Қаржы • 23 Мамыр, 2017

Қазақстандықтардың қаржысына мемлекет кепілдік береді

159 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев апта сайын «Хабар» агенттігінде эфирге шығып жүрген дәстүрлі «Открытый диалог» жобасы шеңберінде осының алдындағы аптада Қытайдың астанасы Бейжің қаласында өткен «Бір белдеу – бір жол» форумының қорытындылары мен өткен апта ішіндегі басқа да маңызды мәселелерге қатысты өзінің ой-пайымын ортаға салды. 

Қазақстандықтардың қаржысына мемлекет кепілдік береді

Ведомство басшысының пікірінше, бүгінгі таңда Қазақстанның геосаясаттағы рөлі арта түсіп келеді. Бұған айғақ ретінде еліміздің Ұлы Жібек жолын қайта түлету жөніндегі кең ауқымды инфрақұрылымдық жобаға белсенді қатысуын айтуға болады. 

– Қазақстан басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасын жария етті. Президенттің сөзіне қарағанда, жолдарды күретамыр десек, Жібек жолы оның артерияларын кеңейте түседі. Оның үстіне, жоғары сапалы трассалардың Талдықорған мен Орал қалаларын жалғап жатқаны бір мәселе, ал Ляньюньган мен Шанхайдан шы­ғып, Қазақстан аумағы арқылы Еу­ропа мен Ресейді жалғайтын заманауи жолдардың құрылысы басқа мәселе, – деді министр. – Президент қай кезде де теңіз тасымалдарын мысал ретінде кел­тіріп келеді. Олар арзан болғанымен, баяу: Шанхай портынан шыққан тауар Рот­тердамға дейін бір ай жүруі мүмкін. Осы жерде біз тасымал уақытын айтар­лықтай қысқартуға мүмкіндік беретін баламалы нұсқа ұсына аламыз. 

Осының арқасында еліміздің геосаясаттағы рөлі артады және Қазақстан транзиттен айтарлықтай көлемде пайда түсіре алады. Сөйтіп, теңіз портында жұмыс істейтін барлық логистика құрғақ портта да жұмыс істейтін болады. 

Бұрнағы аптада Қазақстан қоғамында кең талқыланған келесі бір мәселе – Әзербайжанның банкротқа ұшыраған Халықаралық банкіне Біртұтас жи­нақ­таушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақтарды аударумен байланысты тәуекелдер болғаны анық. Бұл арада Дәурен Абаев қазақстандықтардың зей­нетақы жинақтары мемлекеттің кепіл­дігінде болатындығына сендіріп, түрлі бағыттағы қауесетке нүкте қой­ған­дай болды. 

– Қазіргі кезде тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал оның нәтижелері жұртшылыққа міндетті түрде жеткізілетін болады. Қазақстанда зейнетақы жинақ­тарына мемлекеттік кепілдеме қарас­тырылған, ал оны ешкім де алып тастаған жоқ, ол тіпті инфляцияны да ескереді. Сондықтан, зейнетақы тиесілі барша азамат оны алатын болады. Бұл жерде ешқандай да күмән болмауы тиіс, – деді ведомство басшысы. 

Әзербайжан үкіметі банктің қарызын төлеу туралы шешім қабылдаған. Сон­дық­тан, БЖЗҚ-ға да, Халықаралық банкке қаржы салған басқа компанияларға да ешқандай қауіп жоқ. 

Банктер арасындағы келесі бір келісім – Халық банкі мен Қазкоммерцбанктің қосылуына қатысты айтқанда, Ақпарат және коммуникациялар министрі нақты нәтижелерге қол жеткізбей тұрып, бұл келісімнің не беретінін дәл болжау қиын екенін атап көрсетті. 
– Банктердің қосылуы – қалыпты үдеріс. Бұл жерде азаматтардың депо­зит­терімізді жоғалтып алмаймыз ба деген алаңдаушылығы басқа әңгіме. Аса маңызды жайтқа назар аударғым ке­леді: Қазкоммерцбанк те, Халық банк те Қазақстан азаматтары салымдарына кепілдік беретін қаржы қорларына қатысушы болып табылады. Сондықтан, алаңдауға еш негіз жоқ, – деп сендірді Дәурен Абаев.