– Ауа райы қарасып тұр. Қазірдің өзінде ылғал жабу жұмысын жоспардағы 305 мың гектардың орнына 310,8 мың га етіп артығымен орындадық. 85,2 пайыз алқапқа себу алдындағы өңдеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінге дейін көктемгі жер жырту көзделген 9 мың га алқаптың 7,6 мың гектары жыртылды, – дейді Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы бөлімі бастығының міндетін атқарушы Асылболат Кубиев.
Бүгінде облыстың егісті аудандарында көктемгі дала жұмыстары жаппай жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша 52,0 мың га алқапқа майлы дақылдар егілмек, оның 40 мың га алқабы – күнбағыс. Картоп және көкөніс-бақша дақылдарын 9,0 мың га алқапқа отырғызу көзделген. Ал мал азықтық дақылдар 168 мың га алқапты құрайды.
Мамандардың айтуынша, шаруашылықтар тұқыммен толықтай қамтылған. Жаздық дәнді дақылдар тұқымы жоспардағыдан 25 пайызға артық дайындалыпты. Яғни, қажеттілік 19,8 мың тонна болса, нақты дайындалғаны – 24,8 мың тонна.
Көктемгі дала жұмыстарына 4 173 трактор, 4 965 тұқымсепкіш, 793 қопсытқыш және 46 егу кешені қатысуда.
Батыс Қазақстан облысына биылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 12 мың тонна дизель отыны бөлінген екен. Оны жеткізуші оператор – «ҚазМұнайГаз өнімдері» ЖШС. 1 литр дизель отынының бағасы 122 теңгеден жіберілген. Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға «Кең дала» бағдарламасы арқылы 600 млн теңге қарастырылған қаржы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалының аудандық несие серіктестіктері арқылы беріледі.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