Азан шақырып қойған аты Ерасыл болғанымен, тарихта Қаракерей Қабанбай батыр, даңқты Дарабоз деген ел қойған ерек аттарымен танылған тұғыры биік тұлғаның туғанына биыл 325 жыл толып отыр. Баба рухына тағзым ету батырдың Талдықорғандағы ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталып, Мәдениет сарайында ғылыми конференция өтті.
Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Аман Төлемісовтің айтуынша, Моңғолиядағы Дүрбін елінде Қабанбай батыр ақылдың кені, пайымы мол парасатты тұлға ретінде сомдалады екен. Моңғол тілінен аударғанда Қабан – бас батыр деген мағына береді. Ерасылға Қабан деген лақап атты дұшпандары қойған екен деген де сөз бар. 1758 жылы Абылай хан қазақ-қытай арасында келісіммен басталған сауда-саттыққа Қабанбай батырды би лауазымына тағайындапты. Тізбелей берсек тарихи деректер жетіп артылады. Сарыарқада дүниеге келіп 78 жасында бақилық болған Қабанбай батырдың мәйіті Есіл мен Нұра өзендерінің арасында жатқанын да тарихшылар растап отыр.
Талдықорғанда ғылыми конференция өтіп жатқанда Америка, Ресей, Түркия және Еуропа мен Азияның бірқатар елдерінде де игі шара жалғасып жатқандығы туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері, Қабанбай батырдың ұрпағы, академик, генерал Мақсұт Нұриманов Біріккен Араб Әмірлігінен жеделхат жолдағанын ерекше атап өткен дұрыс.
Түйіндеп айтқанда, қандай да бір идеяны айту бар да, оны іс-жүзіне асыру тағы бар емес пе?! Бұл ретте ел ағасы атанып, игі шараға ұйытқы болған Сейдахмет Шүрегеев, Камал Абдрахманов, Аманғазы Шегіров, Оралбек Жақияновқа ел разы.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
ТАЛДЫҚОРҒАН