Ғасыр көшінен қалмай, терезесі тең дәрежеде дамыған елдің тұрмысы жақсы, өмірі бақуатты болатынын көріп те, естіп те жүрміз. Біздің осыған дейін де талмай айтып, жұртшылық көкейіне сіңіріп келе жатқан «бәсекеге қабілеттілік» туралы ұстанымдарымыз Президентіміздің жаңа еңбегінде өмірлік қағида, негізгі тұғырнама деңгейінде бағалануы тегін емес. Яғни, тек материалдық өнім шамасы ғана емес, «білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары», адамдардың бәсекелік қабілетімен айқындалатыны талассыз шындық. Әлбетте, тәуелсіздікке қол жеткізген ширек ғасыр бедерінде бұған қажетті алғышарттар жасалды. Бұған дейін түзілген «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы.
Елбасының мақаласын оқып отырып, ақыл-ой еңбегі адамдарына айқын нұсқалған: «...біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс», деген қағида ерекше назар аударарлық. Бұл саяси және экономикалық жаңғырулардың өзегі болып табылатын рухани жаңғыру, қанымызға сіңген дағдылар мен қағидаларды өзгерте отырып, толыққанды бетбұрыс жасау деген сөз. Жастарымыз орынсыз сән-салтанатшыл емес, ұстамды, қанағатшыл, қарапайым, үнемшіл болып өссе, ел ертеңнің лайықты ізбасарлары болып қалыптасары анық. Көреген ұстаз нақты мақсатқа жету жолында, сапалы білім беруге, саламатты өмір салтын өзі ұстанып, кәсіби тұрғыдан жетіліп отырса, ішкі мүмкіндігін тиімді пайдалана білсе, мінез-құлық прагматизмі деген осы.
«Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді», дейді Елбасымыз. Ол үшін ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейте және ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, салт-дәстүрлерімізді, тіліміз бен музыкамызды, әдебиетімізді, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымызды бойымызда мәңгі сақтауға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің биік шоқтығы екенін бүгінгі жас ұрпақ біліп өскені жөн.
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Солтүстік Қазақстан облысы