астана», «Кен-М», «Ақтөбе-О» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде егін жинау қарқынды жүргізілуде. Интернационалдық механизаторлар бір күнде 2000 гектардың егінін дестеге жығып, 200 гектардың астығын бастырды. Қазірше гектар түсімділігі 14 центнерден айналуда. Ал, қалған екі шаруашылықта сәйкесінше 360 және 450 гектар алқаптың егіні жиналды. Бұларда гектар берекелілігі 27 центнер болып отыр.
Бақберген АМАЛБЕК,
Ақмола облысы,
Жарқайың ауданы.