2017 жылдың аяғына дейін қалада макулатура жинауға арналған арнайы жәшіктер қою жоспарланған.
2012 жылдан бері Астанада қоқысты қайта өңдейтін кешен жұмыс істейді. Онда сұрыпталып, елордадан жиналған қоқыстар өңделеді. Қазір зауытта қалдықты қабылдау көлемі тәулігіне 700 тоннаны құрайды. Қайта өңдеу тереңдігі - 8%. Ал қалған 92% полигонға көмуге апарылады. Ондай қоқыстар Астана-Павлодар тасжолының алтыншы шақырымында орналасқан қалдықтарды көмуге арналған жалғыз арнайы рұқсат етілген орынға шығарылады.
Астана аумағынан қоқыстарды шығаруға қоқыс тазалайтын мекемелердің мамандандырылған 70-тен астам техникасы жұмылдырылған. Коммуналдық қалдықтардың жиналу нормасы абаттандырылған сектордың бір тұрғынына 2,16 м³ ҚТҚ (қатты тұрмыстық қалдықтар) жылына және жеке сектор тұрғынына - 2,3 м³ құрайды. Ай сайынғы қоқысты шығару тарифі адам басына 260 теңге.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Астана қаласының әкімдігі «PricewaterhouseCoopers» халықаралық консалтингтік компаниямен бірлесіп, елордада қалдықтарды басқару бойынша бағдарлама жобасын жасады. Бағдарламада «жасыл энергия» өндіретін қалдықтарды қайта өңдеу бойынша инновациялық технология енгізу қарастырылады және органикалық қалдықтарды метанизациялау бойынша технология орнату арқылы биогаз алу және қалдықтарды өңдеу тереңдігін 2019-2020 жылдары 75%-ға жеткізу көзделген. Қалған 25 пайыз ҚТҚ (күл, құм, т.б.) полигонда көміледі.