Алғашқы қадамын 1997 жылы Берлин қаласынан бастаған халықаралық жоба Алматыда тұңғыш рет 2006 жылы Орталық музейде белгілі зерттеуші Нұрсан Әлімбайдың ұйытқы болуымен ұйымдастырылған болатын. Содан бері үздіксіз өтіп келе жатқан мәдени шараға халықтың қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Тарихи-мәдени мұраны насихаттауға арналған шарада көрермен назарына музей қорынан және жеке коллекциялардан жаңа көрмелер ұсынылып, мәдени-рухани диалог жасауға даңғыл жол ашылды. Ұйымдастырушылар сахналық қойылымдар мен тарихи кейіпкерлердің образында көрме залдарымен таныстырды. Андронов мәдениетінің әйел адамы мен сақ ханшайымы Томирис Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық тарихымен таныстырса, тарихи этнография залында қазақ батырлары қылыштасу өнерін көрсетті.
Музей директорының музейлік менеджмент және маркетинг жөніндегі орынбасары Бибігүл ДАНДЫҒАРАЕВА: «Музей түні» – шығармашыл адамдармен серіктесу алаңы. Алматы қаласындағы ұлттық мәдени және білім беру орталықтары, өнер, мәдениет және ғылым қайраткерлері, шығармашылық студиялар мен қоғамдық қорлар, бизнес-құрылымдар жыл сайын «Музей түні» шарасына белсене қатысып келеді. Бұл күні музей ұлты, жасы, діни көзқарастары мен қызығушылықтары әртүрлі жандардың бас қосып, пікір алмасуына жағдай жасайтын алаңға айналды», деді.
Сондай-ақ, Алматы қаласының қазіргі заманғы суретші-мүсіншілері мен бірегей авторлық жұмыстардың «Мүсін мәдениеті» көрмесі, швед суретшісі Туве Крабоның «Қылмыс орындары: Алғашқы найзағай» көрмесі ұсынылды. «Positive life Studio», «Tesla art laboratory» компаниялары ұсынған проекторлық, пиксельді, жарықдиодты картиналар; Швециялық қонақтардың құттықтауы – Перфоманс «Каспий теңізіндегі Викинг-
тер» және «Baidaralin Studio» ұсынған қазақ садақшылары; «Tribal Pro», «Dance Studio», «Cuban Mix» ұсынған би шоуы; «Империал», «Сейшн» шоу-балеті; «Алматы Барабандары» шоуы; «Fire Sunset» компаниясының от шашуы, «Big bubble» компаниясынан сабынды көпіршіктер шоуы; «Лимпопо» компаниясынан ғылыми шоуы; ағаш аяқты өнерпаздар мен сиқыршы Михаил Гутторов және «Город сказки» компаниясының VR-көзілдірік, сондай-ақ, тарихи образдардағы «Жанды мүсіндер» музей түніне мерекелік салтанат сыйлады.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