27 Тамыз, 2011

Партиялық бақылау күшейтіледі

305 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Шымкент қаласында “Нұр Отан” ХДП қалалық филиалының жаңа ғима­раты пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатына “Нұр Отан” ХДП Төраға­сының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин қатысып, сөз сөйледі. Ол партияның ел өміріндегі маңызы тура­лы айта келіп, Елбасының тапсыр­маларын қалтқысыз жүзеге асы­руға дайын болу керектігін атап көрсетті. “Нұрсәт” шағын ау­данында ашылған үш қабатты ғима­рат­тың демеушілердің жә­не депутаттардың көме­гі­мен салынға­нын тілге тиек еткен «Нұр Отан» ХДП Шым­кент қала­лық фи­лиалының төр­ағасы Өмірзақ Мелдеханов партия жұмы­сының одан әрі жан­дануына күш салатын­дықта­рын жеткізсе, облыс әкімі, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының төрағасы Асқар Мырзахметов қалалық филиал басшылығына Шымкент қала­сында қолға алынған үлкен жобаларға партия­лық бақылауды күшейту қа­жеттігін шегеледі. Жаңа ғимаратқа енді бұған дейін кеңсені жалға алып келген Абай, Әл-Фараби және Еңбекші аудан­дарының филиалдары орналасатын болады. Бұған дейін хабарланғанындай, осы­дан кейін “Нұр Отан” ХДП Төраға­сының бірінші орынбасары бастаған топ “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” ав­тожолының құрылысын жүргізіп жат­қан жұмысшылардың жағдайымен танысты. Партия сынына іліккен мердігер компаниялар бұл күндері тәртібін түзеп, жұмысшылардың жағдайын жасап, еліміздің заңнамасын сақтауға ден қойған. Қазір мұнда “Нұр Отанның” бақылау бекеті жұмыс істейді. Қазақ­стан үшін стратегиялық маңызы зор «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жоба­сын іске асыру жөніндегі жұмыс үнемі партияның бақылауында. Халықаралық көлік дәлізінің арқа­сында аймақта 600 жаңа жұмыс орындары құрылды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының екі жарым мыңнан астам шақырымы Қазақстан аумағында өтеді. Олардың 448-і Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Бұл жоба жүздеген қазақстандық жұмыс­шыларды жұмыс орындарымен қамтиды. Құрылысшылармен кездесу бары­сында Нұрлан Нығматулин алып құрылыстың уақытында әрі сапалы салынып бітуіне тілектестігін білдірді. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.