Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бактың Отанымызға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінде министр Салидат Қайырбекова мен Корея Республикасының Денсаулық сақтау министрі Чин Су Хи арасында меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар, Ұлттық ғылыми медициналық орталық пен Сеул университетінің, Ұлттық медициналық холдинг пен Сеул университетінің ауруханалары, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті мен Корея медицина мектебінің католик университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Коре» университетінің медициналық орталығы, «Химфарм» АҚ және «JW PHARMACEUTICAL CORPORATION» корпорациясы, «Седжон Еуразия» халықаралық медициналық клиникасы» және «Hyewon Medical Foundation «Sejong General Hospital» компаниясы арасында ынтымақтастық және өзара түсіністік жөнінде меморандум жасалды.
Екіжақты кездесулерде ауқымды мәселелер бойынша байланыстарды дамытуға қатысты пікір алмасулар болды. Тараптар диагностика және ауруларды емдеуде жоғары технологияларды пайдалану, Қазақ елі азаматтарын Корея ауруханаларына диагностикадан өтуге және емдеуге жіберу, медицина мамандарының біліктілігін арттыру, оқу курстарын өткізуге жетекші корей мамандарын тарту, ағза алмастыру, жасуша және ағза иммунологиясы саласында ғылыми зерттеулер жүргізу сияқты мәселелер бойынша пікір алмасты.
Сүлеймен МӘМЕТ.