Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун «қауіпсіз әлем үшін» Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты (ЯСЖТШ) ратификациялауға шақырды.
Өзінің үндеуінде Пан Ги Мун былай деді: Осы жылы Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнін атап өте отырып, біз Қазақстандағы Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 20 жылдығын да атап өтудеміз. «Қырғи-қабақ соғыс» уақытында жүздеген ядролық сынақтар жергілікті тұрғындар мен қоршаған ортаға үлкен зардап әкелді. Адамзат тарихындағы осы қанқұйлы әрекет жүзеге асырылған жер – полигонда болған адам ретінде мен ядролық сынақтар салдарларымен күресті жалғастырып келе жатқан Қазақстан Үкіметі мен халқын қолдағым келеді және бұл күш-жігерді жоғары бағалаймын.
Бізге ядролық сынақтардан, сондай-ақ ядролық қарудан азат әлем құру жолында одан арғы прогрестің өмірлік маңызы зор. Ядролық сынақтарды жүргізуге өз еркіңмен мораторий жариялаудың да маңызы айтарлықтай, бірақ ол жаһандық тыйым салуды алмастыра алмайды. Міне, дәл сондықтан да Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың мүмкіндігінше жедел күшіне енуінің маңызы зор. Өйткені, ол ядролық қарусыздану мен таратпаудың халықаралық режімінің шешуші құрамдасы болып табылады және әлемдегі барлық мемлекеттердің белсенді қолдауын қажетсінеді.
ЯСЖТШ-ның күшіне енуінің зор маңызы бар екені 2010 жылы өткен, қорытындысы бойынша іс-қимыл жоспары қабылданған Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ) міндеттемелерін орындау жөніндегі Шолу конференциясында тағы да қуатталған болатын. ЯҚТШ режімін тексеру халықаралық ынтымақтастықтың құнды құралы болды. Мен оның әрі қарай да тәуелсіз, сенімді және экономикалық тиімді, сәйкесінше Шарт ережелерін сақтамаушылықтың кез келген түрінің алдын алуды қамтамасыз етуге қабілетті тексеру жүргізе алатынына толықтай сенімдімін.
Сондықтан мен ЯСЖТШ-ға қол қоймаған немесе оны ратификацияламаған әлемнің барлық мемлекеттерін мұны бірінші кезекте жасауға шақырамын. Аталған мақсатқа қол жеткізу ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы бүгінгі күш-жігерді нығайта түсуге мүмкіндік беретін болады.