Бизнес • 23 Мамыр, 2017

Тиімділік тетігін табу – табыс кепілі

366 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде еліміздің астық өсіретін бірқатар аймақ­тарында көктемгі егіс мә­реге таяп қалғаны бел­гілі. Ал Ақтөбеге келсек, әзірге бұлай деп айта алмаймыз. Өйткені, өңірде қыстың жай шығуы, ауа райының қолайсыз әрі құбылмалы болуы нау­қанды өз мезгілінде аяқ­тауға мүмкіндік бере қоймады.

Тиімділік тетігін табу – табыс кепілі

Осыған орай ең алдымен ауыл­шаруашылық құры­лымдары сапалы тұқым, ар­зандатылған жанар-жағармай және қажетті техникамен қам­тамасыз етілді. Топырақ құна­рын сақтауға қажетті бас­қа да агротехникалық шаралар толығымен атқарылды. Соңғы кезде кейбір ұсақ ша­руа қожалықтары тыңайт­қыш­тарды пайдалану ісіне салғырт қарай бастағандары да жасырын емес. Биыл мұндай теріс тәжірибенің тамырына балта шабылды. Сонымен бірге, олар өз қолдарындағы бұрынғы ескі техниканы жаңғыртуда да қам-қаракет танытуда. 
Бүгінгі күні болашақ мол өнімге кепіл боларлықтай осын­дай өзекті мәселелердің бәріне де мемлекеттік тұр­ғы­дан қолдау тетіктері енгі­зілген. Мәселе соны тиімді түр­де пайдалана білуде деуге болады. Бұған дейінгі жылдарда облыстың дәнді дақылдар алқаптарына сапасы екінші санаттан төмен, тіпті кей кез­­дерде үшінші санаттағы тұ­қым да себіліп келгенін жоқ­қа шығару қиын. Ал биыл себілетін тұқымның басым бөлігін негізінен жоғары және бірінші санаттағы тұқым қоры құрайды. 

Ақтөбе о бастан республи­ка­мыздағы астық өсіретін өңірлер қатарынан орын алып келеді. Алайда, белгілі бір кезеңде аймақтағы егістік алқаптардың көлемі қысқартылып кеткен жағ­дайлар да болған. Әрине, оның түрлі объективті және субъек­тивті себептері де болған шығар. Алайда, дәл бүгінгі күні бір мәселе айқын. Бұл – өткен 2016 жылмен салыстырғанда биыл облыстағы егістік алқап­тар көлемі 74,2 мың гектарға ұлғайғаны.

Осылайша, биылғы жылы жалпы көлемі 641 мың гектар алқапқа егістік салу жос­парланған. Бұдан алынатын өнім мөлшері қандай бол­мақ? Бұл жөнінде алдын ала болжам жасап, бал ашу қиын, әрине. Соның ішін­де суармалы егіс емес, тәуе­келге негізделген, тіпті керек десеңіз, жаз кездеріндегі жауын-ша­шынға да тәуелділігі бар егістік жағдайында қандай да бір айқын жорамал жасау оңайға түспейді. Әйтсе де қа­зіргі күні агротехникалық ша­ралар ойдағыдай жүргізіл­ген жағдайда 480 мың тонна ас­тық жинауға болатыны жө­нінде есептер жасалған. 

Сөз соңында өңірде бел ортаға тая­ған көктемгі егістің жай-күйіне келсек, астық өсіру­шілер­дің басты назары оны созбай, уақытында аяқ­­тауға ауда­рылған. Бұл істе Қар­ғалы ауда­нының ди­қан­дары көш бастап келеді. 

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы