Аймақтар • 22 Мамыр, 2017

«Бала дауысы» – Алматыда

345 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы Оқушылар сарайында «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауының ІІ маусымының іріктеу кезеңі өтті. Биыл Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтетін бұл бірегей жобаны Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры ұйымдастырды.

«Бала дауысы» – Алматыда

Таң сәріден үміттерін үкілеп Оқу­шылар сарайына ағылған 538 қатысу­шы әділқазылар алқа­сының алдында қазақша, орысша, ағылшынша, қытайша және өзге де тілдерде де ән салып, бақ­­­тарын сынады. «Бақ сынады» деп айтқанға жеңіл болғанымен, тек жарқын болашақтан үміт күтетін, кең ауқымды байқауға алғаш рет қатысып отырған бала көңіл үшін бұл байқау  тол­қынысқа толы маңызды сәт еке­ні айтпаса да түсінікті. Әр бұ­рышта дайындық жасап, дауысын жаттықтырып жүрген 7 мен 13 жас аралығындағы балаларды жетектей жеткен ата-анадан бас­тап, оларға қолдау білдіріп кел­­ген туған-туыс қауымын қос­­­­қанда, Оқушылар сарайы бір сәтке үлкен мереке алаңына айна­­лып кеткендей еді. 
Дүбірлі байқауға тек оңтүстік шаһар­­дан ғана емес, Өзбекстан мен Қыр­­ғызстаннан да ат арытып жеткен кішкентай дарындар өз қабілеттерін көрсету үшін барын-ақ салды. Әлбетте, әділқазылар алқасын айрықша даусымен тәнті еткен талай таланттың бар екені рас. Дегенмен, 9 жасар Нұр­лыбек Сапарбай мен 11 жасар Жәнел Қасенова жүздің ішінен жүйрік шығып, қалалық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша жеңімпаз атанды. 
«Мен бұрын мұндай ән бай­қауларына қатысып көрген емеспін, бірақ жеңімпаз атанатыныма сендім», дейді қуаныштан жүзі бал-бұл жанған Нұрлыбек. Ал қатты толқып, қуаныш­тан көзіне жас үйірілген Жәнел: «Бай­қауға қатысуға келген осын­шама баланы көргенде жеңіс маған бұйыра қоймайтын шығар деп ойладым. Бірақ бар күшімді жинап, іріктеудің барлық кезеңдерінде өзімді сенімді ұстауға тырыстым. Жеңіске жеткеніме қатты қуанып тұрмын!», деді. 
Айта кетсек, осымен екінші рет өт­кізіліп жатқан «Бала дауы­сы» ән бай­қауы биылғы жыл­дың 12 мамырында Павлодар қаласында басталған болатын. Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан қатысқан 347 ба­ланың ішінен 2 қатысушыны іріктеп алған шығармашылық топ ат басын Алматыға тіреген еді. 23 маусымға дейін созылатын іріктеу кезеңі аралығында бұлбұл дауысты бала әншілерді табу мақсатында «Бала дауысы» енді еліміздің қалған облыстарын аралап шықпақ. 
16 аймақтан 16 жеңімпаз анықталған соң жеткіншектер Толқын Забирова, Медеу Арын­баев, Мәдина Сәдуақасова, Мар­жан Арапбаева, Мөлдір Әуел­бекова, Жұбаныш Жек­сенұлы сынды танымал тәлім­герлерден, кәсіби музыканттардан, хореограф, стилистерден музыка мектебінде бір ай тәлім алатын болады. Ал қазан айының 27-29 жұлдызы аралығында «Алматы Арена» мұз сарайында КТК телеарнасы арқылы тікелей эфирде өтетін «Бала дауысының» супер-финалында кәсі­би қа­зы­лар алқасы мен смс-дауыс беру арқылы телекөрермендер жү­­регін жаулай білген хас талант париждік Дис­ней­лендке тегін қыдырып қайту жолдамасына және Қазақстандағы ең үздік музыкалық оқу орындарының бірінің грантына ие болмақ.

Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»  

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар