Қазақстан • 23 Мамыр, 2017

«Бизнестегі арулар» бағдарламасы жалғаса береді

210 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің әр шалғайында кәсіпкерлікпен айналы­сып жүрген қыз-ке­лін­­шектер 2015 жылдан бері Еуропа Қайта құру және даму банкі мен Қазақстан Үкіметі қаржыландыратын «Биз­нестегі арулар» бағ­дар­­ламасының көме­гіне сү­йеніп келеді.

«Бизнестегі арулар» бағдарламасы жалғаса береді

Алматыда аталмыш жо­ба­ға қатысты жиын өтті. Әйел кәсіпкерлердің кезек­ті то­­ғысуында осы бағдар­лама­ның нақты нәтижелері сөз болды. Және аталған банк қазақстандық кәсіпкер әйел­­дерді қолдауын жалғас­тыра­тынын мәлімдеп отыр.

Өз кезегінде бүгінге дейін Қазақстан Үкіметі «Бизнестегі арулар» бағдарламасына 8,2 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлген.
Қалай десек те, Орталық Азиядағы алғашқы бағдарлама кәсіпкер аруларға қаржылық құралдар мен бизнестегі ноу-хауды қолжетімді етуді көз­дейді. Дегенмен, бұл баста­маның әйел кәсіпкерлерге берген нақты көмегі қандай? Осы сауалдардың төңірегіндегі конференцияға Ұлттық эконо­мика министрлігі, «Да­му» кәсіпкерлікті дамыту қо­ры» АҚ, әріптес қаржылық институттар және Түркия, Кана­да­дан сарапшылар қатысты. 

Бағдарлама әріптес қар­жылық институттарға несие және не­сиелік тәуекелдерді басқаруды және шағын және орта бизнеспен айналысқанда кепіл­дендіру әдістерін жақ­сарту, тиімділікті баға­лау және есептеу әдіс­терін жақ­сарту, несие менед­жер­лерін ШОБ-пен жұмыс істеуді үйрету секілді техникалық қолдау көрсетеді. Қаржымен қоса ЕҚДБ тікелей шағын және орта бизнеске бәсекелестікті арттыруға бағыт­талған заманауи басқару тәжірибесін және технологиясын енгізуге ноу-хау алуға мүмкіндік береді. 

Бағдарлама іске қосылғалы бері ЕҚДБ 88 кеңес беру жобасын жүзеге асырған. Және ЕҚДБ-дан 4 әріптес-қаржылық институт кәсіпкер аруларды қаржыландыруға 45 миллион АҚШ доллары көлемінде несиеге қол жеткізген. Яғни, БанкЦентрКредит 20 миллион АҚШ долларын, Шинхан Банк Казахстан 5 миллион АҚШ долларын, МФО KMF 10 миллион АҚШ долларын, ФортеБанк Қазақстан 10 миллион АҚШ долларын алған. Оған қоса, әріптес-қар­жы институттарының не­сие менеджерлері мен менедж­менті бағдарлама талаптары, қар­жылық емес қызметтер мен «Бизнес айнасы» атты бизнестің онлайн диагностика құралы туралы арнайы семинарларға қатысқан. Және ЕҚДБ кәсіпкер ару­ларға «Іс-әрекеттегі бас­шы­лық», «Маркетингтегі сан­дық технологиялар», «Қаржы ме­недж­ментінің кілті», «Кә­сіп­керден кәсіпорынға дейін» атты семинарлар ұйым­дас­тырған. Биыл ақпан айында «Қазақстанның кәсіпкер аруларына арналған тәлімгерлік» бағдарламасы іске қосылған. Тәлімгер ретінде Қазақстанда бизнес жүргізуде айтарлықтай тәжірибесі бар 28 жетекші кәсіпкер таңдалынып алынған. Сауалдамаға қатысушылардың 86 пайызы бағдарлама әбден көңілінен шыққанын білдіріп, 76 пайызы тәлімгерлерінің жоғары біліктілігін атап өткен. 

Еуропа Қайта құру жә­не даму банкінің Қазақ­стан­дағы директоры Аг­рис Прей­манистің пікі­ріне қарағанда, қар­жы инсти­тут­та­рының «Биз­нестегі арулар» бағ­дар­ла­ма­сын атқа­руға Қазақ­стан Үкі­метінің қолдауы игі ықпал етуде. 

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан» 

АЛМАТЫ