Аймақтар • 22 Мамыр, 2017

Бәйдібек ауданында Абердин-Ангус тұқымды сиыр өсірілуде

601 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен Бәйдібек ауданына ақпараттық тур ұйымдастырылды. Журналистер аудандағы әлеуметтік – экономикалық дамуға өзіндік үлес қосып отырған бірқатар мекемелерді аралады.

Бәйдібек ауданында  Абердин-Ангус тұқымды сиыр өсірілуде

Алдымен тілшілер Боралдай ауыл әкімдігіндегі «Абердин-Ангус» тұқымды ірі қара мал шаруашылығына барып, өз қаржысына іс бастаған жеке кәсіпкер Мақсат Назарбаевтың жұмыс жүйесімен таныс болды.

Тарқатып айтар болсақ, «Абердин - Ангус» тұқымды ірі қара мал шаруашылығы 2015 жылы құрылған. Австралиялық Абердин-ангус асыл тұқымды түрінен 90 бас құнажын мен асыл тұқымды үш бұқа сатып алған кәсіпкер  бұл етті сиырлардың жерсінуі қиынға соқпағанын  айтады.  Қазіргі таңда 82 бас асыл тұқымды ірі қарадан 68 бас төл алынып,  ірі қара саны артып келеді. 

«Рас, кейбіреулер сиырларына жылдам салмақ қосу үшін дәрі-дәрмек пайдаланатынын естіп жатамыз, ал Абердин-ангустерге оның қажеті жоқ. Малдың бұл төлі табиғи түрде жылдам салмақ қосу мүмкіндігіне ие. Жергілікті бұқалар күніне 400-500 грамм салмақ қосса, бұлар күніне 1,5-2,5 келі аралығында салмағын ұлғайта алады. Генетикасы жақсы»,-дейді Мақсат Кеңесұлы.

        Абердин-ангус асыл тұқымды сиырларының тағы бір ерекшелігі - бұзаулары анасынан кішкентай болып туылып, тез өседі. Қақаған аяз бен аптап ыстыққа шыдамды, әрі ауруға төзімді болып келеді. Өгізшелерді көбейтіп, елдегі мал басын асылдандыруды басты ұстанымы санайтын фермер 4 адамды жұмыспен қамтып, оларға орташа 80 мың теңге айлық жалақы беріп отыр.  Алдағы уақытта мал басын 2-3 мың басқа жеткізу жоспарында бар. Мұндай жағдайда малшылар саны тағы да артатын болады.

    Шаруашылықтың жер көлемі – 2500 гектарды құрайды. Әрқайсысы 1 тоннадан астам ет беретін асыл тұқымды бұқалар ерекше күтімге алынған. Тіпті жем-шөбіне жұмыртқа мен сәбіз және қырыққабатқа дейін қосып беріледі.

Айта кетейік, жалпы Бәйдібек ауданындағы асыл тұқымды 4 ірі қара мал шаруашылығында 366 бас ірі қара, 3 қой шаруашылығында 5999 бас қой өсірілуде. Алдағы уақытта тағы да 500 бас «Абердин - Ангус» бағытында ірі қара мал сатып алу жоспарланып отыр.