Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің қорында көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға қолдау көрсету мақсатында білім күніне арналған шара болып өтті.
«Мектепке жол» деген атпен республика көлемінде өткізіліп отырған бұл шара, Елбасының болашақ білімдар ұрпақ тәрбиесіне көңіл аудару туралы берілген тапсырмасын жүзеге асыру ниетімен басталған еді. Ай басынан бері еліміз бойынша екі мыңнан астам бала мектепке киетін киім-кешекпен қатар, сөмке, қалам-қағаз секілді оқушы құралдарын сыйға алып үлгерді. Ел қазаны мен кәсіпкер азаматтардың қолдау көрсетуі нәтижесінде биыл 63 миллион теңге осы шараға бөлініп отыр.
«1 қыркүйек күні әрбір бала жүзі балбұл жайнап мектепке барғысы келеді. Ол күн – мереке, ол күн – қуаныш. Алайда, балалықтың балын тату барлық баланың бағы болмай тұр. Бейбіт елдің балалары білім алудан шет қалмасын деген ниетпен Тұңғыш Президенттің қоры осындай шараны ауқымдырақ өткізіп отыр» деді, қор директорының міндетін атқарушы Б.Мұхамеджанов.
Бұл күні жүзден астам бала сый-сияпат көріп, мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған бүлдіршіндер Тұңғыш Президент қорының белгісі бейнеленген арнайы сыйлықтармен марапатталды. Балалар шығармашылық ұжымдар ұйымдастырған концерттік бағдарламаны тамашалады. Ересектері Отанымыздың даму кезеңін паш ететін электронды экскурсияға қатысты. Шара Алматы қалалық балалардың құқығын қорғау департаментімен бірлесіп өткізіліп отыр.
Қанат ЕСКЕНДІР, Алматы.