Әлем • 23 Мамыр, 2017

Ердоған қайта сайланды

318 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркияның қазіргі билеуші «Әділет және даму» партиясының кезектен тыс үшінші съезі өтті. Партия мүшелерінің дауыс беруі нәтижесінде Түркия пре­зи­денті Режеп Тайип Ердоған партия жетекшілігіне қайта сайланды. 

Ердоған қайта сайланды

2014 жылдың 27 тамызына дейін партияны басқарып келген Режеп Тайип Ердоған сол кездегі президенттік сайлауға байланысты партия басшылығын Ахмет Дәуіт­оғлуға тапсырған еді. А.Дәуітоғлу бұл лауазымда 2016 жылдың көктеміне дейін болып, одан кейін партияның тізгінін елдің үкімет басшысы Биналы Йылдырым ұстады. 

Съезде партия комитеттерінің бас­шы­лығында да ауыс-түйістер болып, саяси ұйым қатарына бірқатар жаңа мүшелер қосылды. 
Осылайша 998 күннен кейін пар­тия бас­шылығына қайта сайланған ел прези­денті өз сөзінде сайлаушылар мен барлық партия мүшелеріне алғыс білдіре келіп, бүгіннен бастап партияның жаңа дәуірге аяқ басатынын айтты: 

«Партия құрылғалы бергі 16 жыл ішінде Түркияның тұрақты дамуы мен одан әрі өсіп-өркендеуінде «Әділет және даму» партиясының әсері орасан болды және алдағы уақытта да партиямыз мемлекетіміздің дамуында өз рөлін арттыра бермек. Әсіресе, соңғы жылдардағы терроризмге қарсы күрес пен елді демократияландыру жолындағы жұмыстар өз нәтижесін беруде», – деген партия басшысы елді әрі  қарай дамыту үшін алдағы уақытта бірқатар реформаның жүргізілуі ықтимал  екенін де айтып қалды.  

Алдымен 2019 жылға дейінгі, одан кейін 2023 жылға дейінгі жұмыс жоспарымен таныстырған Түркия президенті  өз сөзін былай жалғады: 
«Биыл жыл соңына дейін партия үкіметпен бірлесе отырып нақты даму жоспарын дайындайды. Бұл партияның жаңаша бағытта дамуына бет бұратын тарихи жыл болмақ. Бүгінге дейінгі атқа­рылып келген жұмыстарға қарқын бере түсуіміз керек», – деді партия басшысы. Сонымен қатар, ол партияның халықпен жұмыс істеуінің маңызына да тоқталды. 

«Партия мүшелері бір үйдің балаларындай бір мақсат үшін қызмет етіп келеді. Таңдаған бағытымыздың дұрыс екені сөзсіз. Егер партия жұмысына қандай да бір ұсыныс-ескертпелері бар азаматтар болса, біз олардың сөзін тыңдауға әзірміз. Бұл тұрғыда біз келіп жатқан ұсыныстарды қарастырып та жатырмыз. Партияның негізгі ұстанымы – халықты билеу емес, керісінше халыққа қызмет ету», – деп жалғады сөзін Р.Ердоған. 

Сонымен қатар, партия басшысы Түркияның үлкен өзгерістер алдында тұрғанын айта келіп, елдің билік жүйесіне енгізілген өзгерістердің (елдің парламенттік басқарудан президенттік басқаруға өтуі – ред.) дер кезінде жүргізілгенін, 2019 жылға дейін елде ірі экономикалық реформалардың қолға алынатынын мәлімдеді. Соның ішінде 2019 жылға дейінгі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарға қарқын берілетінін айтты. Оның сөзінше, Түркия экономикасын көтеретін негізгі екі сала осы болмақ. 

Бұдан бөлек, Режеп Тайип Ердоған үкіметтің терроризмге қарсы күрес жұмыстарына да тоқталды. 

«Елдің бірлігі мен тыныштығына нұқсан келтіретін топтар мен жекелеген адамдарға қарсы қатаң шаралар қолданылады. Тәуелсіздігімізге қатер төндіретін әрекеттерге елде орын жоқ. Елдің егемендігін қорғауда барша түрік халқы тізе қосып жұмыс істейтінін қас­тан­дық ойлайтын ұйымдар мен топтар ес­терінде сақтасын», – деді  Р.Ердоған. 

Осылайша Түркияда партия билігіне сүйенген президенттік кезең басталып отыр. 

Бауыржан МҰҚАНОВ, 
«Егемен Қазақстан»