23 Мамыр, 2017

Ұстаз тұлғасы

993 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақтың ұлт мектебінің бабасы, білім беру ісінің теңдесі жоқ ұй­ым­дастырушысы, оқытушыларды да, оқушыларды да тұтастай жан-тә­ні­мен, сана-сезімімен білімге, өнер­ге, дүние тануға құлшындырып-қы­­зықтырып, ойын оятып жігер­лен­­діруші, қоғам алдында, ұстаз мәр­те­бесін асқақ та, абыройлы тұлғаға, ел мұғалімі, ұлт тәрбиешісі, халық қыз­меткері дәрежесіне биіктетуші, әділ­ді­гі, шыншылдығы, білімдарлығы, мейір­бандығы, бір-бірімен шебер үй­лесім тапқан Ыбырай Алтынсарин еке­ні әмбеге аян. 

Ұстаз тұлғасы

Осы ұстаздардың ұс­тазы «Халық мектептері үшін ең ке­ректісі – оқытушы; тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият жүргізілетін инспектор бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды» деп жазады. 

«Мұғалім – мектептің шамшырағы» дейтін қағидаға сай ұстаздың телегей білімі болуы, адамгершілік білігі, оқыту әдіс-тәсілдеріне жетіктігі әрі белгілі бір жүйелілікті сақтауы, мысқалдап үйретуі, «қойға шапқан қасқырдай өте қызу кірісуі», «парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан әсер етуі», бос уақыттарында шәкірттерге өте пайдалы, түсінікті, қызықты әңгімелер шертіп, логикалық ойлауын (ұшқырлық, тапқырлық, сыншылдық, дербестік қасиеттерін) жетілдіруі шарт. Сондай-ақ, «балалармен сөйлескенде ашуланбай, жұм­сақ сөйлесуі, шыдамдылық етуі», әше­кейлі сөздерді, орынсыз терминдерді қол­данбау, мемлекет, жер, тіл тағдырын те­рең ұғынуы, сыртқы түр мәдениеті, дауыс мәнері, лебіз үндестігі (бұлар жүрек пен санаға қатысты), әдеби тіл нормаларын сақ­тауы қажет.

Ы.Алтынсарин дәстүрін сабақ­тас­тырған Спандияр Көбеев: «Ұстаз ұс­таз бо­лу үшін ол өзінің алдын көрген шә­кі­рт­теріне өмір бойы өнеге көрсетіп өт­уі аб­зал. Шәкіртін тек қана мектепте көр­мей, үйінде де, көшеде де қыран көзбен кө­ре білуі керек.  Қысқасы, мұғалім оны көз­ден таса етпеуі дұрыс. Бала – гүл, мұ­ғалім – бағбан. Гүл мезгіл-мезгіл суарып тұр­маса солып қалады, күн көзі түспесе ө­спейді, оқушы бала да сол секілді. Оны өз кеудеңнің бұлағымен суарып, өз жа­на­рыңның жарығымен өсіруің керек», – де­генінде ұстаздық ұлы қызметтің мәні ай­рық­ша айшықты айтылған.

Бастауыш және жоғарғы сыныптарда оқытқан Зая Хасенов, Қабікен Шыңғысов, Зейнолла Кәріпжанов тәрізді мұғалімдерім өздері сыпайы, сөздері құрыштай, дауысы әсерлі, түсіндіруі ұғынықты болатын-ды. 8-сыныпта ҚазПИ-ді тәмамдаған академик С.Қирабаев, А.Нұрқатовпен курс­тас Қанапия Исақаев «Көл-Баян деп тол­қиды, Жел-Баян деп соғады, Тау-Баян деп күңіренеді», деп көркемдік мазмұнын сыр-сезіммен мәнерлеп жеткізгені, әр сөз, әр сөйлемнің мағынасын байыптап тү­сіндіргені сөз өнеріне ынтызарлығымды оятты.

Бір заманда жұрт мұғалімді пір тұтты, ізгі ниетті қариялар «Мұғалім бол!» деп бата беретін. Кеңестік кезеңде ауыл мұ­ға­лім­дерінің әлеуметтік жағдайы ой­дағыдай еді. Үй-жайы баршылық, отын-суы, электр қуа­ты тегін. Бұл күнде сол ұс­таздардың күйі, абырой-бе­делі, құр­меттелуі қандай? Ақ­парат құрал­да­рының бірінде: «Бүгінгі күні ең үздік ұстаз – ештеңе сөйлемесе де, бәрін жазып қоятын ұстаз; ең үздік сабақ беруші, ол – қағазда сабақ даярлаушы. Яғни, ең үздік ұстаз, ол өтірікті шындай, ақ­сақты тыңдай етіп қағазға түсіруші. Ба­ланың тағдыры емес, басқарманың тексерісі ойландырады. Ал  бүгінгі мектеп – керексіз қағаздардың мұражайы!!!» – дейтін пікір қылаң берді.
Мұны терістеуге де, қолдауға да болады. Бізде өз ісінің шебері, мейлінше әдепті, жақсы ұстаздар баршылық. Айлығы шайлығына жетпейтіні рас. Баспаналары тағы жоқ. Бірақ ретін тапса, тәуекелдесе тамаша мүмкіндіктер тудыруға болады. Бұған ел келешегін ерекше сергек ойлайтын ерлер керек-ақ! Білімін, ой-өрісін, шеберлігін шыңдауға қағазбастылық, әріпшілдік  шырмап-буып тастаған. 

2013 жылдың қыркүйегінде «Нұр Отан» партиясы астаналық зиялыларды жинап, ақылдасты. Сонда қағазбастылық та, мектептегі оқыту мен мұғалім жайы да айтылды. Алайда, барлығы да сол жерде ұмыт қалды.

2017 жылы Ақордада барлық дең­гей­дегі әкімдердің қатысуымен өткен ке­ңе­й­тілген мәжілісте Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев: «Егер де ұстаз жұмысының үштен бір уақытын қағаз толтыруға жұмсайтын болса, онда қандай сапа туралы айтуға болады? Мұндай ахуал дәрігерлерде де қалыптасқан», − деді.

Мемлекет басшысының көр­сет­кеніндей, тек Білім және ғылым ми­нистрлігінің бір департаментіне ғана өңір­лер есеп-қисаптың 300 түрін толтырады екен. Ал бір облыстың мектептері мен балабақшаларын осы есеп-қисап бойынша дайындау үшін 100 мың құжат қажет екен. Осы жөнсіз қағазбастылық әлі бір мезет тоқтаған жоқ.

Көрнекті педагог Ш.Аманошвили: «Әр бала – керемет рухани күш иесі», деп айтқаны ақиқат. 1924 жылғы «Сананың» 2-3 нөмірлерінде «мұғалімдікті әрбір мұғалім адамшылықтан алынған бір меншікті еншісі деп білу керек» делінген. Иә, мұғалім тұлғасын ізгілік, білгірлік, тереңдік, қайырымдылық, ой-парасат көркейтеді. 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы тұп-тура тәрбие қуатының көзі – халық шырағы ұстаздың тұлғасына және оның ұлттық-рухани құндылықтарына жаңа серпін бермек. Халықтың рухын, жанын, сана-сезімін, абзалдық әліппесін, интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін жас ұрпаққа дарытатын Ұстаз тұғыры жоғары болғай!

Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек
 сіңірген қайраткері