27 Тамыз, 2011

Тіл майталмандары марапатталды

436 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Астанадағы Президенттік Мәдениет орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Қазақстанның этностық топтары арасында еліміздегі этносаралық бірлік пен келісімді нығайту, мемлекеттік тілдің Қазақстан халқын біріктіруші фактор ретіндегі мәртебесін арттыру мақсатында – «Мемлекеттік тілді білу – парызың» атты республикалық олимпиада болып өтті. Аталған іс-шара – еліміздегі этностық топ өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасын арттыру, мемлекеттік тілдің меңгерілуі арқылы жастарды қоғамдық белсенділікке тарту, қазақстандық сәйкестілік пен отансүйгіштікті қалыптастыру мәселелеріне оң ықпалын тигізуді көздейді. Бұл шара бұған дейін республика бойынша өткізіліп, еліміздегі 21 ұлттың 300-ден астам өкілдері бағын сынаса, бүгінгі додада облыстар мен қалалық деңгейде өткізілген байқаулардан іріктелген 18 бен 30 жас аралығындағы 16 жеңімпаз өз білім-біліктілігін байқатты. Шара барысында олар «Отантану» тақырыбында өз ойларын жеткізіп, «Қазақ тілін білу маған не береді?» атты эссе жазса, «Мемлекеттік тіл – іс жүргізу тілі» кезеңінде мемлекеттік тілде бланк толтырып, журналистермен қазақ тілінде баспасөз мәслихатын өткізіп және «Өнерлінің өрісі кең» атты тақырып бойынша қазақ халқының өнерін насихаттады. Қатысушылардың білімі мен біліктілігін қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен тілшілер бағалап, жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының, «Линга» тіл оқыту орталығы мен «Менің елім» журналы атынан белгіленіп, жеңімпаздар Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан диплом, алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Берік САДЫР.