Аймақтар • 23 Мамыр, 2017

«Келмей жатып қайтыс болған ба?»

143 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1997 жылдың ақпан айының соңында Алматыда Павлодар облысы мәдениеті мен өнерінің фестивалі өткен еді. Делегацияның бір тобы «Әлия» қонақ үйіне тоқтаған болатын.

«Келмей жатып қайтыс болған ба?»

Таңертеңгілік абыр-сабыр. Павлодар облысында туып-өсіп, артында өшпестей із қалдырып, әдеби-мәдени тарихымызда айрықша орын алатын айтулы тұлғалар мәңгілік қоныстанған зираттарға барып, тағзым етіп, гүл шоқтарын қою күн тәртібінде белгіленген іс-шаралардың бірі еді.
Қонақ үйдің кіреберісінде әйелдер газет-журнал, оны-мұны сатып тұратын. Зират басына баратын автобусты күтіп, қолымызда кәрзіңкеде дейсіз бе, жылтырақ сытырлақ қағазға оралған дейсіз бе, гүліміз бар, әлгі сатушы әйелдердің қасында қара көбейтіп, шоғырланып жатқан болатынбыз. Бір-бірімізден «Қай зиратқа барамыз?» деп сұрап қоямыз ара-арасында. Соны құлағы шалып қалған газет сатушы әйелдің бірі «Келмей жатып бір адамдарыңыз қайтыс болған ба?» демесі бар ма?
Ал, керек болса...

«Орысша интервью бермеймін...»

Қара шаңырақ – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында фестивальдің жабылуына арналған іс-шара басталуға жақын. Мұның алдында да фестиваль ауқымындағы іс-ша­ралар Алматының әр тұ­сында болған еді. Бірінде – павлодарлық суретшілердің көрмесі, екінші өнер ошағында – оркестрлердің концерті, үшін­шісінде – жүздесу-кез­де­сулер... Фестивальдің жабылу салтанатына жиналып жат­қан жандардың көбі сол мәдени-әдеби шараларға қатысқан адамдар. Содан алған әсерлері қандай екен? Мақсатымыз осы. Онымен қоса жұртқа танымал өнер саңлақтарының қолға түсе бермейтіні тағы бар. Алматыдан алшақта тұратын журналистердің осындай оңтайлы, орайлы сәтті қалт жібермеуге тырысатыны бар ғой.
Павлодар облыстық телерадиокомпаниясының режиссері Райхан Жолдасова бар, орыс редакциясының редакторы Құралай Баяндина бар, үшеуміз «Кімдерден интервью алсақ екен» деп кірген-шыққан адамдарды көзбен шолып тұрғанбыз. Фестивальден хабар қазақша-орысша дайындалатын болғандықтан, интервью екі тілде болуы керек. Менің жүгім жеңіл. Ал, Құралайға қиындау болып тұр. Бір кезде Сәбит Оразбаев ағамыз кіріп келе жатты. Дуалы сөз айтатын атақты адам. Қос қолдап амандасып, интервью беруін сұрадым. Келісімін берді. Телеоператорды шақырып, микрофонды тексеріп, Құралай сұрақ беруге енді оқтала беріп еді Сәбит аға «Қай тілде?» деді. Мен «Орыс тілінде» дедім. «Жоқ орысша бермеймін» деп Сәбит аға бұрылып жүре берді.
Павлодар облысында өз ұлтымыздың өкілдері қазақ тілінде сөйлеуден ат-тонын ала қашады, ал Алматыда керісінше.

Ғалым ОМАРХАН,
«Егемен Қазақстан»