Бүгінгі дүние қауіпсіздік саласында айтарлықтай қауіптермен бетпе-бет қалып отыр. Аса қатерлі проблемалардың бірі – жаппай қырып-жоятын қару түрлерінің одан әрі таралуы мен қолданылу ықтималдығы. Мұндай жағдайда халықаралық қоғамдастық бүгінгі проблемаларды шешудің, таратпау режімінің жаңа тетіктерін нығайтудың жолдарын іздестіруді бір сәт те назарынан тыс қалдырған емес. Бұл арада саяси көшбасшылықтың ядросыз даму парадигмасына басымдық беретін оң бастамалары туралы да айтпай кетуге болмайды. Міне, нақ сондықтан да әлемде ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартып, 40 жыл бойы ажал шашқан қасіретті полигонды жапқан, сөйтіп, ел атынан ядросыз қару болашағы пайдасына таңдау жасап, кейінгі жылдары белсенді түрде әлемдегі ядролық қатерді төмендету бойынша нақты ұсыныстар айтып келе жатқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ұстанымына қызығушылық арта түсіп отырғаны анық.
29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні қарсаңында панъеуропалық «Нью-Юроп» газеті Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Қанат САУДАБАЕВТАН эксклюзивті сұхбат алған болатын. Төменде оқырмандарға аталған басылым тілшісі Костис Геропулостың «Ядролық тұңғиық шетінен аяқ тартайық» деген тақырыппен берілген сұхбатының аудармасын ұсынып отырмыз.
– Қазақстан БҰҰ-ны жақында екінші мәрте аталып өтетін 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялау қажеттігіне сендірді. Бұл күннің Қазақстан үшін ерекше маңызға ие екені күмән туғызбаса керек...
– Иә, осыдан 20 жыл бұрын, яғни 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аумағында Кеңес Одағы 40 жыл бойы қуаты жөнінен Хиросимаға тасталған 2,5 мың бомбаға тең 450-ден астам ядролық сынақтар жүргізген Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шын мәніндегі тағдыршешті шешім қабылдады. Осы дана да ерлікке тең шешімнің маңызын көтеру мақсатында БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады. Бұл қарар бүкіл әлемдік қоғамдастықтың жаһандық ядролық қатерді төмендетуге деген ортақ ерік-жігері мен оның Қазақстанның және біздің Президентіміздің таратпау және қарусыздану режімін нығайту ісіне қосқан үлесін танығандығын тағы бір мәрте қуаттап берді.
Бұл күнді атап өтудің терең мағынасы бар. Бұл күн, бірінші кезекте, халықаралық қоғамдастықты 1996 жылы қабылданған Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) іс-қимылын нығайту бойынша күш-жігерді белсенді ете түсуге үндейді. Сонымен бірге, оның айтарлықтай ағартушылық қызметі де бар. Бұл ядролық қаруды сынау әлемдік қоғамдастыққа көп зардап әкелетінін түсіндірумен байланысты ағартушылық іс-әрекеттерден көрінеді. Үшіншіден, планета халықтарын қауіпсіз әлем жолындағы күресте біріктіруді көздейді.
1945 жылы алғаш қолданылған атом бомбасының аса зор қиратушылық күші мен Семей ядролық сынақ полигонында және әлемнің көптеген басқа полигондарында жасалған көп жылғы ядролық сынақтардың зардапты салдары ядролық қарудың «сенімділігін» тексеру үшін тәжірибе жасауға жол беруге болмайтынын айқын айғақтады. Біз ядролық сынақтарды ауыздықтау ядролық қарудан азат әлем құру мақсатына жету жолындағы шешуші құрал болып табылады деп есептейміз.
– Өткен жылдың қараша айында Қазақстанда АҚШ-пен және МАГАТЭ-мен бірлесіп жасалған, шамамен 800 ядролық бомба өндіруге жеткілікті үлкен көлемдегі ядролық отынды тасымалдау мен оның тұрақты сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі жобаның тиянағы келтірілді. Қазақстанда жүзеге асырылуы жоспарланған басқа осы тектес жобалар бар ма? Сіздің еліңіз тарапынан сезімтал материалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай қадамдар жасалып жатыр?
– Қазақстан барлық осал ядролық материалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша халықаралық науқандарға әркез қолдау көрсетіп келді және қолдау көрсетуін жалғастыруда. Қатерді бірлесіп қысқарту (ҚБҚ), яғни «Нанн-Лугар бағдарламасы» деген атпен де белгілі бағдарлама аясында күні бүгінге дейін айтарлықтай көлемдегі жобалар жүзеге асырылды. АҚШ-пен және МАГАТЭ-мен бірлесіп жүзеге асырылған әрі өткен жылдың соңында табысты аяқталған БН-350 реакторынан пайдаланылған ядролық отынды тасымалдау жобасы Қазақстанның осы салаға қосқан кезекті үлесі болды.
Бұған қоса, Қазақстан 2006 жылы АҚШ және Ресей президенттері ілгерілеткен Ядролық терроризм актілерімен күрес жөніндегі жаһандық бастаманың (ЯТАКЖБ) аса белсенді қатысушыларының бірі болып табылады. Біздің Президентіміздің бастамасымен 2010 жылдың қыркүйегінде Астанада ЯТАКЖБ-нің терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы конференциясы және Жүзеге асыру мен бағалау жөніндегі топтың алғашқы мәжілісі болып өтті.
Қазақстан бүкіл әлем бойынша қауіпті ядролық, радиологиялық, химиялық және биологиялық материалдар көлемін қысқарту бойынша өткізіліп келе жатқан «үлкен сегіздік» аясындағы шараларға қатысуға ниет танытты. Бұл шаралар Жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпауға қарсы жаһандық әріптестік деңгейінде жүзеге асу үстінде. Жаһандық әріптестік қызметіне сондай-ақ басқа елдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экспорттық бақылау мен шекара қауіпсіздігін күшейту және жаппай қырып-жоятын қарулар өндірісінің технологиялары таралуының алдын алу әрі олардың осы іске тартылған елдер мен лаңкестердің қолына түсуін болдырмау да жатады.
– Бірнеше жылдар бойы Қазақстан МАГАТЭ туы астында өз аумағында төмен байытылған уран банкін орналастыру құқына қол жеткізу үшін науқан жүргізіп келді. Қазақстан осы мақсатына қол жеткізуге жақындады ма?
– Қазақстан тұтынушы елдердің кемсітпеушілік және тұрақты негізде ядролық отынға кепілдендірілген қолжетімділігінің көп қырлы тетігін жасау бойынша халықаралық қоғамдастықтың күш-жігері аясында МАГАТЭ туы астында Ядролық отынның халықаралық банкін (ЯОХБ) құру туралы Американың «Ядролық қатерді қысқарту жөніндегі бастама қоры» ұсынған идеяны қолдап, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке оны өз аумағында орналастыруға дайын екендігі туралы ресми тапсырыс түсірді. ЯОХБ құру екі негізгі мақсатты көздейді: барлық ядролық отын циклын жүзеге асыру үшін жеткілікті ішкі ресурстары жоқ және өз мүмкіндіктерін дамытпау туралы тәуелсіз шешім қабылдаған елдерге қолжетімділікті қамтамасыз ету, сонымен бір мезгілде, ядролық материалдар мен технологиялардың бақылаусыз таралуына жол бермеу.
Аталған банк немесе резервтік тетік делінетін бұл құрылым іс жүзінде ядролық отынның қазіргі қолданылып жүрген коммерциялық рынок жұмысын бұзбау үшін жобаланатын болады және МАГАТЭ-ға мүше мемлекеттердің отынға өздерінің бейбіт энергетикалық бағдарламаларын дамыту үшін қалыптасқан ағымдағы баға бойынша сенімді қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Өзінің бейбітсүйгіш саясатымен, дақ түспеген беделі әрі таратпау және қарусыздану режімін нығайту жолындағы күресте нақты іс-әрекетімен танылып отырған Қазақстан ірі уран өндіруші бола отырып және жоғары байытылған уранды төмен байытылған пішінге қайта өңдеу тәжірибесі мен мүмкіндігіне ие бола отырып, ЯОХБ орналастыру үшін таптырмас кандидат болып табылады. Біздің әлемдегі барлық елдермен достық қарым-қатынасымыз қалыптасқан. Халықаралық істердегі объективтілік және алаламаушылық тұрғысынан келгенде де айтарлықтай сенімге иеміз. Қазақстанда ядролық материалдар мен қосарланған бағыттағы материалдар экспортына бақылауды қамтамасыз ететін нақты реттелген заңдық база құрылған. Бізде банк орналастыру үшін тиісті инфрақұрылымдар да бар. Бұл – бұрынғы Семей сынақ полигонының немесе «Үлбі металлургия зауыты» АҚ-тың қолда бар инфрақұрылымдарын пайдалану мүмкіндігі. Аталған жайлар ядролық материалдарды ұзақ мерзімді сақтау талаптарын қанағаттандырып, олардың физикалық қорғалуын қамтамасыз ету жағдайларына жауап береді, сондай-ақ аталған үдерістер бойынша МАГАТЭ-нің кепілдігі бар. Бұған қоса, бізде ядро саласындағы жоғары кәсіби мамандар саны жеткілікті.
