Күрес • 22 Мамыр, 2017

Әлем кубогы – ауылда!

303 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Жігітте де жігіт бар!..», деп келетін халық әніндегідей, спортта да біз «Жарыста да жарыс бар!..», деп әндете ала­мыз.

Әлем кубогы – ауылда!

Аула жарысынан Олим­пиада жарысына дейін өтіп жататын бәсекелердің небір құдіреттілерін көріп, куә бол­ған басымыз бар. Одан бері түсер болсақ, әлем чемпиона­ты, Азия, Еуропа чемпионат­тары, Әлем кубогы... Ол жарыстар әлемнің небір жалы күдірейген мегаполис қалаларында өтіп жүр – Лондон, Париж, Нью-Йорк, Мәскеу, Астана... Ал, қазақ күресінен кезекті Әлем кубо­гының бә­секесі ауылда өтеді. Бұл ға­жап оқи­ғаны өмірге әкеліп отырғандар – Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы! Айтса сенбей­сіз, бұл жарыс 26-28 мамыр аралығында Шығыс Қазақ­стан облысы, Тарбағатай ауда­нының Ақсуат кентінде өтеді! Жарысқа Қазақстаннан өзге 25 мемлекеттің спортшылары шақырылып, олар келісімін беріп, қатысқалы отыр.
«Бұл Қазақстан Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдығы ая­сын­да өткелі отырған жарыс, сондықтан да жары­с­қа 25 мемлекеттің балуан­да­­рын шақырдық!», дей­ді фе­дерацияның жауапты қызметкерлері. Тамаша ой, тамаша жоба, тамаша тарту! 
Жақында қолыма осы жа­рысқа арнайы шығарылған түрлі-түсті бағдарлама-кітапша түсті. Шығыс Қазақстан облы­сының әкімі Д. Ахметов, Мәде­ниет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті И.Әбішев мырзалар осы жарысқа сәттілік тілеп, сөз арнаған екен. Әлем кубогының ауылда өтетінінің халықтық маңызы осы жерде баса айтылғанына көз жетті. «Кезінде еліне, ұлтына қызмет еткен Ырғызбай әулие жүлдесі үшін өткелі отырған бұл Әлем кубогы жолындағы жарыс елімізде Елбасы алға қойып отырған бұқаралық спортты кеңінен өркендету жолындағы жұмыстарды барынша жандандырады» – деп атап өтеді Д.Ахметов. 
«Жыл сайын қазақ күресінен Ырғызбай Досханаұлы жүлдесі үшін өтетін халықаралық жарыс елімізде ұлттық спортты өркендетуге өлшеусіз үлес қосып келеді!» – дейді А.Мұ­хамедиұлы. «Мұндай алқалы жарыс өткізгелі отырған Шығыс Қазақстан облысы тек еңбеккерлер, философтар, ақындар аймағы ғана емес, еліміздің спорттық даңқын асырып, әлем, Олимпиада чемпиондарын өсірген өлке!» – деп атап өтеді И. Әбішев. 
Осы жарысты ауылда өткізу жобасының авторы, Дү­­ниежүзілік қазақ кү­ресі фе­дерациясының вице-пре­зиденті Беделхан Камалханұлы былай дейді: «Аты мен істеген елдік ісі бүкіл Қазақстанға белгілі Ыр­ғызбай Досханаұлы жүл­десі үшін өтетін бұл Әлем кубогының маңызы – шеттен келетін қонақтарға елді, жерді көрсету, жер жән­­­­­наты Тарбағатайды аралату. Бұл біздің туризмдегі мүмкіндігімізді де паш ету!».
Ал кездесіп, сұхбат­тас­қанда Дүниежүзілік күрес федера­циясының атқарушы директоры Талғат Мәзібаев ініміз маңызды екі ой айтты. Бірінші, Қазақстан Тәуел­сіздігінің 25 жыл­дығын біз осы жыл көле­мінде де ту етіп ұстасақ нұр үстіне нұр! Екін­ші, Әлем кубогы секілді жарысты ауылға тартып жат­сақ, оның да маңызды себебі бар – біз спорттағы ел намы­сын қор­ғайтын ұл мен қыз­ды ауылдан іздеп, ауылдан тәрбиелесек, одан кем болмай­мыз. Қажымұқан бабамыз да, Ғұсман Қосанов, Әмин Тұя­қов, Әбдісалан Нұрма­қанов, Әбіл­сейіт Айханов ата­­лары­мыз да, Жақсылық Үш­кем­піров ағамыз да ауылдан шыққан!».
Әлем кубогы жарысының ауылда өтуі ғажап оқиға. Әрі бұл жарыс Бүкіләлемдік күрес федерациясының күнтізбесіне енген жарыс. Әрі, жарысқа қатысатын балуандар арасын­да күрестің әр түрінен әлем, Олимпиада чемпиондары келеді деп күтілуде. Олай болса, ауылда өтетін Әлем кубогы жарысының жолы ашық болғай! 

Несіп ЖҮНІСБАЕВ,
журналист,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері