Мәселе – дұрыс та тиімді коммуникация құра білуде
Биылғы форум қоғам мен биліктің, журналистер мен пиаршылардың, жарнамаға қомақты қаржы құя алатын компаниялар мен БАҚ-тың қарым-қатынасындағы қордаланған мәселелерді тізбектеп берді деуге болады.
Қарап отырсақ, қазіргі БАҚ-тың басын қатырған бір жайт бар. Кей мақаланы өткізуге келгенде журналист редактормен мәмілеге келе алмайды. Өйткені, компаниялардың аты аталған материалдардың астарынан редактор ақша іздейді. Есесіне кейде компаниялар мемлекет үшін маңызды шаралар атқарғанда да оны газетке ақысыз бастыра алмайды. Себебі, әлі күнге дейін журналистика жарнама мен PR-дың бөлек нәрсе екенін біле бермейді. Сол сияқты НR мен GR-дың да жұмысы кәсіпқой тұрғыда жолға қойылмаған.
«Бұл жылы форум тақырыбы аздап қорқыныш шақыратындай көрінуі де мүмкін. Кібісе жыл – PR саласы үшін сынаққа толы, – дейді PG Communications басқарушы серіктесі, PR-шы клубының ортақ құрылтайшы төрайымы Әсел Қарауылова. – Жыл тек күнтізбе бойынша ғана емес, нарық үшін де күрделі болды. PR-бюджеттерді қысқартудан бөлек, PR және дағдарыстарды басқаруда жеткілікті түрде ойластырылмаған жұмыстардың салдарынан біз коммуникациялық «сәтсіздіктердің» легіне куә болдық.
Сонымен, негізгі пленарлық отырыста былтырғы форум мен биылғы форум аралығындағы В2С басқарушы серіктесі Александр Данилов ТОП-10 көрсеткішін жасап, ақпарат айдыны мен әлеуметтік желілерде жұртқа келемеж болған келеңсіз оқиғалардың рейтингі сөз болды. Және мұндай жағдайлардың неге орын алып жатқаны қызу талқыланып, спикерлер тарапынан оған әділ баға берілді.
Александр Даниловтың рейтингі бойынша бұл тізімге – Мәдениет министрінің ойланбай айтқан сөздері, Еуразия 1 каналының кәсіби деңгейі төмен деректерді жариялағаны, «алматылық мерген» туралы сенімді мағлұматтардың болмауы кірді. Рейтингтегі бірінші орынды Жер реформасы туралы жоба бастады.
Мамандардың пікіріне қарағанда, сәтсіздікке ұшыраған ірі жобалардың астарында көп жағдайда дұрыс және тиімді коммуникация құра білмеу жатыр. Және бұл жағдайлардың экономикаға да, саясатқа да қатысы бар.
Үкіметтік емес Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаевтың айтуынша, мұндай коммуникациялық сәтсіздіктер көп жағдайда мемлекеттік аппараттың ішкі ақауларынан туындап отыр. Бұл өз кезегінде ізге түскен бірегей ақпараттық саясатты жүргізуге кедергі келтіруде.
«Стратегия» әлеуметтік саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының президенті Гүлмира Илеуова қандай да бір реформалық саясатты жарияламас бұрын, алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн екенін айтады. Керісінше, бізде бірден белсенді насихат басталады да қарапайым да түсінікті ақпараттар аз. Мекемеаралық, сектораралық коммуникациялық арналарының болмауы реформаларды біржақты жүргізуге алып келеді де, мақсатты аудитория ақпараттардан құралақан қалып қояды.
PR – әлемдегі ең ғажайып әрі құбылып тұратын бизнес
Екінші пленарлық мәжілісте PR саласындағы халықаралық және жергілікті трендтер сөз болды. Ал форумның айтулы қонағы, ICCO президенті Максим Бехар PR-дың ғажайып әрі құбылып тұратын бизнес екендігін айтады.
Отырыста елге инвестиция тарту, жарнама мен PR-дың аражігі, экономиканың барлық саласындағы компаниялардың қызметі мен беделіне қатысты маркетингтік зерттеулер форумға қатысушылардың назарына ұсынылды.
Сондай-ақ, «KAZAKH INVEST» компаниясының маркетинг және коммуникациялар қызметінің басқарушы директоры Сұлушаш Мағзиеваның PR-дың рөліне жасаған саяхаты жиналғандардың қызығушылығын туғызды. Ол өткен жылы PR-ортада және одан тыс та кеңінен танымал болған PR-кейстерді қарастырды. Мәселен, қазір әлемде 320 инвестициялық компания бар. Бұл бәсекелестердің барлығы бірінің аузындағысын бірі тартып жеуге дайын. Мұндай жағдайда не естемек керек?
Сұлушаш Made In India атты PR компаниясының ірі табыстарын мысалға келтірді. Осынау бастама арқылы айналасы бір жылдың ішінде Үндістанға құйылған шетелдік инвестиция бірден 47 пайызға өскен.
Ал «Еуразия медиа-форумы» халықаралық қорының бас директоры Руслан Жемков коммуникациялық саланың нарықтағы қазіргі трендтерін алға тартты. Ең бастысы, диджитал PR мен жарнаманың арасындағы шекараны құртты. Онда мықты ақпараттық ілік тауып, оны жұрттың бәрі оқитындай ету үшін не істеуге болады.
1 тренд – дәстүрлі құралдардың күні бітті, пресс-релиздер өткен күннің еншісінде. Орнына көп арналы коммуникация кіріп келе жатыр. 2 тренд – Big Data, яғни мақсатты аудитория жасақтау үшін бүге-шігесіне дейін мәліметтер жасақтауға көшу керек. Қазақстанда мұнымен айналысып отырған компаниялар да, БАҚ-тар да сирек. 3 тренд – көзқарастардың көшбасшылары қажет. Брендті бір адамның келбетіне ғана беріп қою аз. Компания жетекшілері жұрттың алдына тікелей өздері шығып, әрбір тұтынушысымен байланысқаны жөн. 4 тренд – контент-маркетинг. Тамаша контент құрып қана қоймай, оны тоқтаусыз алға жылжыту қажет. 5 тренд – қазір және тап осы арада. LIVE-видео форматы. Бұл аудиторияны ұлғайтуға да, тартуға да септесе алады.
PR-маман мен журналист достасуға тиісті емес
Ал енді жаңалықтарда қалай жариялатуға болады? Сіздің жаңалығыңыз БАҚ беттерінде ақысыз-ақ шығу үшін не істеу қажет? Бұл жерде компаниялардың аты аталса болды, жарнама бөлімдері ақша сұрайды. Барлық кезде PR-шылардың басын қатырып отырған жағдай осы.
Тәжірибелі бас редакторлар өткізген шеберлік-сабағында vlast.kz бас редакторы Вячеслав Абрамов: «PR-маман мен журналист достасуға тиісті емес. Керісінше, PR-маман кәсибілік және ақпараттың сапасы туралы ойлану керек. Берілетін ақпарат мәтіні өте мамандандырылған болса, оны түсіну редакторға қиынға түседі. Оған қоса, компаниялардың ақпаратты беру форматын өзгертіп, редакциялық саясатқа ықпал жасауы – келешекте компанияның БАҚ-пен қарым-қатынасын одан әрі бүлдіре түсуі мүмкін», дейді.
Informburo.kz порталының бас редакторы Михаил Дорофеев PR-мамандар уақытты аса ұтымды пайдаланбаса, басқа үлкен ресми іс-шара болған жағдайда баспасөз мәлімдемеңіз БАҚ өкілдеріне керек емес болады дейді. Сол сияқты, сенбі-жексенбі күндерін жаңалықтар үшін сәтсіз деп есептеу де дұрыс емес. Керісінше, бұл күндері жарияланған ақпараттарға интернет-ресурстардың лентасына шығуға мүмкіндік көп.
– Жаңалық – бұл тауар. Оны оқырманға сату үшін алдымен журналистке өткізе білу керек. Бұл үшін жаңалықтың көкейкестілігін әділ бағалаған жөн. Егер күйіп тұрған қызық жаңалық болса, БАҚ оны бір тиын алмай да жариялай алады, – дейді «Капитал» баспа үйінің бас директоры Мира Халина.
Бас редакторлар PR-мамандардың қаперіне тағы бір жағдайды салды. Кейде олар журналистердің сауалдарына жауап бере қоймайды, керек кезінде артынан қалмайды. Нәтижесінде қажет жағдайда журналистер де оларға құлақ аса бермейді. Сол сияқты журналистердің компаниялардың шараларына қатысуы – міндетті түрде мақала жариялатады дегенді білдірмейді.
Шығармашылық пен ақша табу түсініктері әлі де қабыспайды
Форумның екінші күні «Мәдени коммуникациялар: бизнестің мәдениеті қоғам ахуалына әсер ете ме? Мәдениет арқылы бедел мен брендті көтеру» атты пленарлық мәжілістен бастау алды. Көтерілген тақырыпқа ARTиШОК театры ұсынған арт-перфоманстар қызықты серпін берді.