Біз МАГАТЭ осындай отын банкін Қазақстанда орналастыру туралы шешім қабылдаған жағдайда мұның дұрыс және өзін-өзі ақтайтын шешім болатынына сенімдіміз.
– Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру жағдайы қандай деңгейде?
– Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа 2006 жылдың 8 қыркүйегінде қол қойылған болатын. 2009 жылдың 21 наурызында күшіне енген бұл шарттың ғажайыптығы сонда, оның арқасында әзірше алғашқы және Солтүстік жарты шардағы жалғыз ядросыз аймақ құрылып отыр. Шартқа қол қою салтанатының дәл Семейде өтуінің терең символикалық мәні бар және мұны әділетті қадам деуіміз керек. Бұл – Орталық Азия елдерінің Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылуынан кейінгі және Қазақстан аумағынан Ядролық қару шығарылғаннан соңғы жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосылған кезекті маңызды үлес.
Шарт өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті, сондай-ақ халықаралық лаңкестікпен күресті нығайтуға, ядролық материалдар мен технологиялардың мемлекеттік емес субъектілердің, бірінші кезекте лаңкестердің қолына түспеуінің алдын алуға ықпал етуге үндейді.
Қазіргі кезде шартқа қатысушы мемлекеттер құжатты ілгерілету бойынша, атап айтқанда, «ядролы бестіктің» оның маңызды құрамдасы болып табылатын Теріс кепілдемесі туралы хаттамаға қол қоюы бойынша одан әрі де іс-қимыл танытып отыр. Хаттамаға қол қойған әрбір ядролық держава өзіне шартқа қатысушы елдерге ядролық қару қолданбау және оны қолданамын деп қоқан-лоқы жасамау міндеттемесін алады.
– Өткен жылы Вашингтонда өткен жаһандық ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте сіздердің Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар бастамалар, оның ішінде Ядросыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясы туралы бастама көтерді. Ол сондай-ақ Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құруға қолдау білдірді. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін не жасалып жатыр?
– Біздің Президентіміздің аталған бастамасы ядролық қаруға тыйым салу, таратпау саласындағы болашақ күш-жігерлердің басында тұруы тиіс деген түбегейлі сеніміне негізделген. Ядролық қаруды таратпаудың қазіргі режімі қолдауға және нығайтуға тұрарлық дегенімізбен, қолданыстағы Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ) әлемді ядролық қарудан аластау үшін қажетті міндеттемелер мен өкілеттіктер кешенін қамтымайды. Алайда, ол барлық мемлекеттер бірте-бірте ядролық қарудан азат бейбітшілік идеяларына жету жолында шешімділік танытуы тиіс. Жалпыға ортақ ядросыз әлем декларациясы үшін негіз қалай алар еді.
Бізде бұл құжат қандай болуы керектігі жөнінде нақты ұстанымымыз бар. Қазіргі кезде декларацияның біз жасаған алғашқы жобасы сарапшылар арасында кеңінен талқыланып та жатыр. Біз әлемдік қоғамдастықта оң көзқарас танытылып отырған аталған бастаманы ілгерілету бойынша белсенді жұмыс істеу ниетіндеміз.
