Әлем • 22 Мамыр, 2017

Солтүстік Корея тағы да зымыран атты: Қазақстан айыптайды

213 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Корей Халық Демократиялық Республикасының 2017 жылдың 21 мамырында зымыран ұшыруын қатаң айыптайды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов мәлімдеді, деп хабарлады «ҚазАқпарат».

Солтүстік Корея тағы да зымыран атты: Қазақстан айыптайды

«Аталған әрекет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1718 (2006 жылғы), 1874 (2009), 2087 (2013), 2094 (2013) және 2270 (2016) қарарларын өрескел бұзу болып есептеледі. Қазақстан аймақтық, жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіріп, халықаралық қауымдастықтың ядролық қарусыз болашақты қамтамасыз етуге салған күш-жігеріне нұқсан келтіретін жауапсыз әрекеттерге жол бермеу қажеттігін мәлімдейді», деді Жайнақов.

Ол Қазақстанның КХДР-ды тағы да әскери және ядролық бағдарламаларынан бас тартуға, БҰҰ ҚК қарарларын ұстануға және көпжақты келіссөздер процесін қайта жандандыруға шақыратынын атап өтті.

Бұған дейін хабарланғандай, КХДР кезекті зымыран ұшырылымын жүзеге асырды. Солтүстіккореялық зымыран шамамен 500 шақырым ұшып барып, Жапонияның айрықша экономикалық аймағына таяу жерге құлады. Жапониялық және оңтүстіккореялық әскерилердің деректеріне сәйкес, КХДР батысындағы Пукчхан уезі аумағынан ұшырылған зымыран шамамен 500 шақырым ұшып, Жапон теңізіне құлаған.