Алғашқы пленарлық отырыста әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, ішкі корпоративтік қатынастар мен компания қызметіне ықыласты аудиторияны мәдени және шығармашылық жобаларды қолдау арқылы тапқан қазақстандық кейстер ұсынылды.
Мәселен, Еуропада мәдениет ежелден үлкен индустрия санатында. Еуроодақтың 8,3 миллион азаматы осы саладан нанын тауып жеп отыр.
British Council мәдени және өнер жобаларының жетекшісі Галина Корецкая бізде мәдениет пен ақша табу деген түсінік қабыспайды деп есептейді. Көбінесе мәдениет рухани құндылықтар тұрғысынан ғана қарастырылады. Осыған қарамастан, мәдениеттің адамға салынатын капитал екені сөз болды. Спикердің ойынша, бізге өзіміздің, яғни Қазақстанның мәдени экономикасының моделін дамытудың кезі жетті.
«Сбербанктің» маркетинг пен коммуникацияларды басқару жөніндегі директоры Олегжан Бекетаевтың да мысалдары қызықты. Банктің мәдениетті қолдаудың батыстық үлгілерін көшірмей-ақ, оны осы ортаға бейімделу арқылы жүргізген жұмыстары жергілікті клиенттердің сеніміне ие болуға септескен. Оның ойынша, мәдени жобалардың бәрі бірдей көп қаражатты керек етпейді. Кейде дұрыс бағытталған аздаған инвестицияның өзі үлкен табыс әкеліп, жұрттың назарын аудара алады.
Tengri FM радиосының директоры Мәдина Уморбекова шығармашылық адамдары бір мезетте әрі іскер әрі өнерпаз бола алмайтынын, сондықтан мәдениет саласы бизнес пен мемлекеттің қолдауынсыз жеке-дара дами алмайтынын айтады.
Қатар өткен секцияларда «Жұрттың көз алдында жүрген тұлғалардың имиджін жасау», «Жақсы пиаршы» деген брендтің байрағын көтеремін деп белді үзіп алмаудың жолы қандай?», «Қазақстан мен Ресейде вирустық контентті жасау және оны таратуға арналған технологиялар» тақырыптарындағы шеберлік-сабақтары мен пікірталастар жүрді.
PR-ды қойшы, GR-ды көлеңкеден шығару керек?
Биыл алғаш рет форумда GR – government relations тақырыбы толық ашылып көрсетілді. Пиаршылар үшін психологиялық лайфхактар ұсынылды. Бұл өз брендімен толық интеграцияланғандар үшін аса пайдалы.
Бұл отырыста PR-шы клубының президенті Аида Досаева, Қазақстандағы Еуропа Қайта құру және даму банкінің директоры Агрис Прейманис, «Самұрық-Қазына» АҚ Үкіметпен өзара әрекеттесу жөніндегі басқарушы директоры Нұрлан Ахметов, Үкіметпен байланыс жөніндегі тәуелсіз кеңесші Марғұлан Оспанов ой бөлісті.
Ал Қазақстанда GR қызметі (мемлекеттік билік органдарымен байланыс, нақтырақ айтқанда, компаниялардың мемлекеттік биліктің шешімдеріне ықпал ету мақсатындағы іс-әрекеттері) біздің нарыққа жаһандық компаниялардың келуімен пайда болды. Дегенмен, соңғы 25 жыл ішінде GR коммуникациялар тасада қалып отыр. Бұл қызмет туралы жазып не айтып жатқандарды көрмейсің, дейді спикерлер. Үкіметпен байланыс орнатуда тәуелсіз кеңесші Марғұлан Оспанов «GR-ды көлеңкеден шығару керек», дейді. Оның зерттеуі бойынша, қазақстандық GR-маманының келбеті төмендегідей: ол – жасы 30-40 шамасында, негізінен экономика және қаржы саласында білімі бар, мұнай-газ саласын таңдайтын, мемлекеттік немесе мемлекеттің қатысуымен иеленген компанияларда жұмыс істейтін азамат.
Сонымен қатар, спикер бұл мамандық бойынша жоғары білім беретін арнайы оқу орындарының біздің елімізде жоқ екенін атап өтті. Шет елдерде дәл осы мамандыққа қатысты мықты білімді АҚШ және Ұлыбританияның университеттері береді.
Қысқасы, «Сынаққа толы PR жылы» тақырыбында өткен 13 PR-форум өзінің өзектілігімен ерекшеленді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»,
АЛМАТЫ