Ал Таяу Шығысты ядролық қарудан азат аймаққа айналдыру мәселесіне қатысты айтатын болсам, осындай аймақтар қазірдің өзінде Латын Америкасында, Африкада, Тынық мұхиты аймағында және Оңтүстік-Шығыс Азияда бар екенін, олардың 100-ден астам елді біріктіріп отырғанын еске сала кеткім келеді. Осының өзі-ақ тіпті Таяу Шығыс сияқты мазасыз аймақта да мұндай мақсатқа қол жеткізуге болатынын дәлелдемей ме? Біз Таяу Шығыста ядролық қарудан және жаппай қырып-жоятын басқа да қару түрлерінен азат аймақ құру туралы конференция жоспарланғанындай 2012 жылы өтеді деп үміттенеміз. Өз тарапымыздан біз, қарусызданудың жаһандық үдерісіне айтарлықтай үлес қосқан және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалық құқығына кіріскен ел ретінде Таяу Шығыс аймағын құру үдерісіне мүмкіндігінше жәрдем көрсетуге әзірміз.
– Қазақстан декларациялаған ядролық қарудан азат әлем құру мақсаты шындыққа қаншалықты сәйкеседі?
– Қазақстан алдына мақсат етіп қойып отырған ядролық қарусыз әлем құру мақсаты ядролық жарылыстардың барлық қасіретін толықтай басынан өткерген бүкіл Қазақстан халқының жоғары алаңдаушылық деңгейін көрсетеді. Өйткені, АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Үндістан, Пәкстан және КХДР сияқты сегіз ядролық держава арсеналдарында бар деп мәлімделген 20 000 бірлік ядролық қарудан өзге адамзаттың жарқын да қауіпсіз болашақ құруға деген ұмтылысына үлкен қатер төндіретін не бар? Осы қару бірліктерінің көпшілігінің қуаты Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбалардың қуатынан жүздеген есе артық. Шалыс басудан немесе жауыздық ниетінен бір кезде біздің өркениетіміз өмір сүруін тоқтатуы мүмкін.
Бірақ біздің ұмтылысымыз үмітсіздік немесе торығушылық сезімінен туындап отырған жоқ. Керісінше, ядролы елдер «жаһандық нөлге» қол жеткізу үшін көпжақты келіссөздер жүргізуі қажет деген нық сенімге негізделген. Бізге ядролық қарудың таралуы болмай қоймайтын үдеріс, себебі, ядролық қаруды қолданудан бәрібір қашып құтыла алмаймыз деп есептейтіндердің ұстанымдары жат.
Шын мәнінде, Қазақстан және басқа да көптеген елдер насихаттап отырған ядролық қарудан азат әлем құру мақсаты көп уақыттан бері игілікті, бірақ утопиялық деп есептеліп келді. Алайда, жаңа геосаяси өмір шындығы «қырғи-қабақ соғыс» уақытындағы ой қорытудың күні өткенін көрсетті. Бүгінде беделді америкалық саяси қайраткерлер – Сэм Нанн, Генри Киссинджер, Уильям Перри және Джордж Шульцтің бірқатар публицистикалық мақалалары мен мәлімдемелерінде айтылған ядролық қарусыздану идеясын қолдау осы мақсатқа жетуге бағытталған жаңа шамшыл бастамаларға екпін берді. Ресей және АҚШ президенттері Дмитрий Медведев пен Барак Обаманың аталған үдерістерге жаңа серпін қосуға ұмтылыстары да үлкен оптимизм туғызады. Өйткені, әлемдегі аса ірі ядролық державалар өздеріндегі ядролық арсеналдарды қысқарту туралы шартқа қол қоюға ниетті екендіктерін танытып отыр.
«Жаһандық нөлге» өсіп келе жатқан қолдау қазірде әлемдік қоғамдастыққа тамаша мүмкіндік ұсынуда. Бүгінде аталған проблеманы шешуге бірлесіп қадам басудың алғышарттары жасалған. Нақ сондықтан бізде әлемдік қоғамдастықтың жаппай қырып-жоятын қарудың таралуымен күресте өсе түсіп отырған күш-жігерінің арқасында ақыр соңында ядролық қарудан азат әлем құруға әкелетін осы саладағы халықаралық ынтымақтастықтың жаңа парадигмасы ашылатын болады деп ой түюге сенім де, негіз де бар.